Қарағандыда Ұлттық домбыра күніне орай сәбилерге домбыра сыйға тартылды
Ұлттық домбыра күніне орай Қарағанды қаласындағы перинаталдық орталықтарда ерекше игі шара ұйымдастырылды. Мереке күні дүниеге келген нәрестелерге қазақтың қасиетті аспабы – домбыра тарту етілді.

Акцияға этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысып, жас аналарды қуанышты сәтпен құттықтады. Игі бастама алғаш Қарағанды қаласының №1 перинаталдық орталығында өтті. Шараның мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпақтың бойында туған күнінен бастап қазақтың төл мәдениетіне деген құрмет сезімін қалыптастыру. Домбыра – халқымыздың рухани мұрасы мен ұлттық болмысының айқын белгісі. Сондықтан Ұлттық домбыра күні дүниеге келген сәбилерге осы аспапты тарту ету – ерекше мәні бар игі дәстүр.

– Бұл акция жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Домбыра – қазақ халқының ұлттық рухын, мәдениеті мен болмысын айқындайтын қасиетті аспап. Ұлттық домбыра күні дүниеге келген сәбилерге домбыра сыйлау – үлкен тәрбиелік мәні бар игі бастама. Біз перзентханаға келіп, ата-аналарды жаңа туған нәрестемен құттықтаймыз. Қазақстанның ең жас азаматтарына тарту етілген бұл домбыра – жай ғана символдық сыйлық емес. Болашақта олар осы аспапты меңгеріп, ұлттық өнерімізді жалғастырады деп сенеміз. Бұл сыйлық олардың дүниеге келген ерекше күнін әрдайым еске салып тұрады. Елін сүйетін, қоғамға пайдасын тигізетін азамат болып өссін деген тілегіміз бар. Балаларды ұлттық мәдениетпен мүмкіндігінше ерте таныстыру өте маңызды. Тіпті сәби ана құрсағында жатқан кезден бастап бесік жыры мен халық әндерін естіп, анасының мейірімді дауысын сезінуі керек. Мұндай рухани орта баланың тыныш әрі үйлесімді дамуына ықпал етеді. Мұның физиологиялық, мәдени және әлеуметтік тұрғыдан да маңызы зор, – деді облыстық еврей мәдени орталығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Молотов Лучанский.
Акцияға қоғамдық ұйымдар, этномәдени бірлестіктер мен қайырымды жандар қолдау көрсетіп келеді. Осындай игі шаралар ұлттық дәстүрімізді, отбасылық құндылықтарымызды дәріптеп, қоғамдағы бірлік пен рухани сабақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
– Бұл – халық көптен күткен мереке. Ұлттық домбыра күні бекітілгелі бері халқымыздың домбыраға деген құрметі бұрынғыдан да арта түсті. Биыл бұл мереке жаңа Конституцияның қолданысқа енген кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Бүгін біз перзентханаға арнайы келіп, жаңа туған сәбилерді мерекемен құттықтап, ұлттық құндылығымыз – домбыраны тарту етудеміз. Қазақтың рухын асқақтататын ұрпақ көп болсын деген тілекпен осы сыйлықтарды табыстап жатырмыз, – деді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова.
Бүгін Қарағанды қаласының №1 перинаталдық орталығында 14 сәби дүниеге келді. Солардың бірі – Ерлік есімді нәресте. Ол – өз отбасының бесінші перзенті. Ұлттық домбыра күні дүниеге келген Ерлікке этномәдени бірлестіктердің өкілдері домбыра тарту етіп, ата-анасын қуанышты сәтпен құттықтады.

Сәбидің анасы мұндай ерекше сыйдың отбасы үшін үлкен мәнге ие екенін айтып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

– Ұлттық домбыра күнімен баршаңызды құттықтаймын. Осындай сый болады деп күтпедім. Осындай айтулы күні домбыраны дәріптеп, сәбилерге сыйға тартып жатқандарыңызға үлкен алғысымды білдіремін. Ерлік балам шаңырағымызда домбыра шертетін алғашқы жан болады деп сенемін, – деді Мөлдір Уйсинбекова.

Акция барысында жас аналарға ізгі тілектер айтылып, жаңа туған сәбилердің аман-есен өсіп, елдің абыройлы азаматтары болуына тілектестік білдірілді. Ұйымдастырушылар мұндай игі бастамалардың ұлттық мәдениетті насихаттауға, жас буынның ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.



