Жаңалықтар

Ғалым Күлекеев Қарағанды облыстық сотының төрағасы болып тағайындалды

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қарағанды облыстық сотының төрағасы болып тағайындалған Ғалым Батырбекұлы Күлекеевті таныстыру рәсімі өтті.

Суреттер облыстық соттан

Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Асламбек Мерғалиев, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, мемлекеттік органдардың басшылары, облыстық және жергілікті соттардың судьялары, сот жүйесінің ардагерлері, сот қызметкерлері мен шақырылған қонақтар қатысты.

Іс-шара барысында Асламбек Мерғалиев Қарағанды облысының судьялар корпусына жаңа төрағаны ресми таныстырып, бұған дейін Қарағанды облыстық сотын басқарған Ерден Әріповке ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін алғыс білдірді. Ол Ерден Әріповтің облыстың сот жүйесін дамытуға, сот төрелігінің сапасын арттыруға және сот билігінің беделін нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Жаңа төрағаны таныстыра отырып, Асламбек Мерғалиев Ғалым Күлекеевтің сот жүйесіндегі мол тәжірибесіне, кәсіби біліктілігіне және судьялар қауымдастығы арасындағы жоғары беделіне тоқталды. Оның айтуынша, жаңа басшының жетекшілігімен Қарағанды облыстық соты сот төрелігін жүзеге асыру сапасын одан әрі жетілдіріп, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар қоғамның сот жүйесіне деген сенімін нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.

Кездесу соңында Жоғарғы Сот Төрағасы өңірдің судьялар корпусы алдында тұрған негізгі міндеттерге тоқталды. Атап айтқанда, заң үстемдігі қағидатын мүлтіксіз сақтау, сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз ету, соттардың ашықтығы мен жариялылығын арттыру, сондай-ақ сот төрелігін іске асыру сапасын одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті.

Ғалым Батырбекұлы Күлекеев 1979 жылы Жамбыл облысының Қаратау қаласында дүниеге келген.

2000 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің заң факультетін тәмамдаған. Кейін, 2002 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің экономика факультетін бітірсе, 2024 жылы аталған жоғары оқу орнының заң факультетінің магистратурасын аяқтаған.

Еңбек жолын 2000 жылы бастап, 2000–2007 жылдары сот жүйесі мен мемлекеттік органдарда түрлі лауазымдарды атқарды.

2007–2010 жылдары Астана қаласы Алматы аудандық сотының судьясы болды.

2010–2012 жылдары Жамбыл облысы Жамбыл аудандық сотының төрағасы қызметін атқарды.

2012–2024 жылдары Жамбыл облыстық сотының судьясы болып еңбек етті.

2024 жылдан бері Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметін атқарып келді.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button