Болашаққа бастайтын таңдау
Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды саяси өзгерістер жүзеге асуда. Маңызды қадамдардың бірі – Құрылтай институтының құрылуы. Бұл жаңа саяси құрылым заң шығару қызметін жүзеге асырып, республикалық бюджетті бекіту, Үкіметтің қызметіне парламенттік бақылау жасау және елдің даму бағытын айқындайтын маңызды шешімдерді қабылдау міндетін атқарады. Биыл 23 тамызда елімізде алғаш рет Құрылтай депутаттары сайланады. Бұл – елдің жаңа саяси жүйесін қалыптастырудағы тарихи қадам.

Осы сайлау арқылы азаматтар заң шығарушы органның құрамын айқындап, мемлекеттің болашақтағы дамуына тікелей ықпал ету мүмкіндігіне ие болады.
Құрылтайдың басты ерекшелігі – оның құрамын халықтың таңдауы. Дәл сол таңдау елдің заң шығару жүйесінде қандай бастамалардың көтерілетінін және мемлекеттік саясаттың қандай бағытта жүзеге асатынын айқындайды.
Құрылтай заңдарды қабылдайтын, республикалық бюджетті бекітетін, Үкіметтің жұмысына бақылау жүргізетін және ел дамуына қатысты маңызды шешімдер қабылдайтын жоғары өкілді орган ретінде жұмыс істейді. Сондықтан, оның құрамының кәсіби әрі жауапты болуы қоғам үшін де, мемлекет үшін де аса маңызды. Басты мақсаты – қоғамдағы маңызы жоғары пікірлердің заң шығару деңгейінде көрініс табуына мүмкіндік жасау. Бұл азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мәдениетін нығайтып, елдегі маңызды мәселелерді шешудегі халықтың рөлін арттырады. Мемлекеттік шешімдердің тиімділігі де қоғамның белсенділігіне және халықтың сеніміне тікелей байланысты.
Ұсынылып отырған жобаға сәйкес, Құрылтай 145 депутаттан тұрады. Олар жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды жүйемен бес жыл мерзімге сайланады. Одан бөлек, депутаттардың өкілеттігі, Құрылтайдың жұмыс тәртібі және заң қабылдау рәсімдері жаңа құқықтық нормалармен айқындалады.
Әрбір сайлаушы дауыс беру арқылы – ел ертеңіне үлес қосады. Сайлау барысында әркім өз таңдауын еркін жасап, елдің алдағы даму бағытына қатысты көзқарасын білдіреді. Бұл – Конституциямен кепілдендірілген құқық қана емес, қоғамның болашағына бағытталған ортақ жауапкершілік. Халық сеніміне ие болған депутаттар миллиондаған азаматтың өміріне әсер ететін маңызды заңдар мен шешімдерді қабылдайды. Бір ғана дауыс жалпы қорытындыға әсер етуі мүмкін. Сондықтан сайлауға қатысу – азаматтық жауапкершілікке әрі мемлекет тағдырына бейжай қарамайтын ұстанымға негізделеді. Белсенді қоғам ғана тиімді мемлекеттік институттардың қалыптасуына негіз бола алады.
Заң шығару қызметінің нәтижелі болуы азаматтардың пікірін ескеруге, қоғам сұранысына дер кезінде жауап беруге және ел мүддесін басты орынға қоюмен байланысты. Сондықтан, алдағы сайлау – жай ғана саяси науқан емес, еліміздің болашағын айқындайтын маңызды кезең.
Құрылтайдың қандай құрамда жұмыс істейтінін халықтың таңдауы шешеді. Бұл орайда әрбір азаматтың дауысы маңызды. Себебі, елдің ертеңі – халықтың саналы таңдауы мен белсенді азаматтық ұстанымына тікелей байланысты.
Аяулым СОВЕТ
“Ortalyq Qazaqstan”
