Құрылтай

Үміткерлер арасында үгіт жұмыстары қыза түсті

Облыста сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қарқын алып келеді. Саяси партиялардың өңірлік штаб өкілдерітұрғындармен және еңбек ұжымдарыменкездесулер өткізіп, сайлауалды бағдарламаларын таныстыруда, кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарды аралап, ашық диалог алаңдарын ұйымдастыруда. Кездесулер барысында азаматтардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, экология, инфрақұрылым және әлеуметтік саясатқа қатысты өзекті мәселелер талқылануда.


Атап айтсақ,
«Әділет» саяси партиясыоблыстық штабының мүшелері мен белсенділері «Есіктен есікке» республикалық акциясы аясында тұрғындармен кездесулер өткізіп, кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Ұйымдастырушылар акцияны өткізудеазаматтармен тікелей байланыс орнатып, партияның бағдарламалық бағыттары мен бастамалары туралы ақпарат беру һәм тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдауды көздеген. Іс-шара барысында партия өкілдері әр тұрғынмен жеке тілдесіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру, кәсіпкерлікті қолдау, еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған бастамалар жөнінде ақпаратынұсынды.

Сонымен бірге, тұрғындарға партияның ақпараттық-насихат материалдары таратылып, оларөздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды. Азаматтар өзекті мәселелерді көтеріп, инфрақұрылым, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту салаларына қатысты ұсыныстарын білдірді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының жергілікті штабы да сайлауалды жұмыстарын жалғастыруда. Бұл жолы партия өкілдері спорт саласының өкілдерімен кездесіп, көпшілікке өз бағдарламасының негізгі бағыттары мен басым бастамаларын баян етті.

Партияның жергілікті штабының делегациясы  «Шахтер» футбол клубының басшылығымен кездескенін де атап өткен жөн. Басқосуда өңірдегі спорт инфрақұрылымын дамыту мәселелері, балалар мен жасөспірімдер футболын қолдау және клубтың биылғы маусымдағы келешегі талқыланды. Бұдан бөлек, штаб өкілдері клубтың қосалқы аренасында өткен «Шахтер» – «Арыс» командалары арасындағы футбол матчын тамашалады.

Сонымен қатар, үгіт-насихат науқаны аясында аталған партия өкілдері аймақ аумағында партиялық үнпарақтар ілінгенін хабарлады. Ақпараттық материалдар негізінде тұрғындарға партияның  ұстанымы таныстырылды.

Құрылтай депутаттығына үміткер ретінде «Байтақ» партиясынан тіркелген кандидат Сәуле Қамытбекова Теміртау қаласындағы бірқатар өндіріс орындарын, оның ішінде, «Qarmet»кәсіпорнын аралады. Кездесу барысында ол өндірістік кәсіпорындардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, еңбек ұжымдарының өзекті мәселелеріне қатысты ой-пікірлерін тыңдады.

Іссапар аясында кандидат кәсіпорын қызметкерлерімен пікір алмасып, партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылған негізгі басымдықтар мен қоршаған ортаны қорғау, экологиялық қауіпсіздікті күшейту және орнықты өндірісті дамытуға бағытталған бастамаларды мәлім етті.

Жиын соңында қатысушылар ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру мен еңбек адамын қолдауға қатысты өзекті мәселелерді алға тартты. Партия белсенділері де еңбек адамдарының тарапынан жолданған ұсыныс-пікірлерді егжей-тегжейлі саралап, екіжақты пікір алмасу орын алды. Кездеуге қатысушыларға ақпараттық материалдар таныстырылды.

Ал, Қазақстан Халық партиясының (ҚХП) жергілікті штабының өкілдері өңірдегі еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесу өткізіп, әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелері жөніндегі ой-пікірін ортаға салды.

«Автопарк №5» ЖШС-де өткен алғашқы кездесуде партия өкілдері кәсіпорын қызметкерлерімен жүздесіп, еңбек жағдайы, жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуы және өңірдің көлік саласын дамыту басымдықтары жөнінде пікір алмасты. Мұнан соң делегация облыстағы жетекші нан өнімдерін өндіруші кәсіпорындардың бірі – «Қарағанды нан» АҚ-ға ат басын тіреді.

Жиын соңы «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС-дегі басқосуға ұласты. Онда аймақтыңэнергетикалық тұрақтылығы, инфрақұрылымды жаңғырту және энергетика саласы қызметкерлеріне арналған партияның әлеуметтік бастамалары сөз болды.

Кездесу барысында партия өкілдері сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарын жан-жақты таныстырып, онда көзделген әлеуметтік-экономикалық бастамалар мен даму бағыттарына тоқталды.

Ал, «Ауыл» партиясының өкілдері үгіт-насихат жұмысы барысында Орталық саябаққа ат басын тіреді. Онда «Ауыл» партиясының облыстық сайлауалды штабының үгіт-насихаттық киіз үйі жұмыс істеді.

Қолға алынған шара аясында қала тұрғындары мен қонақтарына партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, негізгі басымдықтары туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, келушілер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, пікір алмасуға мүмкіндік алды.

Кездесу барысында партия өкілдері азаматтармен ашық форматта тілдесіп, тұрғындардың ұсыныстары мен сауалдарын тыңдады. Одан бөлек, ақпараттық материалдар таратылып, партияның бастамалары жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, бұлкездесулер тұрғындармен тікелей байланыс орнатуға, сайлауалды науқан аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған.

«Ақ жол» партиясының облыстық сайлауалды штабы үгіт-насихат жұмыстары аясында Қарағанды қаласы мен Ақтоғай ауданы аумағында бірқатар кездесулер ұйымдастырды.

Штаб өкілдері Ақтоғай ауданының Еңбек, Шабанбай би және Ақжарық ауылдық округтерінің тұрғындарымен, сондай-ақ, аудан халқымен кездесті. Кездесулер барысында қатысушыларға партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

Сонымен бірге, Қарағандыдағы «Евразиан Фудс» кәсіпорнының еңбек ұжымымен де кездесу өткізді. Онда партия өкілдері ұжым мүшелерімен пікір алмасып, сайлауалды бағдарлама аясындағы басымдықтар жөнінде ақпарат берді.

Өңірлік штаб өкілдері бұл кездесулер сайлауалды науқан аясындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге және азаматтармен ашық диалог орнатуға бағытталғанын айрықша атап айтты.

Ал, Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров кеншілер өлкесіне жасаған жұмыс сапары барысында бірқатар кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарды аралады.

Сапар аясында партия төрағасы «Баймырза-Агро 2018» және «Нұр СХ» ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жұмысымен танысты. Сонымен қатар, «Корзина» сауда-өндірістік кешеніне, «Қарағанды Жарық» ЖШС-не және «Луч» нейрооңалту орталығына барды.

Кездесулер барысында кәсіпорындардың қызметі, өндіріс барысы және жұмыс ұжымдарының қызметі таныстырылды және түрлі сала өкілдерімен пікір алмасу өтті.

Жұмыс сапары аясында С.Сапиев атындағы бокс орталығында «MADE IN RESPUBLICA» атты үгіт-насихат форумы ұйымдастырылды. Форум барысында партияның сайлауалды бағдарламасы мен партия қызметінің негізгі басым бағыттары таныстырылып, қатысушылармен ашық форматтакездесу өтті.

***

Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясындағы барлық кездесулердің негізгі өзегі – азаматтармен ашық байланыс орнатып, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылау. Облыста өкілдіктері тіркелген барлық саяси партия өкілдері тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бастамаларын таныстыруда. Мұндай диалог алаңдары халықтың үнін естуге, қоғамдық сұраныстарды саралауға және алдағы міндеттерді айқындауға мүмкіндік береді.

Жәлел ШАЛҚАР
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button