Ауылға асфальт жетті
Шалғай ауылдың тіршілігі көбіне жолға тәуелді екені кәдік. Жол жақсы болса, жолаушының жүрісі жеңілдеп, ауыл шаруашылығының да өрісі кеңейеді. Өнімді нарыққа дер кезінде жеткізуге, жаңа техника алуға, кәсіпті ұлғайтуға мүмкіндік туады. Осы тұрғыдан алғанда, Бұқар жырау ауданындағы Суықсу ауылына дейін асфальт төселуі – елдімекен тұрғындары көптен күткен маңызды жаңалық.

сайтынан
Суықсу – тіршілігін төрт түлікпен өркендеткен, жердің берекесін еңбектен тапқан ауылдың бірі. Алайда, осы уақытқа дейін ауылдың Қарағанды қаласымен қатынасын қиындатқан басты мәселе – жолдың жайы еді.
Ауыл тұрғындары қордаланған мәселені облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың жеке қабылдауында көтерген еді. Елдің өтінішінен кейін бұл бағыттағы жолды орташа жөндеу бағдарламасына енгізу жөнінде шешім қабылданды. Жол жөндеу жұмыстарын облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ұйымдастырды.
Жаңа жолдың игілігін, ең алдымен, жергілікті шаруалар сезінсе керек. Суықсу ауылындағы шаруа қожалығының иесі Хамит Қамбарұлының айтуынша, асфальттың төселуі кәсіпті кеңейтуге деген сенімді арттырған.
– Ауылымызға бұрын-соңды асфальт жол салынған емес. Қалаға қатынау қиын болғандықтан, көліктер жиі сынып жататын. Жол жөнделетінін естіген соң, мемлекеттік бағдарлама арқылы жаңа трактор сатып алдым. Енді шаруашылығымды кеңейтуді жоспарлап отырмын. Бұрын жолдың нашарлығынан техникаға қаржы салуға жүрексінетінбіз. Өйткені, тапқан табыстан жөндеуге кететін шығын көп болатын, – дейді шаруа.
Биыл облыстық маңызы бар «Қарағанды-Калинино-Ақбастау-Суықсу» автомобиль жолының жалпы ұзындығы 9 шақырым болатын екі учаскесі орташа жөндеумен қамтылды. Оның 4 шақырымы республикалық автожолдан Ақбастау кентіне дейінгі аралыққа тиесілі. Ал, қалған 5 шақырым Ақбастаудан Суықсу ауылына дейінгі бағытты қамтиды.
Жоба аясында жол төсеміндегі ақаулар жойылып, жаңа асфальтбетон жабыны төселуде. Сонымен қатар, жол жиектері нығайтылып, су өткізу құбырлары жөнделеді. Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жол белгілері орнатылып, таңбалар сызылады.
Қазіргі таңда Ақбастау мен Суықсу арасындағы бес шақырымдық учаскеге асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталған. Енді мамандар су өткізу құбырларын қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Жалпы, биыл Қарағанды облысында республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 500 шақырымға жуық бөлігі жаңартылуда. Бұдан бөлек, көпірлер жөнделіп, қалалар мен аудандардағы көше-жол желілерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



