«Бір ауыл – бір өнім» жобасының облыстық кезеңінде үздік танылған он кәсіпкер енді республика деңгейіндегі байқауда өңір намысын қорғайды. Биылғы бренд-комитет құрамында Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) өкілдері бар. Жапондықтар жергілікті кәсіпкерлердің өнімдеріне жоғары баға беріп отыр. Шетелдік сарапшылардың назарын бұйымдардың табиғилығы, ұлттық ерекшелігі өндірістік әлеуеті аудартты.

Жапонияда бастау алған «Бір ауыл – бір өнім» бастамасы Қарағанды облысында 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жобаның негізгі мақсаты – жергілікті шикізатқа негізделген өнімдерді қолдап, ауыл кәсіпкерлерінің нарықтағы мүмкіндігін кеңейту. Байқаудың басты шарты бойынша өнімнің кемінде 90 пайызы өңірлік шикізаттан дайындалуы тиіс.
Қарағанды облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісовтің айтуынша, жоба жеңімпаздарға тек марапатпен шектелмейді. Оларға кешенді қолдау ұсынады.
– Финалистерге өндірісті дамыту, экспортқа шығу, бренд қалыптастыру, тауарлық белгіні тіркеу, өнімді сертификаттау және заманауи технологиялар бағытында қолдау көрсетіледі. Үздік он кәсіпкер республикалық кезеңде Қарағанды облысының атынан бақ сынайды, – деді ол.
Агенттіктегі жоба жетекшісі Харагучи Акихиса халықаралық нарықта өнімнің сапасымен қатар қаптамасы, дизайны да мәнге ие екенін айтады.
– Бәсекеге қабілетті өнім жасау үшін сапамен бірге қаптамаға да ден қойылуы керек. Бұл жоба алғаш Қырғызстанда табысты жүзеге асырылып, кейін Қазақстан мен Тәжікстанда жалғасын тапты. Биыл Өзбекстан да осы бастамаға қосылды. «Бір ауыл – бір өнім» ауыл кәсіпкерлеріне халықаралық нарыққа жол ашады, – деді жапон маманы.
Үздік ондыққа енген қарағандылық шебер Ольга Целлер өңірдің брендіне айналған антрацит көмірінен ұлттық нақыштағы әшекейлер жасайды. Оның туындылары Миландағы сән апталығында таныстырылып, Германия, Польша, Ресей және Жаңа Зеландияға дейін экспортталған.
Айта кетерлігі, Харагучи Акихиса презентация барысында жасанды интеллект көмегімен «көмірден жасалған әшекейлер» деп іздеу жүргізгенде алғашқы нәтижеде дәл Ольга Целлердің есімі шыққанын ерекше атап өтті. Бұл қарағандылық өнімнің халықаралық деңгейде танылып келе жатқанын көрсетеді.
Биылғы финалға Айдана Оспанова («Ханшайым» жартылай фабрикаттары), Лаура Жанабаева (табиғи сабын), Жанерке Әмірханова (витграсс өнімдері), Елена Нивиденская (киіз бұйымдары), Ольга Целлер (көмірден жасалған әшекейлер), Эльмира Каппасова (ұлттық тәттілер), Шолпан Тұрдышева (кептірілген және консервіленген көкөністер), Кұндыз Хапан (шырғанақ өнімдері), Жаннұр Төлеубаева (жүн өңдеу және киіз бұйымдары) және Наталья Вшивцева (тері мен табиғи минералдардан жасалған картиналар мен сувенирлер) өтті.
Финалистерге өнімді сертификаттау, штрих-код алу, бренд қалыптастыру, маркетплейстер мен сауда желілеріне шығу бағытында жан-жақты қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, өндірісті жаңғыртуға арналған 5 миллион теңгеге дейінгі гранттарға қатысу мүмкіндігі қарастырылған.
Облыста бұл жоба төрт жыл ішінде 153 қолөнерші мен өндірушіні біріктірді. Оның 95-і кәсіпкер болса, 58-і – кәсіп бастауға ниетті тұрғындар. Бұған дейінгі финалистердің алтауы 5 миллион теңгеге дейінгі грант иеленсе, тағы бірнеше кәсіпкер жобаларын өз қаражаты есебінен жүзеге асырған. Бүгінде Қарағанды өңірінде өндірілген өнімдер тек ішкі нарықпен шектелмейді. Бұрынғы финалистердің бұйымдары Жапония, Қытай, Түркия, Германия, Польша, Франция, Иордания, Канада және АҚШ нарықтарына шығып үлгерген. Өткен ғасырдың 70-жылдары Жапонияның Оита префектурасында бастау алған «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бүгінде әлемнің 30-дан астам елінде жүзеге асырылып келеді. Оның басты қағидасы өзгерген жоқ. Жергілікті ресурсты тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын дамыту және өңірдің өзіндік брендін қалыптастыру.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



