АймақБұқар жырау

Ботақарада жас боксшыларға арналған шеберлік сабағы өтті

Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайын Ботақара кентіндегі бокс залында өткен шеберлік сабағына қатысып, жас спортшылармен және сала ардагерлерімен кездесті.

Суреттер Бұқар жырау ауданы әкімдігінен

Іс-шараға қазақ боксының дамуына елеулі үлес қосқан тәжірибелі мамандар арнайы шақырылды. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері, әлем чемпионы Геннадий Головкиннің алғашқы бапкерлерінің бірі Ғалымбек Кенжебаев, сондай-ақ халықаралық және республикалық турнирлердің жеңімпазы Ғарифолла Нұрғалиев бар.

– Білекті ғана емес, жүректі де тәрбиелеу керек. Спорт – темірдей тәртіп, адалдықты талап етеді.. Осы қасиеттердің барлығы сендердің бойларыңнан табылуы тиіс. Ең бастысы – елін, жерін сүйетін, намысты азамат болып өсіңдер, – деді аудан әкімі Ерлан Құсайын.

Кездесу барысында жас боксшыларға жаттығу үдерісіндегі маңызды әдіс-тәсілдер көрсетіліп, рингтегі шеберлікті жетілдіру жолдары түсіндірілді. Тәжірибелі спорт мамандары кәсіби спорттағы тәртіптің, төзімділіктің және үздіксіз еңбектің маңызын атап өтіп, жастармен өз тәжірибелерімен бөлісті.

– Сендер де аянбай еңбек етіп, жақсы нәтиже көрсетіп, сабақты үздік оқысаңдар, әлемді аралайсыңдар. Мемлекет барлық жағдайды жасап отыр: спорт зал бар, білікті бапкерлер бар. Ең бастысы – еңбек ету керек. Сонда ғана чемпион атанасыңдар, – деді Ғалымбек Кенжебаев.

Шеберлік сабағына қатысушылар спортшыларды толғандырған сұрақтарға жауап беріп, үлкен жетістіктерге жету жолындағы негізгі қағидалар туралы әңгімеледі.

Өз кезегінде аудан әкімі Ерлан Құсайын жас спортшыларға сәттілік тілеп, олардың алдағы жарыстарда аудан намысын абыроймен қорғайтынына сенім білдірді. Сондай-ақ аудан әкімінің атынан боксшыларға естелік сыйлықтар табыс етілді.

Бүгінде Ботақара кентіндегі бокс үйірмесіне 64 жасөспірім тұрақты түрде қатысады. Олардың қатарында спорт шеберлігіне кандидаттар мен спорттық разряды бар жас спортшылар бар. Жаттықтырушы Арман Шалғанбаевтың шәкірттері облыстық және республикалық жарыстарда аудан мерейін үстем етіп келеді.

Мұндай кездесулер өскелең ұрпаққа тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың үлкен спортқа деген қызығушылығын арттырып, жаңа белестерді бағындыруға жігер береді.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button