Жырау рухы жебеді
«Айбоз» ұлттық сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқашұлы Ақтамберді Сарыұлының 350 жылдығына арналған республикалық мүшәйрада бас жүлде – автокөлік жеңіп алды.

Абай облысы, Аягөз ауданында өткен «Ерлікті, елдікті жырлаған – Ақтамберді» атты жыр додасы даңқты жыраудың батырлық болмысын, елдік мұраты мен рухани мұрасын дәріптеуге арналды. Елдің әр өңірінен жолданған 160 туындының арасынан Жанат Жаңқашұлының «Күбір» атты өлеңі үздік танылып, бас жүлдеге ие болды.
Қазылар алқасына Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тыныштықбек Әбдікәкімұлы жетекшілік етті. Байқауға бұрын еш жерде жарияланбаған шығармалар қабылданып, жырлар авторлардың аты-жөні көрсетілмей, жабық тәртіппен бағаланды.
Жанат Жаңқашұлының «Күбір» өлеңінде Ақтамберді дәуірінің арпалысы мен бүгінгі ұрпаққа жеткен елдік рух көркем сабақтастықпен өрілген. Темір тұлпарды тақымына басқан ақынды жеңісімен құттықтаймыз!
Өз тілшімізден



