Жаңалықтар

Қағазбастылық кеміп, қызмет жеңілдеді

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппарат жиынында мемлекеттік қызметті цифрландыру, оның сапасы мен тұрғындарға қолжетімділігі мәселелері жан-жақты қаралды. Аймақ басшысы рәсімдердің оңтайландырылуы, заңнама талаптарының қатаң сақталуы жөнінде жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді.

Инфографиканы жасаған Айбек Рахымжан

Биылғы бірінші жартыжылдықтағы мемлекеттік қызмет көрсету сапасы туралы облыстың цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Константин Ильницкий баяндады.

– Бүгінде облыста 199 мемлекеттік қызметтің 162 шағын түрі көрсетіледі. Олардың 90 пайыздан астамы электронды форматта. Тұрғындардың цифрлық платформалар мен мобильді қосымшалардың сервистерін кеңейту жалғасуда. Жыл басынан бері облыс тұрғындарына 9 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1 пайыз­ға көп. Барлық қызметтің 99,7 пайызы электронды түрде ұсынылған, – деді басқарма басшысы.

Константин Ильницкийдің баян етуінше, мемлекеттік қызметтердің ең көп көлемі денсаулық сақтау, білім беру және халықты жұмыспен қамтуға тиесілі. Тұрғындар арасында дәрігер қабылдауына жазылу, мектепке дейінгі және орта білім беру қызметтері, сондай-ақ, жұмыс іздеушілерді тіркеу мен жұмыспен қамтуға қатысты қызметтер жоғары сұранысқа ие.

Өңірде тұрғындардың мемлекеттік қызметтерді цифрлық жолмен алу дағдыларын қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазіргі уақытта облыс бойынша азаматтарды қабылдайтын 13 орталық жұмыс істейді. Бұдан бөлек, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық орындарда 1601 өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылған. Мұнда тұрғындар мамандардың көмегімен электронды қызметтерді өз бетінше алады.

Облыс әкімі мемлекеттік қызметтің сапасы мемлекеттік органдар жұмысының негізгі көрсеткішінің бірі екенін атап өтті.

– Барлық мемлекеттік орган көрсетілетін қызметтердің заңнама талаптарына сәйкес, сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуге тиіс. Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына баса мән беру қажет. Мемлекеттік қызметтің қолжетімділігі, ашықтығы мен сапасы – халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтатын негізгі факторлардың бірі, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Сонымен қатар, аймақ басшысы облыстық цифрлық технологиялар басқармасына қала және аудан әкімдіктерімен, облыстық басқармалармен бірлесіп мемлекеттік қызмет көрсету сапасына жүйелі бақылау орнатуды тапсырды. Қызмет көрсету мерзімдерінің сақталуын қамтамасыз ету, заңнама талаптарын бұзуға жол берген лауазымды тұлғалардың дербес жауапкершілігін күшейту міндеті қойылды.

Аппарат жиынында берілген тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда болады. Жауапты мемлекеттік органдар цифрлық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін одан әрі арттыру, халыққа қолайлы сервистерді дамыту және көрсетілетін қызметтердің тиімділігін күшейту бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырады.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button