Құрылтай

«Құрылтай сайлауы – ел бірлігі мен жауапкершілігінің айқын көрінісі»

Елімізде 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы – елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғаның бірі. Бұл науқан азаматтардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, қоғамның бірлігі мен жауапкершілігін айқындайтын маңызды кезең саналады. Осы орайда Қарқаралы ауданында атқарылып жатқан дайындық жұмыстары, сайлау учаскелерінің әзірлігі және тұрғындардың белсенділігі жөнінде Қарқаралы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Сләмиден Қамашұлы Нұркеновпен сұхбаттасқан едік.

– Құрметті Сләмиден Қамашұлы, Құрылтай сайлауына дайындық жұмыстары қалай жүргізілуде?

– 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтай сайлауына дайындық Қарқаралы ауданында жоспарлы түрде жүргізілуде. Бүгінде барлық ұйымдастыру шаралары заң талаптарына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Аудан бойынша барлығы 51 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Олардың құрамында 269 комиссия мүшесі қызмет атқарады. Қазіргі уақытта сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық жарақтандырылуы, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі және ұйымдастыру жұмыстары кезең-кезеңімен аяқталуда. Сонымен қатар, комиссия мүшелерінің кәсіби даярлығын жетілдіруге ерекше көңіл бөлінуде. Арнайы оқу семинарлары мен түсіндіру жұмыстары жоспарға сәйкес өткізіліп, сайлау заңнамасындағы талаптар жан-жақты түсіндірілуде.

– Сайлау учаскелеріндегі комиссия мүшелерінің басты міндеті қандай?

– Сайлау комиссияларының негізгі міндеті – әр азаматтың конституциялық сайлау құқығын еркін жүзеге асыруына толық мүмкіндік жасау. Сайлау барысының ашықтығын, әділдігін және заң талаптарына сай ұйымдастырылуын қамтамасыз ету – басты міндетіміз. Комиссия мүшелері дауыс беру рәсімінің барлық кезеңінде заңдылықтың сақталуын қадағалайды. Әрбір сайлаушының құқығы қорғалып, дауыс беру құпиясы толық қамтамасыз етіледі. Бұл – сайлауға деген халық сенімін нығайтатын маңызды талаптардың бірі.

– Мүгедектігі бар азаматтар үшін қандай жағдайлар қарастырылған?

– Инклюзивті қоғам қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан, ауданымыздағы барлық сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдайлар жасалған. Атап айтқанда, ғимараттарға пандустар орнатылған, ыңғайлы кіреберістер қарастырылған, қажетті ақпараттық сүйемелдеу ұйымдастырылған. Қажет болған жағдайда азаматтарға көмек көрсету тетіктері де қарастырылған. Басты мақсатымыз – әр сайлаушының ешқандай кедергісіз өз таңдауын жасауына мүмкіндік беру.

– Сайлау күні азаматтар нені білуі қажет?

– Ең алдымен, әр сайлаушы өзі тіркелген сайлау учаскесіне жеке басын куәландыратын құжатпен келуі тиіс. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әр азамат өз дауысын өзі береді. Дауыс беру құқығын басқа адамға беруге немесе басқа біреу үшін дауыс беруге жол берілмейді.

Комиссия мүшелері барлық рәсімнің заң талаптарына сәйкес өтуін қамтамасыз етеді. Сол себепті, тұрғындарды белгіленген тәртіпті сақтап, сайлауға жауапкершілікпен қатысуға шақырамыз. Азаматтардың белсенділігі – әділ әрі ашық сайлаудың басты көрсеткіші.

– Жалпы, мұндай саяси науқанның қоғам үшін маңызы қандай деп ойлайсыз?

– Сайлау – демократиялық қоғамның басты институтының бірі. Ол азаматтардың ел тағдырына бейжай қарамайтынын, қоғамдық мәселелерге белсенді араласатынын көрсетеді. Құрылтай депутаттарының сайлауы да қоғамның бірлігі мен өзара жауапкершілігін айқындайтын маңызды саяси науқан деп есептеймін. Әрбір берілген дауыс – еліміздің ертеңіне деген сенімнің және азаматтық ұстанымның көрінісі. Сондықтан да, әрбір тұрғын өз таңдауын саналы түрде жасап, ел болашағына үлес қосады деп сенемін.

– Аудан тұрғындарына айтар тілегіңіз?

– Құрметті Қарқаралы ауданының тұрғындары! Баршаңызды алдағы сайлауға белсенді қатысуға шақырамын. Әрбір дауыс – мемлекетіміздің болашағына қосылған маңызды үлес. Азаматтық жауапкершілік танытып, өз таңдауларыңызды жасаңыздар. Бірлігіміз бекем, еліміздің іргесі берік болсын!

– Әңгімеңізге рақмет! Жауапты жұмыстарыңызға табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Меруерт БАЛКЕЕВА

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button