Арқа жусанын әлемге танытқан академик
Академик Серғазы Әдекеновті көптен бері, тіпті, бала күнінен толғандырып жүрген толғақты мәселелердің бірлі-жарымы ғана шешімін тапты демесеңіз, көбінің шегіне әлі жеткен жоқ. Өзінің жаны қалаған ғылыми жұмысымен жарты ғасырдан астам уақыт жүйелі түрде шұғылданып келеді. Таңдаған саласы – табиғи қосылыстар химиясы. Фитохимияның ғылыми теориясын өндіріспен сабақтастырған ғалымның әрбір ғылыми жобасының артында әлеуметтік мәселе бой көтереді. Ондай сәттерде ғалым Серғазы Мыңжасарұлы күрескерлік рухын шыңдап, қайраткерге айналып шыға келеді.
Академиктің асыл мұраты – туған халқының игілігі. Депутаттық мінберде де, ғылыми зертханада да көтеретін мәселе, зерделейтін зерттеуі – халық денсаулығы. Тура бүгін жетпіс дейтін жотаға сергек көтерілген ғалым-қай-раткердің жанын жай таптырмай жүрген мәселе көп.
Еліміздің экологиялық ахуалы. Аяулы анасының беймезгіл қазасы. «Қатерлі ісік» атанған обырдың озбыр қаһары. Жаралы жүрек, қаралы статистика. Қатерлі ісіктің «жасарып» бара жатқаны да ойландырмай қоймайды. Не керек, алты құрлыққа танылған атағы жер жарып, ғылымдағы жетістігін жердің өзі әрең көтеріп тұрса да, Әдекенов әлемінің ізденісі іркілген жоқ.

Алғыс жетелеген «Арглабин»
Академик Серғазы Мыңжасарұлының кабинеті. Атшаптырым болмаса да, еркін тыныстап, алаңсыз жұмыс істеуге қолайлы-ақ кабинет. Бұл кабинетте академик Әдекеновтің небір өміршең идеялары дүниеге келіп, дәл осы жерде талай-талай арман-мақсаты қанаттанып, ғылым кеңістігіне қадам басқан. «Инемен құдық қазғандай» небір мехнатты жобалар осы жерден бастау алып, қанша ғылыми зерттеулердің теориялық тұжырымдамалары осы столдың басында жасалған.
Бүгін де тау-тау қағаздың астында отыр. Туған күн, мерейлі 70 жастың қуанышы ойынан шығып та кеткен, шамасы. «Фитохимия ғылыми-өндірістік орталығы» акционерлік қоғамының ғалымдары дайындаған ғылыми жобаларға сараптама жасап жатыр. Бұл жобалар министрлік тарапынан мақұлданып, өндіріске жолдама алса – әріптестерінің жеңісі осы. Мекеменің қаржылық қуаты да – осы жобалардың жонында. Ол да түк емес, егер жаңа зерттеулері «Арглабиннен» белсенді болып шықса, әлем елдерін әбігерге салған қатерлі ісіктің аптығы мүлде басылар еді.
Телефон қоңыраулатып қоя берсін. Желінің арғы басынан хатшы қыз:
– Серғазы Мыңжасарұлы, Сізге бір ақсақал келіп тұр. «Көп уақытын алмаймын» дейді. Қабылдай аласыз ба? – деді.
– Кіргізіңіз. Қарт адам болса, қабылдауға міндеттімін! – деді, алдындағы қағаздарын үстелдің бір шетіне қарай ысырып. Қабылдауға келген қарияны қарсы алмаққа орнынан тұрып, есікке қарай беттеді.
Таяққа сүйенген тарамыс қария да дауыстай амандасып, табалдырықтан бері аттады:
– Ассалаумағалейкүм!
– Уағалейкүмассалам, ақсақал! Төрлетіңіз!
Жүзіне байыппен назар аударып еді, мүлде бейтаныс қарт болып шықты. Мәжіліс үстелінің төргі жағына қарияны жайғастырып, өзі қарсы отырды да, әңгімеге ықтияр пейіл танытты. Ақсақал да бірден сөз бастады:
– Серғазы шырағым, әкең Мыңжасар марқұмды жақсы білуші едім. Елге жанашыр, пейілі кең, ниеті ақ, азаматтың асылы еді жарықтық. Өзіңнің де атыңа сырттай қанықпын. Мыңкеңнің баласы болса, тостырып қоймай, қабылдар деп, телефон да соқпай, бірден келдім. Мені мынау жаман ауру деген айықпас дерт айналдырғалы 4-5 жылдың мұғдары болып қалды. Дәрігерлер де «Әбден өткізіп алған екенсіз. Дегенмен, үмітіңізді үзбеңіз, мына дәріні алып, ішіп көріңіз» деп, «Арглабин» деген дәрі жазып берген. Бір жылдан бері соны ішіп, құлан-таза айықпасам да, әжептәуір түзеліп қалдым. Жақында қайтадан анализ тапсырғанмын. Дәрігерлер де қуанып қалды. «Мүлде айығып кетпесеңіз де, дертіңіз тежелген екен», – деп жатыр байғұстар. Сол дәрінің жөнін сұрап едім, дәрігерлер бұл «Арглабиннің» өзіміздің Қарқаралының тықыр жусанынан жасалғанын және оны жасаған мына өзің екенін айтты. Айналайын, содан өзіңе келіп, қолыңды қысып, ағалық пейілмен алғысымды айтайын деп келдім, қарғам. Жалғанның жарық сәулесін жанарымнан тайдырмай, ғұмырымды ұзартқан «Арглабинің» үшін мың алғыс! Көсегең көгерсін, абыройың асқақтап, мәртебең өссін, айналдым! – деп, ақсақал жанарына үйірілген жасты бет орамалымен сүртті.
– Алла қуат берсін, ақсақал! Дәрігерлер де, біз шығарған «Арглабин» де – ажалсызға себепші ғой. Алланың Сізге деген ықыласы ерекше болып тұр екен. Ұзағынан сүйіндірсін! Ауырмаңыз, аға!
– Жоқ, олай деме, Серғазы айналайын. Мен бір жылдан бері бұл «Арглабиніңді» әбден зерттедім. Бірнеше шетелде, тіпті, анау азуын айға білеген Америкаң да сенің «Арглабиніңнен» артық дәрі шығара алмай отыр екен. Біздің жусан дәріге бәрі мұқтаж болып отыр дейді. Бұл – өзің секілді текті әкеден туып, ғалым әкеден тәлім алған қазақ ғалымының жеңісі, қарағым! Мың бол, айналайын! Менің шаруам – осы. Ал, кеттім. Өзіңе арнайы Қарқаралыдан келдім. Қазір елге қайтамын, – деді де, Серғазының қолын ерекше құрметпен қысып, есікке беттеді.
…Ақсақалды шығарып салған соң, академик Әдекенов терең ойға шомды. Ойына бала күнінде әкесімен бірге жер шолуға шыққандағы сәттер оралды. Әкесі марқұм кандидаттық диссертациясын жазып жүріп, мал азығының рационын зерделеу үшін дала шөбінің құнарын бақылауға шығатын еді ғой. Ондай сапарларында тұңғышы Серғазыны жанынан қалдырмайтын.
…Көлік бұлардан едәуір қашықта қалып қоятын да, әкелі-балалы жиһанкез күннің ыстығына, өздерінің шөлдегендеріне қарамай, адыр-адырды аралап кететін еді. Мыңжасар аға тамырынан ажыратып алған бір уыс жусанды иіскеп тұрып:
– Пах, шіркін! Кешегі Мысырды билеген Сұлтан Бейбарыс бабамыздың туған елге деген сағынышын маздатып, Атамекенге деген құмарын қоздатқан жусан ғой – бұл. Балам, жусанның бұл түрін «Тықыр жусан» дейді. Қой жесе – қоңды болады. Жылқы жарықтық жусанға жусаса, сүтінің құнары артады. Қойдың еті, жылқының сүті арқылы адам ағзасына мыңдаған дәрумен болып сіңетін қасиеті бар, – деп, қолындағы жусанды Серғазыға ұстата берді. Бала да елең ете қалған. Құшырлана иіскеп, құмарлана қызықтады. Жүйелі жалғасқан әке әңгімесін де мейірлене тыңдайды.
– Жердің бетіндегі шөптің түрлері арқылы сол жер қойнауындағы қазба байлықтарын да болжауға болады екен. Дала данышпаны, ғасыр ғұламасы Қаныш Сәтбаев та көптеген кен орындарын сол төңіректе өсетін өсімдіктер арқылы анықтаған деседі, – деп жалғады әңгімесін Мыңжасар аға.
…Әке әпсанасын мұқият тыңдағаны болмаса, Серғазының аңсары – тықыр жусанда. Қайта-қайта иіскеп, жусанның жұпар иісіне құмары қанар емес. Бірақ, ол дәл осы сәтте жусанның қасиетін сезінгенімен, оның болашақта Әдекенов есімін бүкіл әлемге паш ететін, жолын ашып, бағын үстем ететін жусан екенін сезген жоқ еді. Сол күннен, сол сәттен бастап, Серғазының есінен сол тықыр жусан бір сәтке де шықпады. Жұпар иісі танауынан кетер емес.
Қазір де кабинеті жусан аңқып қоя берді. Әлде, бұл құдіретті жусанның жұпар иісі жаңағы ақсақалмен ілесе келді ме екен?!
Ұстаздар ұлағаты
Алғыс айта келген қарияның әңгімесінен кейін жұмысқа зауқы соқпады. Ой құшағында отыр. Әкенің ұлағаты. Ананың мейірімі. Ұстаздар ұлағаты. Студенттік шағы. Ғылымның қия жолындағы ізденісі. Еңбекпен келген абырой. Жігермен жеткен жетістік. Алпауыт елдердің онколог-ғалымдары көрсеткен құрмет.
Бүгінгі 70 жастың желкенін керген шағында осы уақытқа дейін төгілген маңдай тері, көрген қызық, тартқан азабы, ғылым жолындағы көз майы, шыққан биігі, абырой асуы, бәрі-бәрі көз алдында көлбең қағып, көңілін қанағат сезіміне бөлейді. Арқасынан әкесі Мыңжасар қағып, маңдайынан анасы Жаңыл емірене иіскеп тұрғандай… Екеуі де ұлдарының адал еңбекпен бағындырған абыройына риза кейіпте мерейленіп тұр.
…Есік қағылды.
– Кіре беріңіз, – деді ойының бөлініп кеткеніне өкінгендей самарқау ғана.
Хатшы қыз:
– Серғазы Мыңжасарұлы, Сізге хаттар келіпті, қабыл алыңыз, – деді биязы ғана.
Бірнеше хатты қолына алып, конверттерін бір-бірлеп аша бастады. Құттықтаулар, алғыс, ыстық ықылас, ақ пейіл арқалай жеткен хаттар екен. Бірнешеуі – шетелден. Мына бір хат:
«Қадірлі Серғазы Мыңжасарұлы! Жетпіс жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз – отандық химия ғылымының негізін қалаушы, Қарағандыны қазақ химия ғылымының орталығына айналдырған ғұлама ғалым Ебіней Бөкетов пен Орталық Қазақстанда табиғи қосылыстар бойынша ғылыми мектеп қалыптастырған дарынды ғалым Марат Мұхаметжановтың шәкірті ретінде дәрілік өсімдіктер химиясын ұядай зертханадан ұлттық орталық дәрежесіне көтерген дарынды ғалым, қажырлы қайраткерсіз», – деп басталыпты. Мақтауды жаны қаламаса да, ұлы ұстаздарының есімі аталған хатты оқып, әжептәуір мағмұрланып қалды. Тағы да көз алдына, көңіл көкжиегіне өткен өмірдің өрнекті сәттері, сағыныш отын маздатар шуақты күндер көтеріле қалғаны.
…Мектепті «Алтын медальмен» бітіріп, Қарағанды Мемлекеттік университетінің химия факультетіне сынақ тапсырып жатыр. Кең аудитория. Химия пәнінен сынақ алушы – фитохимияның тұтас бір ғылыми бағытында елеулі із қалдырған белгілі ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Марат Нығметжанұлы Мұхаметжанов. Талапкер Әдекеновтің жауаптарына риза болып, оның алғырлығын аңғарып қалса керек, қыркүйек айында сабақ басталысымен, оны табиғи қосылыстар химиясының зертханасына жиі шақыратын болды. Зертханада жасалып жатқан тәжірибелер мен зерттеулердің мән-маңызын түсіндіріп, талапты шәкіртті бірден ғылымға баулыды. Сөйтіп, Серғазының дәрілік өсімдіктер химиясы бағытындағы алғашқы қадамы бірінші курста-ақ басталып еді ғой.
Университет ректоры, академик Ебіней Бөкетовтің де болашақ академиктің талабына деген ықыласы ерекше болды. Мыңдаған студенттің арасынан Серғазыны жеке қабылдап, ғылыми жұмыстарына қатысты бағыт-бағдар беріп отыратын еді ғой жарықтық. Университетті «Лениндік шәкіртақымен» оқып, қоғамдық жұмысқа да белсене қатысып жүрген, санаулы күнде оқу орнын «Қызыл дипломмен» бітіріп, бірден аспирантураға барамын деп жүрген райынан қайтарған да сол Бөкетов еді.
Соңғы курс. Университеттің тұңғыш ректоры, академик Ебіней Арыстанұлы қабылдады. Болашағынан зор үміт күттіретін таңдаулы шәкіртінің алдағы күнге межелеп қойған жоспарын біліп қалған секілді. Мәселеге төтесінен түсіп:
– Байқаймын, Серғазы, сен аспирант болуға асығатын секілдісің ғой. Асықпағаның абзал. Мен сенің жолыңа бөгет болғалы тұрған жоқпын. Дұрыс түсін. Тура қазір саған өзіміздің химия-металлургия ғылыми-зерттеу институтының зертханасында лаборант болып тер төккен дұрыс болады-ау. Сенің бес жылғы алған теориялық білімің барынша жеткілікті. Үздік оқыдың. Ғылымға деген қабілетіңе де шәк келтірмеймін. Енді осы теориялық білімді практикамен ұштастыруың керек. Егер, осылай істесең, болашақта айналысар ғылымның барлық қыры мен сырын жетік меңгеріп шыққан болар едің. Одан кейін мен немесе басқа бір оқытушы сенің диссертацияңа тақырып іздеп әуре де болмайтын едік. Ол тақырыпты сен өзің тауып, өзің таңдап шығасың. Сен ғылымға бармайсың, ғылым саған өзі келеді, – деді.
Ұлы ұстазға бір ауыз қарсы уәж айтпаған Серғазы Мыңжасарұлының болашақ ғалым ретіндегі жолы да, бағыты да осы кездесуде шешілді десе де болады. Сол күнгі кездесу, ректормен екеуара болған келелі әңгіме, ғұлама ғалымның жас ғалымға берген кеңесі, айтқан ақылы күні бүгінге дейін жадында сақтаулы.
Бастауында біртуар Бөкетов тұрған Қарағандыдағы химия ғылымы мектебі әлемдік деңгейдегі айтулы ғылыми ордаға айналды. Сол ғылыми мектептің қалыптасу, дәуірлеу кезеңінде академиктер Зейнолла Молдахметовтің, Жантөре Әбішевтің, еңбек сіңірген ғылым қайраткері, профессор Альфред Кагарлицкийдің айшықты қолтаңбасы бар. Бұл ғалымдардың Серғазы Әдекеновтің де ғалым ретінде қалыптасуына көрсеткен ұстаздық, әкелік қамқорлықтары зор.
Ой үстіндегі академиктің көңілі толқып кетті. Ортақ мақсат жолында бір бағытқа ой жұмылдырған сол аға буын өкілдерімен арадағы сыйластықтары да, өмірден ерте өткендеріне деген қимастықтары да жанын тебірентіп жіберді. Әсіресе, ғылым әлеміндегі серіктесі, қанаттасы, аға десең – ағалыққа жараған, дана десең – даналыққа жараған белгілі ғалым, профессор, Қ.Сәтбаев атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, марқұм Болат Қасеновтің орны ерекше еді ғой, шіркін.
Ормандай ойдың шегі жоқ секілді. Марқұм болған ағалары, ұстаздары, әріптестерінің ерен еңбегі, жарқын бейнелері ойына шырмалған сайын, жүрегі шымырлап сала береді. Сағыныш бар. Әлгінде есімі аталған ұстаздары мен Мыңжасар және Серғазы Әдекеновтер, 1973 жыл сыйлықтың лауреаты Марат Нығметжанұлы Мұхаметжанов. Ағаларына деген құрметі бөлек. Азаматтығы ажарлы жан үшін сағыныштың да өзіндік ләззаты бар.
Келесі хатты алып еді, академик, ұлағатты ұстазы Зейнолла Молдахметовтің құттықтауы екен. Ағынан жарылып-ты ағасы. Жиі хабарласып, ара-тұра кездесіп жүретін ағасы болса да, сағынып кетті. Сағыныш тербеген жүректе мейірімге ғана орын бар. Академик Серғазы ағаның жүрегі – сондай мейірімді жүрек!
Әлем мойындаған Әдекенов
Ой сергітейін деп шәй алдырып ішті. Шәй болғанда да – құрамында бірнеше шипалы шөптің тамыры мен жапырағы бар дәрілік шәй. Секең денсаулықтың қадірін бала күнінен біледі. Туған жері, өскен ортасы Семей полигонымен іргелес қоныстанған Егіндібұлақ, Қарқаралы өңірі болғандықтан, талай жерлестерінің жастайынан қатерлі дертке шалдығып, өмірден ерте баз кешкенін көзімен көріп өсті. «Осы кеселді емдеп-жазатын бір дәрінің болмағаны ма?» деген сауалды өз-өзіне жиі қоятын. Армандайтын. Анасы Жаңыл Доскейқызы өмірден өткеннен кейін, бұрыннан зерттеп жүрген дәрілік өсімдіктер тақырыбына ерекше ден қойды.
Тәуелсіздік алған жылдары Серғазы Мыңжасарұлы халықтың денсаулығын сақтау проблемасын өткір көтеріп, Мемлекет басшысына Ашық хат жолдаған. Онда қатерлі ісік ауруын емдеуді зерттеу мәселесін мемлекеттік деңгейде қарастыру қажеттігі туралы дабыл қақты.
Әріптестерімен бірге емдік қасиеті бар 500-ден астам шөптің түрін сұрыптап, оның 88-ін толық зерттеп, өндіріске пайдалануға болатындығын ғылыми тұрғыдан дәлелдеді. Соның ішінде тықыр жусаннан зор үміт күтетіндігін атап айтқан.
Бала күнінде әкесі таныстырған тықыр жусанның қасиетін жүйелі зерттеулер нәтижесінде дәлелдеп, оның рак ауруына қарсы белсенділігі жоғары екендігін нақтылады. Тықыр жусанды зерттеп, «Арглабин» препаратын өндіріске енгізгенше 17 жыл уақыты кетті. Ғылым жолының «Инемен құдық қазғандай» күрделі болатыны сол, іс ұзақ уақыт көзге көрінбейді. Түпкі нәтижеге дейін сабырыңды сарқып алуың ықтимал. Обырға қарсы дәрінің осынша уақыт табылмауының да себебі сол болуы мүмкін. Бәлкім, талай зерттеулер небір ғалымдардың төзімін түгесіп, сабырын сарқып жіберген шығар… Әйтпесе, Арқаның тықыр жусанын ресейлік ботаниктер Г.Карелин мен И.Кирилов 1840 жылы Қарқаралы тауларынан жинап әкетіпті. Олар жинаған тықыр жусан Париждегі орталық гербарий қорында сақтаулы тұр. Дәрілік қасиеті ХІХ ғасырда белгілі болғанымен, тықыр жусаннан ракқа қарсы дәрі жасауға бірде-бір ғалымның тісі батпаған. Адамзат тарихында әлем ғалымдарының арманы болған обырға қарсы дәріні жасау бақыты қазақ ғалымы Серғазы Мыңжасарұлына бұйырғанын айтыңыз.

Қазақ академигінің бұл жаңалығын алғаш болып Америка мойындап, «Ғасыр жаңалығы» деп ресми түрде мәлімдеді. Ал, Қазақстан болса, әлем онкологтары бөркін аспанға атып жатқанда, «Арглабинді» жасап шығарған Серғазы Әдекенов бастаған авторлар ұжымына Мемлекеттік сыйлықты әрең беріп жатыр еді. «Арглабиннің» халықаралық қауымдастықта теңдессіз жаңалық болғанын АҚШ-тағы рак ауруын емдеу орталығының директоры, профессор Майкл Вильямс Қарағанды қаласына арнайы келіп, сұхбат бергеннен кейін ғана мойындаған екен. Сондай-ақ, Иллинойс штатындағы Онкологиялық орталықтың профессоры, доктор Рэй Криспеннің қазақстандық әріптестерінің жаңалығы жайлы әлемнің ең беделді медициналық журналында жарияланған мақаласынан кейін Әдекеновті әлем мойындады.
«Арглабиннің» баламасы жоқ препарат екендігінің екінші мысалы ретінде, Америка Құрама Штаттарында «Арглабин» тақылеттес «Винкристин» деген дәрімен салыстыру жүргізілгендігін айта кетуге болады. Сол зерттеу барысында «Арглабиннің» артықшылықтары американдықтарды қатты қызықтырған екен. Атап айтқанда, «Арглабиннің» «Винкристинге» қарағанда артериалдық қан қысымы мен жүрек-тамыр жүйесінің басқа да функцияларына, бауыр мен бүйректің қызметтеріне кері әсері болмайтын, гемопоэзді төмендетпейтін қасиеттері анықталған.
Бүгінгі таңда қазақ академигінің ақиқатқа айналған арманындай болып Арқа жусанынан әзірленген «Арглабин» Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия, Беларусь Республикаларында, Ресей Федерациясында, Украинада ресми түрде тіркелді. Сондай-ақ, Германияның «Леонардис Клиник» онкологиялық орталығында және Онкобиотерапия институтында қолданылуда.
Мәскеуде Н.Н.Блохин атындағы Ресейдің онкологиялық ғылыми орталығында «Қатерлі ісікке қарсы «Арглабин» препаратын қолданудың тәжірибелік және клиникалық аспектілері» тақырыбына өткізілген халықаралық симпозиумде осы орталықтың Ісіктердің тәжірибелік диагностикасы және терапиясы институтының директоры, Ресей академигі А.Ю.Барышников, Ресей онкологиялық орталығының профессорлары Л.Б.Горбачева, Л.В.Манзюк, А.А.Вайнсон, С.И.Ткачев, Белоруссия профессоры Н.Г.Луд, Украина профессоры Г.И.Кулик қатерлі ісікке қарсы жаңа бірегей «Арглабин» препаратының өмірге келгендігін бірауыздан мақұлдады. Өйткені, оның емдік тиімділігі 86% екендігі ғылыми тұрғыда дәлелденді.
Иә, «Арглабиннің» әлемдік деңгейде мойындалуы қазақ ғылымына берілген баға еді. Халықаралық деңгейдегі ғылыми конференциялардың мінбелерінде «Арглабин» препаратының аты аталса, Қазақстанның аты, академик Әдекеновтің есімі қатар аталады. Бұл – қазақ ғылымының бағы!
…Сағатына қарады да, академик Әдекенов, әлем мойындаған Әдекенов кабинетінен асығыс шығып бара жатты. Үйіне емес, облыстық мәслихаттың сессиясына асығып бара жатыр. Қазір депутат мінберінен халқының жарқын болашағын қалыптастыру бағытындағы бағалы ойын айтады. Ол – Қазақ елінің патриоты!
Ерсін МҰСАБЕК
«Ortalyq Qazaqstan»



