Қарағандыда Бауыржан Момышұлы атындағы жаңа кітапхана ашылды
Абай күніне орай Қарағандыда Бауыржан Момышұлы атындағы жаңа кітапхана оқырмандарға есігін ашты. Мұнда қазақ және орыс тілдеріндегі көркем, тарихи, танымдық әдебиеттермен қатар балаларға және мектеп оқушыларына арналған кітаптар бар.

Жаңа кітапхана қаланың Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің құрамына енді. Кітап қоры жаңа басылымдармен және жүйенің өзге филиалдарынан алынған әдебиеттермен толықтырылды.
Кітапхананың маңызды бағыттарының бірі – өлкетану және ұлттық мұраны насихаттау. Қордан Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығына арналған әдебиеттер, сондай-ақ Қарағанды өңірінің тарихы мен мәдениеті туралы басылымдар орын алды.

«Ұзақ уақыттан кейін алғаш рет жаңа кітапхана ашылып отыр. Бұл – рухани және ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі маңызды қадам. Кітапхана сапалы әдебиеттермен қамтамасыз етіп қана қоймай, жастардың білімге, әдебиетке және тарихқа қызығушылығын арттыруға ықпал етеді», – деді Орталықтандырылған кітапхана жүйесі директорының орынбасары Қызғалдақ Құрмашева.
Кітапхана базасында кітап көрмелері, әдеби кештер, шығармашылық кездесулер және балалар мен жасөспірімдерге арналған мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылмақ.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



