Спорт

Үмітті ақтаған үш медаль

Иорданияның астанасы Амман қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты өтті. Оған әлемнің 27 елінен кіл мықтылар қатысып, өзара бақ сынады. Нәтижесінде, ұлттық құрама спортшылары бес алтын, төрт күміс және үш қола жүлде еншілеп, жалпыкомандалық есепте ІІ орын иеленді. Ал, ұлттық құрама сапында сынға түскен қарағандылық спортшылар бір алтын, бір күміс және бір қола жүлдемен оралды.

Сурет жеңімпаздың жеке мұрағатынан

100 келіге дейінгі салмақта белдескен «Жас Сұңқар» спорт мектебінің тәрбиеленушісі Санжар Ерұланұлы чемпионат барысында бес кездесу өткізіп, қарсылас шақ келтірмеді. Ақтық сында жерлесіміз өзбекстандық спортшымен белдесіп, қарсыласын таза жеңген. Ал, +78 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Руслана Махатова чемпионаттың күміс жүлдегері атанды. Ол екі кездесу өткізіп, қос қарсыласынан да ұпай айырмашылығымен басым түскен. Өкінішке орай, ақтық бәсеке үшін өткен белдесуде өзбекстандық балуаннан айласын асыра алмады.

48 келіде өнер көрсеткен тағы бір жерлесіміз Айзат Наукенова чемпионаттың қола жүлдегері атанды. Ақтық кезең жолдамасы үшін өткен бәсекеде Ветьнам споршысынан жеңілгенімен, қола жүлде үшін бәсекеде Үнді палуанынан айласын асырды.

– Руслананың ақтық кезеңдегі қарсыласы осал емес еді. Десе де, ол бұл қарсыласын бұған дейін Азия кубогында жеңген. Содан болса керек, Руслана өзіне сенімді шығып, қателікке бой алдырды. Негізі, ол финалға шығуы үшін Тайпей спортшысымен белдесіп, бар күшін сол қарсыласына жұмсады. Ол да осал қарсылас емес. Сол кездесуден де шаршаңқырап қалды. Айзат та өзіне сенімді шығып еді. Өкінішке қарай, ол да жеңіліп қалды. Екеуі де психологиялық тұрғыдан қарсыластарынан жеңілді. Әйтпесе, Айзат та ақтық кезеңге дейін жетер еді, – деді дзюдодан Қарағанды облысының жастар арасындағы аға бапкері Қайрат Жұмабек.

Күзде Азия және Әлем чемпионаты. Сол чемпионатқа дайындалуы үшін үшеуі де Италияға оқу-жаттығу жиындарына аттанды. Жерлестеріміз сол турнирден де жүлделі оралады деген сенімдеміз.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button