Бас тақырыпЖаңалықтар

Қарағандылық дәрігерлер қатерлі дертке қарсы әдіс тапты

Бүгінде отандық онкологиялық қызмет шетелдің қымбат клиникаларымен тең дәрежеде бәсекелесе алатын деңгейге жетті. Соның бір айғағы – Қарағанды онкологиялық орталығының мамандары Ұлытау облысының 66 жастағы тұрғынының асқазанындағы қатерлі ісікті сәтті алып тастады. Тек былтырдың өзінде 100-ден астам осындай отаны сәтті аяқтаған қарағандылық хирургтер бүгінде ең күрделі хирургиялық қызметтерді медициналық сақтандыру жүйесі мен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде ақысыз жүргізіп, пациенттерге өз елімізде-ақ толыққанды ем алуға мүмкіндік беруде.

Сурет медициналық сақтандыру
қорының облыстық филиалының баспасөз қызметінен

Науқастың сырқаты алғашында елеусіз көрінген дауыстың қарлығуынан басталған. Әйел тұрғылықты жеріндегі медициналық ұйымға жүгінген кезде, бастапқы тексеру нәтижесінде дәрігерлер өт қабында мәселе болуы мүмкін деп болжап, тиісті ем тағайындайды. Алайда, жүргізілген емге қарамастан, науқастың жағдайы жақсара қоймайды.

Денсаулық жағдайының нашарлау себептерін анықтау мақсатында оған қосымша тексерулер тағайындалды. Науқас МӘМС жүйесінде ультрадыбыстық зерттеуден, магниттік-резонанстық томографиядан (МРТ) өтті және қажетті зертханалық талдаулар тапсырды. Кешенді тексеру нәтижесінде дәрігерлер асқазанның антралды бөліміндегі қатерлі ісікті анықтады.

Науқастың айтуынша (аты-жөнін көрсетпеуімді өтінді), қойылған диагнозды естігенде абдырап қалған.

– Дәрігерлер диагнозымды айтқанда қатты толқыдым. Әрине, алдымен қорқыныш болды. Өйткені, «қатерлі ісік» деген сөздің өзі ауыр қабылданады. Бірақ, дәрігерлер емдеу жоспарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, әр кезеңде маған қолдау көрсетті. Қазір өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін және көрсеткен көмегі мен жанашырлығы үшін барлық медицина қызметкерлеріне шын жүректен алғыс айтамын, – дейді кейуана.

Диагноз қойылғаннан кейін науқас №3 көпбейінді ауруханаға жолданып, онда онкологиялық орталықтың мамандары қажетті хирургиялық ем жүргізді.

Жоғары санатты онколог-хирург Бегалы Үсенбеков мұндай операциялар онкохирургиядағы ең күрделі хирургиялық процестің бірі екенін айтты.

– Асқазан обырына жасалатын операциялар техникалық тұрғыдан өте күрделі әрі хирургтердің, анестезиологтердің және бүкіл медициналық ұжымның мол тәжірибесін қажет етеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын мұндай ем алу үшін көптеген пациенттер шетелге шығуға мәжбүр еді. Бүгінде отандық онкологиялық қызметтің дамуы мен мамандарымыздың кәсіби даярлығының арқасында мұндай жоғары технологиялық операциялар өңірде де сәтті орындалып келе жатқаны қуантады, – деді Бегалы Үсенбеков.

ДЕНСАУЛЫҚ

Онкологиялық ауруларды емдеудің маңызды артықшылықтарының бірі – пациенттер үшін оның қолжетімді болуы.

Сонымен қатар, биылдан бастап қатерлі ісікке күдік туындаған жағдайда мамандардың консультациялары, зертханалық талдаулар, ультрадыбыстық зерттеу, МРТ және басқа да тексерулер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жүргізіледі.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button