Қарағанды облысында мал шаруашылығының көрсеткіші артты
Қарағанды облысында мал шаруашылығы тұрақты даму қарқынын сақтап отыр. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өндіріс көлемін арттырып, асыл тұқымды мал базасын нығайтуда. Бұл бағытта мемлекеттік қолдаудың да маңызы зор.Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өңірде ет өндірісі 2%-ға, сүт 5,5%-ға, жұмыртқа 2%-ға өсті. Сонымен қатар ірі қара мал саны 0,3%-ға, жылқы саны 6,7%-ға артқан.

«Бүгінде мал шаруашылығының тұрақты даму қарқынын сақтап отырғанын көріп отырмыз. Ет, сүт және жұмыртқа өндірісі артып, мал басы көбейіп келеді. Ендігі міндет – өнімділік пен сапаны арттыру, асыл тұқымды базаны нығайту және өндіріс үшін заманауи жағдай жасау», – деді Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде.
Өңірде асыл тұқымды репродукторлар мен тауарлы-сүт фермаларын дамытуға басымдық берілуде. Сондай-ақ өндірістік қуаттарды жаңғырту және қалпына келтіру бойынша жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Биыл Қарағанды облысының агроөнеркәсіптік кешеніне 113 млрд теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланған. Қаражат есебінен 42 жобаны іске асырып, 450-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.Мемлекеттік қолдау ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің шығындарын субсидиялауды да қамтиды.Ауылдық жерлерді дамыту және тұрғындардың табысын арттыру бағытында «Ауыл аманаты» бағдарламасы да жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта бағдарлама аясында 83 жеңілдетілген несие беріліп, 97 жаңа жұмыс орны ашылды.
Жеңілдетілген қаржы ауыл тұрғындарына мал шаруашылығын дамытуға, шағын өндіріс ашуға немесе жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейтуге мүмкіндік береді.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



