Медицина

Жаз мезгіліндегі ішек инфекцияларынан қалай қорғануға болады?

Жедел ішек инфекциялары адам ағзасының ас қорыту жүйесін зақымдайтын аурулар тобы болып табылады. Оларды бактериялар, вирустар және қарапайым паразиттер қоздырады. Көбінесе бұл аурулар дене қызуының көтерілуі, жүрек айну, құсу, іштің ауыруы және іш өту сияқты белгілермен байқалады.

Сурет magnific

Бұл топқа дизентерия, сальмонеллез, іш сүзегі, холера, иерсиниоз, сондай-ақ ротавирустық және норовирустық инфекциялар жатады. Олардың жұғу жолдары көп жағдайда ұқсас. Инфекция ағзаға лас қол, ластанған су және тағам арқылы түседі.

Аурудың өршуі көбінесе жылы мезгілде байқалады. Ыстық ауа райы тағамдағы микробтардың тез көбеюіне жағдай жасайды, ал табиғатқа шығу және тез бұзылатын өнімдерді тұтыну жұқтыру қаупін арттырады.

Ауру әдетте кенеттен басталады. Әлсіздік пайда болады, тәбет төмендейді, дене қызуы көтеріледі, іш ауырады, құсу және іш өту байқалады. Балаларда ауру ауыр өтіп, ағзаның сусыздануына тез әкелуі мүмкін, сондықтан ерекше назарды қажет етеді.

Инфекция көзі науқас адам немесе белгілері білінбейтін тасымалдаушы болуы мүмкін. Жұқтыру көбінесе тұрмыста жеке бас гигиенасын сақтамау немесе қауіпті тағам мен суды тұтыну кезінде болады.

Инфекциядан қорғанудың негізгі жолы — таза қол. Даладан кейін, әжетханадан соң және тамақ алдында қолды сабынмен жуу жұқтыру қаупін айтарлықтай төмендетеді.

Қауіпсіз су ішу маңызды. Әсіресе жаз мезгілінде және үйден тыс демалыс кезінде тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды қолданған дұрыс.

Көкөністерді, жемістерді, жидектерді және көк шөптерді мұқият жуу қажет. Тіпті сырттай таза көрінетін өнімдердің бетінде де қауіпті микроорганизмдер болуы мүмкін. Қарбыз бен қауынды да кесер алдында жуу керек.

Тамақ өнімдерін сатып алғанда олардың жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттарына назар аудару қажет. Сапасына сенімсіз жерлерден тағам сатып алмаған дұрыс. Әсіресе сүт өнімдері, салаттар, кремді өнімдер және ет өнімдеріне сақ болу керек.

Үй жағдайында тағамды дұрыс сақтау және дайындау маңызды. Шикі және дайын өнімдерді бөлек сақтау керек. Шикі ет және басқа да өнімдер үшін бөлек тақтай мен пышақ қолданған жөн.

Тағамды дұрыс термиялық өңдеуден өткізу өте маңызды. Ет, құс еті және жұмыртқа толықтай пісірілу керек. Дайын тағамды бөлме температурасында ұзақ қалдырмау керек, оны тоңазытқышта сақтап, қолданар алдында 75 °C-тан төмен емес температураға дейін толық қыздыру қажет.

Жаз мезгілінде су айдындарында демалу кезінде сақтық сақтау маңызды. Тек рұқсат етілген жерлерде шомылу керек, суды жұтып қоюдан аулақ болған жөн. Ашық су көздерінің суын ішуге және тамақ дайындауға пайдалануға болмайды.

Фонтанның суы шомылуға арналмағанын есте ұстау қажет. Ол санитариялық талаптарға сай келмейді және инфекция көзі болуы мүмкін.

Сондай-ақ жұмсақ балмұздақтың сапасына ерекше көңіл бөлу керек. Сақтау талаптары бұзылған жағдайда ол ішек инфекциясын тудыруы мүмкін, сондықтан тек сенімді орындардан сатып алған жөн.

Әсіресе балаларда, ішек инфекциясының белгілері пайда болған жағдайда, дереу дәрігерге қаралу қажет. Өзін өзі емдеу қауіпті болуы мүмкін.

Жедел ішек инфекцияларының алдын алу қарапайым гигиена ережелерін сақтау, қауіпсіз су пайдалану және тағам өнімдеріне дұрыс қарауға негізделеді. Бұл шаралар денсаулықты сақтаудың бірден бір дұрыс жолы.

 С.ИРИСТАЕВ
Шахтинск қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button