Бас тақырыпЖаңалықтар

Жебе ұшындағы жігер

Қазақ баласы садақты ешқашан құр ермек үшін ұстамаған. Керме иінін иіп, кірісін шірей тартқанда, көзі нысанада болғанымен, көңілі одан әрідегі асқақ мұратқа қадалған. Садақтың серпіні – білекке, жебенің бағыты – көзге, ал, оқты діттеген жерге дәл тигізу – сабыр мен сұңғылалыққа сын. Сан ғасыр өтсе де, қанға сіңген бұл мергендік машық ұмыт қалған жоқ. Көнеден жеткен бекзат өнер бүгінде ұлттық спорттың ажарын ашып, жас ұрпақтың бойына еп пен ерік, төзім мен тегеурін дарытып келеді.Осы ұлттық рухты бойына сіңірген жас қарагөз мергендердің бірі – Адиля Айтмағанбетова.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Адиляның қолына садақ ұстағанына биыл тура алты жыл толыпты. Осы аралықта балаң қызығушылық байыпты мақсатқа, алғашқы талпыныс табанды еңбекке ұласты. Бүгінде жас спортшының қоржынында мектеп, қала, облыс және республика көлеміндегі жарыстардан олжалаған жүлдесі жетерлік.

Тек биылғы маусымның өзінде мерген қыз облыс чемпионатында «Жамбы» нысанасы бойынша 20 метрден оқ атып, I орынды иеленді. Орта Азия чемпионатында да мергендігін танытып, тағы бір алтынды қанжығасына байлады. Сөйтіп, өз санатында облыстың абсолютті чемпионы атанды. Адиля аймақтық бәсекемен ғана шектелген жоқ. Қазақстан Республикасы кубогында «Жамбы» нысанасы бойынша 20 метр қашықтықта күміс жүлдеге қол жеткізсе, балалар арасындағы ел біріншілігінде осы сайыстан қола медаль қанжығалады. Жүлделер легін тізбей беруге болар еді. Десе де, жас спортшының түпкі жеңісі төккен тері мен қайсар мінезінде жатыр.

Бала күнінен бойында тынымсыз қуат болған Адиля спорттың бірнеше түрін байқап көріпті. Таэквондо мен дзюдоға барған. Жеңіл атлетикамен төрт жыл айналысқан. Волейболға да ден қойған кезі бар. Бірақ, ешқайсысы көңіл құбыласына айнала қоймапты.

Бесінші сыныпта оқып жүргенде, балалық қиял оның тағдырына жол сілтейді. Белгілі мультфильмдегі садағын асынып, тұлпарын тебініп жүретін қайсар Меридаға еліктеген кішкентай қыздың жүрегіне осы бір көне өнер бірден қона кетеді. Садақты алғаш қолға алған сәттен-ақ ол мерген болуға асыққан-ды. Алайда, адырнасын кергеннің бәрі мерген болмайтыны кәдік. Оны алғаш жаттығу залына кішкентай қыз болып келген күнінен білетін бапкері Надежда Кефер шәкіртінің бойындағы оңды өзгерісті жақсы аңғарады.

– Алғашқы кезде Адиля нәти-жені тым тез күтетін. Бала ғой, бүгін жаттықса, ертең жеңімпаз болғысы келеді. Ойындағыдай болмай қал-са, көңілі түсіп, кейде жаттығуды жіберіп алатын кездері де болды. Бірақ, бірте-бірте садақтың сырын түсінді. Бұл спорт асығыстықты жақтырмайды. Мұнда күштің өзі жеткіліксіз. Денеңді ғана емес, ойыңды да билей білуің керек. Қазір ол қиындық кездессе айналып өтпейді, қайта оны қалай еңсеруге болатынын ізденетін күйге жетті, – дейді сыралғы бапкері.

Дәстүрлі садақ ату сырт көзге тым-тырыс көрінуі мүмкін. Жүгіріс жоқ, жұлқысқан тартыс жоқ. Спортшы орнында тұр, нысана да тапжылмайды. Әйтсе де, сол байыптылықтың астарында үлкен арпалыс жатыр.

Аяқтың тұрысы, иықтың қалпы, кірісті тартқан саусақ, тіпті, демді ішке алу мен шығару – бәрі бір-бірімен жымдаспаса, бір мысқал ауытқу жебенің жолын бұрып жібереді. Ең қиыны – өзіңді өзің меңгеру. Кешегі мүлт кеткен оқты көңілге алсаң, келесі жебең де қиыс кетеді. Алдыңғы дәлдіктің буына масайрасаң, тағы да жаңыласың.

Қазақтың бағзыдан жеткен сайыстары тек білек сынастыру үшін тумаған. Бәйге баланы атқа құмартқызса, күрес қайратқа жүгіндірген. Асық есеп пен епті ұштастырса, садақ көздің көрегендігін, қолдың дәлдігін, көңілдің сабырын шыңдаған.

– Біз әрбір еншілеген ұпай мен атылған жебенің жөнін егжей-тегжейлі сараптаймыз. Неге дәл тиді, неліктен ауытқыды – бәрін саралаймыз. Бұл әдет Адиляны спортшы ретінде ғана емес, тұлға ретінде де шыңдайды. Жаттығуда көзге жас келетін ауыр сәттер де болды һәм бола береді. Әйтсе де, Адиляның ең жақсы қасиеті – құлаған жерінен қайта тұра біледі, – дейді бапкері.

Бүгінде осы көне мұра заманауи спортпен иық теңестіріп келеді. Садақты қолына алып, арғы-бергі тарихтың арасын жалғап жүрген Адиля секілді жас буынның өсіп келе жатқаны қуантады. Жасы небәрі 15-те болса да, облыс пен республика көлеміндегі осындай орасан жетістіктерді бағындырып үлгерген мерген қызды алда әлі талай дүбірлі додалар күтіп тұр.

Медаль мойынға тағылар. Жеңістің буы да бір күні басылар. Ал, жаттығуда шыңдалған мінез – адаммен мәңгі бірге қалмақ. Кірісі керілген садақтан сусып шыққан жебе кері қайтпайды. Ол тек алға ұшады. Адиляның да беталысы – тек алға!

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button