БалқашАймақБас тақырып

Балқаштағы демалыс орындарына апаратын айналма жол тамызда пайдалануға беріледі

Балқаштағы Тораңғалық пен Шұбартүбек бағытындағы танымал демалыс орындарына қатынау алдағы уақытта әлдеқайда қолайлы болмақ.  Қазіргі таңда республикалық автожолдың аталған учаскесінде теміржол өткелін айналып өтетін жолдың құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жаз мезгілінде бұл бағыттағы теміржол өткелі жүргізушілер үшін ең күрделі нүктелердің бірі саналатын. Пойыз өткен сайын көлік қозғалысы уақытша тоқтатылып, жүздеген автокөлік ұзын-сонар кептелісте қалатын. Демалушылар легі артатын маусымда бұл мәселе тұрғындар мен туристердің жиі наразылығын туғызған еді. Осы түйткілді шешу мақсатында республикалық маңызы бар автожолда айналма жол салу жобасы қолға алынды. Құрылысты «Стандарт 1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда.

Мердігер ұйымның учаске басшысы Қанат Құрманғалиевтің айтуынша, жоба өткен жылы басталған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының шамамен 70 пайызы аяқталған. Жобаға сәйкес жолға екі қабат асфальт төселеді. Оның бірінші қабаты толық аяқталса, екінші қабатының 80 пайызы салынған. Құрылыс алаңында 20-ға жуық арнайы техника мен білікті мамандар еңбек етуде. Жаңа айналма жолдың жалпы ұзындығы 4 шақырымды құрайды. Қазір негізгі құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Мердігер ұйымның мәліметінше, нысанды пайдалануға беру биылғы 20 тамызға жоспарланған.

Айта кетейік, жоба іске қосылғаннан кейін Балқаш көлінің жағалауына қатынайтын көлік қозғалысы едәуір жеңілдеп, жүргізушілер теміржол өткелінде уақыт жоғалтпайтын болады. Бұл өз кезегінде жол қауіпсіздігін арттырып, өңірдің туристік инфрақұрылымын дамытуға да оң ықпал етеді.

Автор: Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Back to top button