Нұра кентіндегі Болат Әбдікәрімов атындағы көпсалалы колледж негізінде аумақтық қорғаныс күштерінің арнайы техникалық оқу-жаттығу жиыны салтанатты ашылды.

Шілденің ортасы ауғанша жалғасатын оқу-жаттығуға ауданнан жүзден астам әскери міндетті азамат қатысуда. Арнайы жиынның негізгі мақсаты – әскери міндеттілердің жауынгерлік даярлығын жетілдіру, жұмылдыру дайындығын нығайту және төтенше жағдайлар кезінде бірлескен іс-қимыл дағдыларын қалыптастыру.
Жиынның алғашқы күні оған қатысушылар арнайы әскери киім-кешекпен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, оқу-жаттығудың тәртібімен, бағдарламасымен танысты. Онкүндік бойы олар саптық дайындық, тактикалық іс-қимылдар, атыс даярлығы, әскери машықтарды жетілдіруге бағытталған теориялық және тәжірибелік сабақтарға қатысады.
Оқу-жаттығу сабақтарын Қарағандыдан келген тәжірибелі әскери қызметшілер жүргізуде. Бағдарлама аясында әскери міндеттілердің кәсіби дайындығын арттырумен қатар жұмылдыру кезеңіндегі міндеттерді орындау, төтенше жағдайлар кезінде жедел әрі үйлесімді әрекет ету дағдылары пысықталады.
Мұндай арнайы жиындар әскери міндетті азаматтардың даярлық деңгейін арттыруға, олардың Отан алдындағы жауапкершілігін күшейтуге, аумақтық қорғаныс жүйесінің тиімділігін нығайтуға бағытталған маңызды іс-шаралар қатарына жатады.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



