Жеті ойында жеңіске жетті
Қарағандылық «Шахтер» осымен жетінші ойын қатарынан жеңілмей келеді. Бірінші лиганың XIV туры аясында сырт алаңда Екібастұздың «Батыр» клубымен қарымта кездесіп, екінші ойында да 2:0 есебімен сенімді жеңді. Осылайша қарағандылық команда чемпионаттың екінші айналымын сәтті бастап, маңызды үш ұпайды еншіледі.

Жерлестер ойын басталысымен тізгінді өз қолына алып, қарсылас қақпасына үздіксіз қысым көрсетті. Допқа иелік етіп, қос қаптал арқылы шабуылдар да ұйымдастырды. Тактикалық тұрғыдан сауатты ойын үлгісін көрсетіп, қарсыластарынан бір бас жоғары екенін көрсетті. Нәтижесінде, кездесудің 38-ші минутында есеп ашылды. Гол авторы – жартылай қорғаушы Андрей Ульшин. Ол өзіне жеткен допты сол қапталдан әріптестеріне бағыттап әуелете пас шығарған. Алайда, оның асырған пасына әріптестері жетпеді. Ал, доп траекториясын өзгертпестен қарсылас қақпасының торынан бір-ақ шықты. Осылайша, Андрей Ульшин күтпеген жерден әдемі гол салып, командасын алға шығарды.
Қарағандылықтар екінші голды кездесудің 61-ші минутында соқты. Бұл жолы Рифат Нұрмұғамет мергендігімен көзге түсті. Нәтижелі шабуыл сол қапталдан өрбіген. Шабуылшы айып алаңының сыртынан дәл әрі екпіндете тепкен соққысы қарсылас қақпашысын қапы қалдырды. Қақпашы доптың бағытын аңғарғанымен, оны қайтаруға шамасы жетпеді. Осылайша, «Шахтер» сырт алаңда сенімді жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті.
«Шахтердің» Премьер-лига жолдамасы үшін негізгі бәсекелестерінің бірі – алматылық «Қайрат-Жастар» командасы. Қазіргі таңда қос клуб турнир кестесінде ұпай саны бойынша қатар келеді. Ал, тағы бір басты қарсылас – түркістандық «Тұран» болатын. Алайда, өткен турда қарағандылықтар өз алаңында «Тұранды» тізе бүктіріп, турнир кестесіндегі жағдайын едәуір жақсартты. Нәтижесінде, кеншілер өкшелеп келе жатқан қарсыласынан тоғыз ұпайға ұзап, премьер-лигаға тікелей жолдама беретін алғашқы екі орынның біріндегі позициясын сақтап қалды.
Енді «Шахтер» келесі кездесуін 24 шілде күні өз алаңында өткізеді. Бұл жолы қарағандылықтар «Арыс» клубын қабылдап, жеңісті сериясын жалғастыруға тырысады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



