Спорт

Азияны мойындатқан айбын

Таиландтың Бангкок қаласында өткен XII Азия чемпионатында Қарағанды облысының көркем жүзу шеберлері тарихи жетістікке қол жеткізді. Өңір спортшылары ұлттық құраманың қоржынына 35 медаль салып, командалық есепте Қазақстанның Азия чемпионы атануына шешуші үлес қосты. Бұл – еліміздің жасөспірімдер құрамасы үшін құрлық біріншіліктері тарихындағы ең үздік нәтиже.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Азия чемпионатына облыстық олимпиадалық резервтегі жүзу мектебінің, жоғары спорт шеберлігі мектебінің және Әлия Молдағұлова атындағы мектеп-интернат-колледжінің тәрбиеленушілері қатысты. Олар 25 алтын, 9 күміс және 1 қола медаль жеңіп алып, ұлттық құрамадағы ең нәтижелі спортшылар атанды.

Құрлық додасының чемпиондары мен жүлдегерлері қатарында Виктор Друзин, Даяна Жаманшалова, София Ищенко, Полина Мерзлякова, Анастасия Воронкова, Құралай Шәріпова, Даниял Сырлыбаев, Юлия Мишиева, Айсана Бұрамбек, Адия Жампейісова, Ева Лавренко, Милана Ашаханова, Артём Томчишин, Әсия Түсіпова, Жансая Шәукенова және Алиса Таранова бар.

Спортшыларды халықаралық жарысқа Елена Котова, Оксана Москвичёва және Мария Белозёрова баптады.

Қарағанды облысының көркем жүзуден жаттықтырушысы Елена Котованың айтуынша, бұл чемпионат бірнеше көрсеткіш бойынша тарихи нәтиже болды.

– Біз дәстүрлі түрде үш жас санатында өнер көрсеттік. Алайда, Азия чемпионаттарына қатысқан барлық жылдар ішінде алғаш рет үш санаттың да спортшылары осындай жоғары нәтижеге жетті. Әсіресе, 12 жасқа дейінгі дуэттің өнері ерекше бағаланды. Бағдарламасы қарсыластарымен салыстырғанда күрделілігі төмендеу болғанымен, мінсіз орындалуының арқасында төрешілер оны Азия чемпионатындағы барлық дуэт арасындағы «ең үздік көрсеткіш» деп таныды. Сонымен қатар, 13-15 жас санатындағы команданың өнері де жоғары бағаланды. Бұл жетістікте бапкер Оксана Москвичёваның еңбегі зор, – дейді Елена Котова.

Оның айтуынша, Азия құрлығында көркем жүзу спорты жылдан-жылға дамып келеді. Сондықтан, әр медаль – орасан еңбек пен табандылықтың жемісі.

Чемпионатта көзге түскен жас спортшының бірі – Теміртау қаласының 12 жастағы тұрғыны Даниял Сырлыбаев. Төрт жылдан бері көркем жүзумен айналысып жүрген ол бұл жеңіс ұзақ дайындық нәтижесі екенін айтады.

– Жаз бойы жаттығу жасадық. Оңай болған жоқ. Бірақ, еңбегіміз ақталғанына қуаныштымын. Алдағы мақсатым – Қазақстан құрамасы сапында халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғау, – дейді жас спортшы.

Қарағандылық спортшыларды енді жаңа сын күтіп тұр. Тамыз айында жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтеді. Одан кейін ұлттық құрама Азия ойындарына дайындықты бастайды. Бұл жарыста Қарағанды облысының өкілдері Виктор Друзин мен Даяна Жаманшалова Қазақстан намысын қорғайды.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button