Балқашта жоғары технологиялық кардиологиялық бөлімше ашылды
Балқашта жоғары технологиялық кардиологиялық көмек бұрынғыдан да қолжетімді болды. Көпбейінді ауруханада рентгенэндоваскулярлық хирургия бөлімшесі ашылып, енді тұрғындар жүрек-қан тамырлары ауруларын емдету үшін Қарағандыға немесе басқа ірі медициналық орталықтарға бармай-ақ, күрделі оталарды өз қаласында жасата алады. Жаңа бөлімше алғашқы үш күннің өзінде 20-дан астам ота жасап, жұмысын штаттық режимде бастады.

Алғашқы пациенттердің бірі бұған дейін аортокоронарлық шунттау отасынан өткен ер адам болса, екіншісі – жедел коронарлық синдроммен шұғыл жеткізілген 78 жастағы әйел. Бөлімше меңгерушісі Алмас Қалымовтың айтуынша, ер адамға қан тамырлары мен бұрын орнатылған шунттардың жағдайын бағалау үшін бақылау коронарографиясы жасалды. Ал екінші пациентті тексеруі барысында коронарлық артерияның едәуір тарылғаны анықталды. Дәрігерлер дереу баллондық ангиопластика мен стенттеу отасын жүргізді. Екі процедура да сәтті өтті.

– Біз қазір шұғыл науқастармен қатар жоспарлы пациенттерді де қабылдай бастадық. 7 шілдеден бері үш күн ішінде 20-дан астам ота жасалды, бүгін тағы алты ота жоспарланған. Барлық медициналық көмек МӘМС жүйесі аясында тегін көрсетіледі. Бөлімше штаттық режимде жұмыс істеп тұр, – деді Балқаш көпбейінді ауруханасы директорының орынбасары Дәулет Тастамбеков.
Оның айтуынша, бөлімше қажетті мамандармен толық қамтамасыз етілген. Балқашқа жұмыс істеуге Қазақстанның өзге қалаларынан екі маман келіп, оларға қызметтік тұрғын үй берілген.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



