Мемлекет және қоғам қайраткері, Астана Мемлекеттік қызмет хабының Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан БӘЙМЕНОВ: Батырдың тұлғалық болмысы ұлтқа қызмет ете береді
Бұл сұхбат маған өте қиынға түсті.
Қазақтың тұңғыш ғарышкері, аңыз тұлға Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровпен етене жақын жүріп, күн аралата хабарласып отырған сырына қанық бауырының бірі болсам да, кібіртіктеп қалдым. Көңілге күдік ұялап, жүрекке күмән бекініп алсын. Былай қарасаң, Тоқтар аға туралы ең көп жазған журналистің бірімін. Қайтадан мазалап, уақытын алудың өзі ыңғайсыз. Оның үстіне, біраздан бері Батыр ағаның асыл жары Татьяна Михайловна сырқаттанып жатқандықтан, қолқалаудың да реті келмеді. Тіпті, қолқалағанның өзінде «Сен мен туралы жақсы білесің ғой», – десе ше? Ал, өзім білетін деректер негізінде жаза берсем, бұрын жазғандарым мен ұстазым, қарымды қаламгер Мағауия Сембайдың жазғандарының шеңберінен шыға алмай қалуым мүмкін.
Ақыры, тығырықтан шығар жол тауып, белгілі мемлекет қайраткері Әлихан Мұхамедияұлы Бәйменовпен хабарласып, сұхбат алуға келістім. Алайда, «Көзі тірі адам туралы замандас бауырынан сұхбат алғаным қалай болар екен?», – деген сауал көкейімнен кетпей қойғаны. Оқырман қалай қабылдайды? Көп ойланып, бәрібір Тоқтар аға өзі туралы көсіліп ештеңе айта қоймайды, одан да Батырдың азаматтық қалпы, боямасыз болмысы туралы Әлихан ағаны сөйлетейін деген тоқтамға келдім.
Сонымен, әлқисса…

– Әлихан аға, қазақтың нар тұлғалы батыр ұлымен аға-інілік сыйластық, айнымас достықтарыңызға да 35 жылға жуықтап қалған екен. Аға досыңыздың 80 жас мерейтойы құтты болсын! Тоқтар ағамен қашан, қалай таныстыңыздар?
– Рахмет! Ең әуелі, әңгімемізді Сіздердің «Орталық Қазақстан» газеттеріңізден бастайын. «Орталық Қазақстан» газеті – менің әліппем. 4-5 жасымда әріп танып, басын қосып оқыған сөзім өзің басқарып отырған «Орталық Қазақстан» газетінің атауы болатын. Әкей марқұм «Орталық Қазақстан» мен «Известия» газетін үзбей жаздырып алатын. Сол екі газеттің атауын ежіктеп оқып, хат таныдым.
Бүгін мерейлі 80 жасқа толып отырған Тоқтар ағамыздың ғарышқа самғау сәтінен бастап, бүгінгі мерейлі сәтіне дейін әр қадамын қалт жібермей, ормандай оқырманға қазақ батырының даңқын дәріптеп, абыройын асқақтатып келе жатқан бірден-бір басылым осы «Орталық Қазақстан» газеті болды. Кейбір жылдары Тоқаңның саяси ұстанымына байланысты оның көлеңкесінен қорқып, еліміздің барлық бұқаралық ақпарат құралдары жұмған аузын ашпай қалғанда да, батырға құрмет көрсетудің шынайы үлгісін танытқан батыл басылым «Орталық Қазақстан» болғанын да жақсы білемін. Сол үшін Сіздерге рахмет айтамын.
Ал, Тоқтар ағамен алғашқы таныстығым туралы айтатын болсам, 1992 жылы Ағыбай батырдың 190 жылдық мерейтойында, Айыртаудың бөктерінде танысқан едім. Мына сәйкестікті қараңыз… Батырмен батырдың тойында таныстым. Ал, дәл қазір екеуміз Тоқтар аға туралы әңгіме өрбітіп отырған біздің ғимарат Ағыбай батыр көшесінің бойында, Кенесары хан ескерткішінің жанында орналасқан. Мұны рух сабақтастығын паш еткен тылсым күштің құдіреті десе де болатын шығар…
Мен ол кезде бұрынғы Жезқазған облысы әкімінің орынбасары болатынмын. Ағыбай батырдың тойы өткен сол кездегі Ақадыр ауданы Жезқазған облысына қарайды. Мен тойды ұйымдастыру алқасының төрағасы болдым да, батыр тойына келген мәртебелі меймандарды қарсы алып, шығарып салуға тікелей жауапты болдым.
Тоқаң тойға тікұшақпен ұшып келді. Алғаш көруім. Тікұшақтан еңгезердей батыр түсіп келе жатты. Бес қаруын асынбаған демесеңіз, түр-тұлғасы келісті, жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, нағыз нар тұлғалы батырмен бетпе-бет келгендей әсерде болдым. Кешегі Қабанбай, Бөгенбай, Ағыбай, Наурызбай бабаларымыз осындай болған шығар деген ойда болдым. Тоқтар ағаның бітім-болмысына қарап: «Қазақтың нағыз батыры екен!» деп сүйсінгенім әлі есімде.
Бұрнағы жылдары Америкаға жасаған сапарымда Вашингтон қаласындағы Ұлттық авиация және космонавтика музейінде болдым. Сол музейде орналасқан алғашқы ғарыш кемелерінің түпнұсқасын көріп: «Мына ғарыш кемесіне біздің Тоқаң қалай сыйды екен?» деген ойға келдім.
…Тоқтар ағамызбен алғаш танысқандағы әсерім осындай болған. Ол кезде Тоқаңның ғарышқа ұшып, Алаштың арман-мұрат, аманатын жеті қат көкке жеткізіп, бодандықтың бұғауын үзіп келгеніне жыл айнала қоймаған. Елдің құрметі, өзінің атақ-даңқы аспандап тұр. Аз уақытта аңызға айналған адамның кеудесіне нан пісіп, тәкәппарлықтың тұғырына бекініп алатын әдеті ғой. Бұл – жай ғана әдет емес, ушыққан кесел. Алғашында Тоқаң туралы сондай ойымның болғаны да жасырын емес. Бірақ, бір көріп, саулық сұрасқан қас-қағым сәтте мен Батырдың қарапайымдылығына тәнті болдым.
Міне, содан бері Тоқтар ағамен арадағы аға-інілік сыйластығымызға 35 жылға айналып барады. Әр жылдары әріптес те болдық. Талай рет сапарлас та болып жүрміз.
– Бәрекелді! Осы ұзақ жылғы берік достықтарыңыздың дәнекері не деп ойлайсыз?
– Арамыздағы мүдделес сыйластыққа негіз болған факторларды бірнеше бағытта қарастыруға болады. Біріншіден, бір-бірімізге деген құрметті атар едім.
Кез келген батырдың тұлғалық қыры тек бойының биіктігімен, білегінің жуандығымен ғана емес, жүрегінің тазалығымен, намысының қуатымен анықталады ғой. Әр адамның кісілік келбетін кемелдендіретін қандай ізгі қасиеттер бар, соның барлығы Тоқаңның бойынан табылады. Сол қасиеттері үшін құрметтедім!
Одан кейін, Тоқаң – кеңестік жүйенің бұратана халықтарға деген ғасырлар бойы қалыптасқан өгей пиғыл, қиғаш көзқарасының күлін көкке ұшырған тарихи тұлға! Ғарышты игеру, ғарышқа ұшу – адамзат баласының ежелден бергі арманы. Адам баласы ғарышқа ең әуелі арман-қиялымен самғады. Аңыз-ертегі, көне мифтерде көркем қиялымен ғана көкжиектен көтеріліп көрген адамзат тарихындағы сол арман ХХ ғасырда ғана ақиқатқа айналды. Яғни, 1961 жылы 12 сәуірде ғарышқа адам баласы қанат қақты. Юрий Гагариннің ғарыш кемесімен көкке көтеріліп, ашық орбитаға шығуы қаншалықты ғаламат жаңалық болса, дәл сол күні қазақ даласының да даңқы аспандаған. Өйткені, әлем назары қазақ даласына – біздің Байқоңырға ауды. Алайда, одан кейін 30 жыл бойы сол «Байқоңыр» ғарыш айлағынан көкке самғайтын бір қазақ ғарышкерінің болмауы біздің өкінішімізді еселеп, рухани кекке айналды. Жердегі байлығымызды иеленіп, көктегі жолымызды бөгеген кеңестік жүйенің империялық саясатына не айтасың?!
Қазір есіме түсіп отыр, сонау 70-ші жылдардың соңында, студент кезімде институт оқытушыларымен ұлттық мәселелер жөнінде, коммунистік идеологияның бұратана халықтарға деген көзқарасы туралы пікірталастар өткізетінбіз. Сондай бір кездесуде мен «Ғылыми коммунизм» пәнінің оқытушысына «Байқоңыр» ғарыш айлағы біздің жерімізде тұрып, неге әлі күнге бір қазақ ғарышкері ғарышқа ұшпады?» деген сұрақ қойыппын. Бұл оқиғаны жақында бірге оқыған жолдасым есіме салды. Мен ұмытып қалған екенмін. Міне, қазақ ғарышкерінің ғарышқа ұшуы әр қазақтың жүрегіне жөргектелген арман еді.
Кеңес Одағының билігі Тоқаңды ғарышқа қазақты мүсіркегеннен ұшырған жоқ. Иә, сол кездегі Президентіміз бен Одақ билігі арасында келісім болған шығар. Бірақ, Тоқтар Әубәкіров қазақ халқының талай жылғы арманының символындай болып, ғарышқа самғауға барынша дайын болғанын неге айтпаймыз? Оның сынақшы-ұшқыш ретіндегі талай ерліктері, жылдамдығы дыбыстан шапшаң реактивті әскери ұшақты кемеге қондырып, қайта көтерілгені Одақтың қорғаныс саласын әлдеқашан мойындатып тастаған. Осы тұрғыдан алғанда, Тоқаң – қазақтың ұзақ жылғы арманын ақиқатқа айналдырған алтын қанатты қыраны!
Сол ерліктері үшін құрметтеп келемін!
Ал, ғарышқа перзенті ұшқан ұлт жаңа деңгейге көтерілгендей болады. Гагариннің ғарышқа жасаған сапарынан кейін әрбір ер баланың жүрегінде «Ғарышкер боламын» деген арман бүр жарғаны белгілі. Мен де, сіз де – солардың біреуіміз.
Біздің Тоқаң – ғарышқа біз секілді миллиондаған ер баланың орындалмаған арманын алып ұшқан, асқақ армандардың символындай болған тұлға. Сол үшін де құрметім бөлек!
– Сонда Тоқтар Әубәкіровті дәуірлер тоғысында халықтың арманын аялап, сеніміне серпін берген тұлға ретінде бағалайсыз ғой…
– Әрине, Тоқаң қазақ тарихында Жер- Ананы ғарыштан көрген тұңғыш қазақ болып қалады. Тұңғыш ғарышкеріміздің самғау сәті қазақ халқы үшін алмағайып дәуірмен дөп келді. Одақ ыдырап жатыр. Алдымыз – тұман, ертеңіміз – күмән. Сол кезеңде Тоқтар Оңғарбайұлының ғарыш сапары біздің бойымызда жаңа сенімнің қалыптасуына ерекше әсер етті.
Тоқаң ғарыш сапарынан оралғаннан кейін аз уақытта Қазақстан Тәуелсіздігін жариялады. Жақсы ырымға баладық. Ерекше рухтандық. Ғасырлар бойы арманымыз болған Азаттық рухын бізге Тоқаң алып келгендей әсерге бөлендік. Мұның барлығы орындалған арманның нышаны еді. Біз сол жылдары «Тәуелсіздік романтикасы», «Демократия романтикасы», «Нарықтық экономика романтикасы» деп аталатын үш түрлі романтикамен өмір сүрдік қой. Ертеңге деген жігерімізді оятып, сенімімізді серпілткен сол үш романтиканың қуат көзі де, бастауы да Тоқаңның ғарыш сапары деп бағалаймын өз басым. Тоқтар Әубәкіров ашық орбитаға шыққан күні қазақтың рухы жаңа кеңістікке шығып, бүкіл жаһанға «Біздің қолымыздан бәрі келеді!» деп жар салып тұрды.
– Әлгінде бір сөзіңізде «Әріптес те болдық» деп қалдыңыз. Жолдарыңыз қай салада түйісті?
– Алғашқы танысқан сәттен бастап, мен өзімді Тоқтар ағаның мүдделесімін деп санадым. Өйткені, жақын таныса келе, екеуміздің арман-мұраттарымыз бір арнаға тоғыса бастады. Екеуміз де елдік мүдде жолында ой тоқайластырдық. Елдің ертеңі үшін алаңдадық, ат болдырттық. Мемлекеттік қызметте де қанаттас қызмет атқардық. Мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған жылдары ол кісі Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымында қазмет істеді. Кейін саясатта да жолымыз түйісті.
Сонымен қатар, Тоқтар аға – тек тұлғасымен ғана емес, бүкіл жаратылысымен, көркем мінез, кемел болмысымен батыр. Мен қайсыбір жылдары саяси додаға түскенде, Ресейдің бір телеарнасы мен туралы хабар жасады. Сценарий бойынша мен атқа мініп, ат үстінен сұхбат беруім керек екен. Жасыратыны жоқ, замана талабы мен өзімнің азаматтық ұстанымыма сай оқшау «мінез» танытып, билікке жақпай жүрген кезім. Астана төңірегінен әрі кетсе бір сағатқа міне тұратын ат таппадық. Ат бар. Бірақ, ешкім бергісі келмейді. Амалым таусылып, Тоқтар ағама қоңырау шалдым. Ол кісінің қала маңында ат қорасы болатыны есіме түсіп кетті. Ешкімге жалтақтамай-ақ, бірден келісті.
– Әңгіме ауаны ақыры саясатқа ойысты ғой, ұрымтал сұрақтың реті келіп тұр, Аға… Тоқтар Әубәкіровтің бір кездердегі саяси ұстанымын қолдадыңыз ба?
– Қолдадым. Өйткені, ол жерде ұлт мүддесі тұрды. Тоқаң ешқашан қазаққа, жүйеге, Тәуелсіздікке қарсы шыққан жоқ. Ол халықтың үстінен қара басының несібесін айырған жекелеген саяси тұлғаларға қарсылық білдіремін деп, ресми билікке жақпай қалды. Ұлттық мүддеге қалқан болған батырдың ұстанымын неге қолдамасқа?!
– Дегенмен, Тоқтар ағаның ел алдындағы абырой-беделін, халықтың Батырға деген ықыласын пайдаланғысы келген саяси топтар болды ма?
– Болған да шығар, болмаған да шығар. Егер, тарихи тұлғаның абырой-беделін пайдаланып, саяси ұпай жинамақ болған арандатушы топтар болса, олардың әрекеті батырға қиянат, келер ұрпақ алдындағы кешірілмес күнә болар еді.
Мен мынадай бір оқиғаны айтқым келеді. 2004 жылғы сайлау додасы шиеленіскен жағдайда өткені естеріңізде болар. Мен – «Ақжол» демократиялық партиясының төрағасымын әрі партиялық тізімнің басында тұрған үміткермін. Үгіт-насихат жұмыстарымен Қызылорда облысына бардық. Біздің партиядан жеке мандатты округ бойынша үміткеріміз белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіп болатын. Тоқаң сол округтен додаға түсіп жатыр. Яғни, Нұртөренің бәсекелесі. Сол сапарда мен облыстық телеарнаға Тоқаңмен келісіп сұхбат бердім және тікелей эфирде өзімнің Тоқтар Әубәкіровті қолдайтынымды айтып, қызылордалықтарды да Тоқаңды қолдауға шақырдым. Менің партиялық саясат жөніндегі ұстанымымды Батырға деген құрметім жеңіп кетті. Сол жолы мен Тоқаңды «Ақжолға» шақырмай-ақ, партиямыздың Тоқаңды қолдайтынын эфир арқылы жеткізгенім үшін өзіме әлі күнге дейін риза боламын.
– Тамаша! Қазақта «Батыр – аңғал» деген сөз бар? Тоқтар ағаның осал тұсы неде?
– Бұл сұрақтың жауабын өзіңіз беріп қойдыңыз ғой (күлді, ред.). Аңғалдығы. Тұрпаты да, мінезі де батыр бола тұра, Тоқаңның жүрегі жұмсақ, нәзіктігі және бар. Мүмкін, ол да осалдығы болар. Бірақ, кәсіби тұрғыдан да, адамгершілік тұрғысынан да, елін елжірей сүйген жүрегінен де титтей осалдық көрмеппін.
Ал, Тоқаңа ғана емес, барша адам баласына атақ та, даңқ та сынақ ретінде беріледі ғой. Сол атақ пен даңқты, елдің шексіз құрметі мен ыстық ықыласын көтеріп, алып жүру үшін батырға да, ақынға да қарапайымдылық керек деп ойлаймын. Менің өмірлік формулам бойынша, адамның ішкі мәдениеті өзінің атақ-даңқынан, лауазымынан биік болса, ол адам арзан атақ, даңғаза даңқпен келетін сынақтан сүрінбей өтеді. Өзінің ел алдындағы, тарих алдындағы рөлі сонша жоғары бола тұра, ішкі мәдениетін ірітпей, қарапайымдылығын сақтап қалған бір адам болса, ол – Тоқтар Әубәкіров. Сол қасиеті үшін құрметтеймін!
– Туған жерден 40 жыл жырақта жүрген Батырдың өте қысқа мерзімде ұлттық құндылықтарды бойына қайта сіңіріп алуы – оның әскери саладағы ерліктерінен әлдеқайда жоғары ерлік екені белгілі. Тоқтар ағаның өскелең ұрпаққа үлгі етуге боларлық тағы қандай асыл қасиеттерін атар едіңіз?
– Иә, Тоқтар ағамыздың ұлттық құндылықтарға деген шексіз құрметінен оның қазаққа деген махаббатын аңғаруға болады. Елде туып, елде оқыған, туған жерде қызмет етіп жүрген кейбір замандастарымыздың ана тілінде сөйлей алмауы – өкінішті, әрине. Солар Тоқтар ағамыздың ұлтқа деген құрметі мен махаббатынан үлгі алса екен деймін.
Әлгінде айтып өттім ғой, Тоқаңның тәкәппарлыққа жол бермеген ішкі мәдениеті, қарапайымдылығы, білімділігі, кәсібилігі, табандылығы, намысы, бәрі-бәрі – ұлт батырының ұстынын бейнелеп тұрған боямасыз болмыс. Батырдың осы тұлғалық болмысы ұлт ұландарының бойында келешекке деген сенімді нығайтуға қызмет ете беретін болады.
– Рахмет, Әлихан аға! Ал, бүгінгі қоғам тұңғыш ғарышкерімізге лайықты құрмет көрсетіп отыр ма?
– Әрине, Алаш жұрты Батырын алақанынан түсірген жоқ. Жасыратын несі бар, ресми билік ағамызға қырын қараған кезде де Тоқаң халықтың ықылас-құрметінен шет қалған жоқ. Жалпы, Тоқтар Әубәкіров – тұңғыш ғарышкер ғана емес, көзінің тірісінде атына ауыл, мектеп, көше атауы берілген тұңғыш қазақ. Ол – бұл құрметке барынша лайықты!
Биылғы 80 жас мерейтойы да туған жері Қарағанды, Қарқаралы өңірінде ғана емес, ел аумағында кең көлемде аталып жатыр. Иә, бүгінгі күні белгілі тұлғалардың мерейтойын ұйымдастыру форматы да өзгеріп жатыр ғой. Өзгермегені – Батырға деген ел құрметі.
Астанада ардагерлер спорт клубы бар. Басшысы – генерал Абай Тасболатов. Сол кісі өңірлерге сапары кезінде үнемі үстел теннисі мен волейболдан турнир өткізуді дәстүрге айналдырған. Жақында Абай облысының Үржар ауданына барып, сол дәстүрлі турнирімізді өткізіп қайттық. Биыл турнир бағдарламасына ұлттық тоғызқұмалақ ойынын қосып, Тоқтар Әубәкіров атында жүлде тағайындадық. Міне, аз да болса, Батыр мерейтойына қосқан біздің үлесіміз осы болды.
Қазақтың бағына туып, ұлтының абыройын асқақтатқан тарихи тұлғаның мерейтойы құтты, ғұмыры ұзақ болсын!
– Айтқаныңыз келсін! Сырға толы риясыз сұхбатыңыз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан Ерсін МҰСАБЕК



