АймақҚарағанды

Құрал бұзылғанымен, қолдау үзілмейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мәселесіне ұдайы назар аударып келеді. Әсіресе, мүгедектігі бар азаматтар үшін қолайлы әрі кедергісіз орта қалыптастыру – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта 1 шілдеден бастап еліміздің үш өңірінде – Қарағанды, Ақтөбе және Павлодар облыстарында мүгедектігі бар азаматтарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етудің жаңа сервистік моделі пилоттық негізде іске қосылды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жоба не үшін қажет?

Қанатқақты жоба Қазақстан Республикасының 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – мүгедектігі бар азаматтарды оңалтуды үздіксіз қамтамасыз ету, техникалық құралдарды пайдалану барысында туындайтын түйткілдерді дер кезінде шешу.

Бұған дейін техникалық оңалту құралы берілгеннен кейін, кепілдік мерзімі аяқталып немесе ақау шыққан жағдайда азамат оны көбіне өз қаражатына жөндетуге мәжбүр болатын. Ал, жаңа сервистік модель осы аралықтағы олқылықты жоюға бағытталған. Енді құрал бұзылса, орталыққа жүгініп, құрал әлеуметтік-техникалық сараптамадан өтеді. Мамандар құралдың жағдайын анықтап, жөндеу қажет пе, әлде оны ауыстыру керек пе – соны нақтылайды. Ең бастысы, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан кезде азамат оңалту құралынсыз қалмайды. Қажет болған жағдайда айырбастау қорынан уақытша пайдалануға жарамды құрал беріледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Ұлттық әлеуметтік қорғау саласын дамыту ғылыми орталығының бас директоры Сырым Насидың айтуынша, жобаның басты мақсаты – мүгедектігі бар азаматтардың оңалту процесін үзбеу.

– Сервистік модель азаматтардың қолданыстағы құқықтарына ешқандай өзгеріс енгізбейді. Мүгедектігі бар азаматтар бұрынғыдай техникалық оңалту құралдарын әлеуметтік қызметтер порталы арқылы таңдап, заңнамада белгіленген тәртіппен ала береді. Жобаға қатысу ерікті негізде жүзеге асырылады. Мүгедектігі бар азаматтардың заңнамада көзделген барлық құқықтары толыққанды сақталады. Соның ішінде техникалық оңалту құралдарын әлеуметтік қызметтер порталы арқылы таңдау мүмкіндігі де өзгеріссіз қалады. Жаңа сервистік модель қолданыстағы жүйені алмастырмайды, керісінше, құралды пайдалану барысында туындайтын мәселелерді шешуге қосымша мүмкіндік береді. Пилоттық жоба барысында осы модельдің тиімділігі жан-жақты зерделенеді. Сондықтан, оны алдымен үш өңірде сынақтан өткізу жөн деп танылды, – деді Сырым Қажымұратұлы.

Жаңа жүйе қалай жұмыс істейді?

Жаңа сервистік модель бойынша азамат оңалту құралы істен шыққан жағдайда Ұлттық әлеуметтік қорғау саласын дамыту ғылыми орталығының өңірлік филиалына жүгіне алады. Қарағанды облысында мұндай орталық Қарағанды қаласында, Майқұдықта, Роза Люксембург көшесі, 1А мекенжайында орналасқан.

Мұнда әрбір азаматтың өтініші қабылданып, техникалық оңалту құралының жай-күйі сараптама комиссиясында сараланады. Комиссия құрамына әдіскерлер, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, сондай-ақ, қоғамдық ұйымдар кіреді.

Сараптама нәтижесінде құралдың жағдайы анықталады. Мамандар оның ұсақ, орташа немесе күрделі жөндеуді қажет ететінін белгілейді. Егер құралды қалпына келтіруге мүмкіндік болса, жөндеу жұмыстары ұйымдастырылады. Ал, жөндеу кезеңінде азаматтың оңалту процесі тоқтап қалмауы үшін айырбастау қорынан уақытша пайдалануға жарамды техникалық құрал беріледі.

– Азамат бүгін жүгінсе, өтініші сол күні қабылданады. Арнайы маман мен әдіскер оның жеке оңалту бағдарламасына сәйкес келетін арбаны немесе жүріп-тұру құралын қарап, қажеттілігіне қарай уақытша пайдалануға береді. Барлық процесс цифрлық форматта жүргізіледі. Құралдың қашан берілгені, қашан жөнделгені, қандай бөлшегі ауыстырылғаны – бәрі жүйеде сақталады. Бұл жоба қорытындысы бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді. Егер әлеуметтік-техникалық сараптама қорытындысы бойынша жөндеу құны құрал бағасының 50 пайызынан асып кетсе немесе оны қалпына келтіру тиімсіз деп танылса, азаматқа заңнама аясында жаңа техникалық оңалту құралын алу мүмкіндігі қарастырылады. Мұндай жағдайда жергілікті атқарушы органдар азаматты белгіленген мерзімді күтпей, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жаңа құрал таңдауға бағыттай алады, – деді Ұлттық әлеуметтік қорғау саласын дамыту ғылыми орталығының облыстық филиалының директоры Меруерт Нұрмағанбетова.

Шеберханадағы шаруа

Жоба аясында тек кеңес беру ғана емес, нақты сервистік жұмыс та жолға қойылып келеді. Мамандардың айтуынша, техникалық оңалту құралдарының ішінде ең көп күтім мен жөндеуді қажет ететіні – кресло-арбалар. Себебі, олар күнделікті қозғалыста жиі қолданылады.

Кресло-арбаларды жөндеу жөніндегі маман Олег Карташовтың айтуынша, қазір орталыққа жаңадан жеткізілген арбалар жиналып, пайдалануға дайындалған.

– Бізге жаңадан кресло-арбалар келді. Қазір бәрін жинап, реттеп, пайдалануға дайындап қойдық. Көбіне азаматтар тежегіш жүйесіндегі ақаулармен немесе қосалқы бөлшектерді ауыстыру мәселесімен жүгінеді. Жөндеу жұмыстары үш кезеңге бөлінеді. Егер ұсақ жөндеу болса, мәселен, дөңгелек бөлшектерін ауыстыру қажет болса, оны 5 жұмыс күні ішінде реттеп береміз. Орташа жөндеуге подшипниктерді ауыстыру, жүрісін қалпына келтіру, реттеу жұмыстары кіреді. Мұндай жағдайда 10 жұмыс күні қажет. Ал, күрделі жөндеу 20 жұмыс күніне дейін созылады. Оған корпус зақымдануы, дәнекерлеу жұмыстары сияқты күрделі ақаулар жатады. Мұндай жағдайда арнайы дәнекерлеуші мамандардың көмегіне жүгінеміз, – деді Олег Карташов.

Қатысу тәртібі қандай?

Пилоттық жобаның маңызды тетігінің бірі – айырбастау қоры. Бұл қор азамат техникалық оңалту құралын жөндеуге тапсырған кезде уақытша пайдалануға берілетін құралдардан жасақталады. Яғни, кресло-арба немесе жүріп-тұру құралы істен шыққан азамат жөндеу аяқталғанша үйде қамалып қалмай, күнделікті тіршілігін жалғастыра алады.

Бастапқы кезеңде айырбастау қорына 46 техникалық оңалту құралы енгізілген. Алғашқы кезеңде жоба кресло-арбалардың барлық түрлері мен жүріп-тұруға арналған құралдарды қамтиды. Кейін бұл тетік техникалық оңалту құралдарының басқа да түрлеріне кезең-кезеңімен таратылады деп жоспарланған.

– Жас бойынша шектеу жоқ. Мүгедектігі бар адам мәртебесі бар азаматтар пилоттық жобаға қатыса алады. Бірақ, біз міндетті түрде жеке оңалту бағдарламасын қараймыз. Егер азаматқа бөлмелік кресло-арба немесе көпфункционалды кресло-арба көрсетілсе, берілетін құрал сол талапқа сәйкес болуы керек. Жобаның негізгі мақсаты – мүгедектігі бар азаматтардың оңалтуы мен әлеуметтенуін қамтамасыз ету. Егер де, үйлеріңізде пайдаланылмай тұрған кресло-арба, болса, жобаға қолдау көрсетуге шақырамын. Қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмек етсеңіздер, игілігін түгел қоғам көреді, – деді Наси Қажымұратұлы.

Жоба аясында балалардың қажеттілігі де бөлек ескерілген. Себебі, бала өсіп, дене бітімі өзгерген сайын бұрын берілген техникалық оңалту құралы оның физиологиялық ерекшелігіне сәйкес келмей қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда құралды пайдалану баланың қозғалысына, денсаулығына және оңалту процесіне кері әсер етуі ықтимал.

Жаңа сервистік модельдің тағы бір ерекшелігі – барлық үдерістің цифрлық форматта өтуі. Құралдың қашан берілгені, кімге берілгені, қашан қайтарылғаны, қандай жөндеу жұмыстары жүргізілгені, қандай бөлшегі ауыстырылғаны және санитарлық өңдеуден қашан өткені жүйеде тіркеледі.

Қызметтің артында – өмір сапасы

Қанатқақты жобаның тиімділігі тек техникалық құралды жөндеумен өлшенбесе керек. Мұнда басты назар мүгедектігі бар азаматтың күнделікті қозғалысын, қоғаммен байланысын және оңалту процесін үзбеуге аударылған.

Жоба мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалануға да ықпал етеді. Бұған дейін пайдаланылмай қалған немесе жеңіл жөндеуді қажет ететін құралдар толық айналымға түспей келген. Енді мұндай құралдар арнайы қабылданып, санитарлық өңдеуден өткізіліп, техникалық қауіпсіздігі тексерілгеннен кейін қайта пайдалануға беріледі. Бұл бір жағынан, бюджет қаражатын ұтымды жұмсауға, екінші жағынан, мұқтаж азаматтарды қажетті құралмен жедел қамтуға мүмкіндік береді.

Дегенмен, жоба өкілдерінің айтуынша, мұндағы негізгі мақсат – үнем емес.

– Бұл жобада негізгі басымдық – экономикалық тиімділік емес. Әрине, техникалық оңалту құралдарын қайта пайдалану, жөндеу, айналымға енгізу мемлекеттік ресурстарды тиімді жұмсауға әсер етеді. Десе де, ең басты мұратымыз – мүгедектігі бар азаматтардың оңалтуын, әлеуметтенуін және күнделікті өмір сапасын жақсарту. Қабылданып жатқан шаралар мен пилоттық жобалар ең алдымен, адамға көмек пен қолдау көрсетуге бағытталған, – деді ол.

Айта кетейік, қанатқақты жоба 12 айға есептелген. Осы уақыт ішінде жаңа сервистік модельдің тиімділігі бағаланып, жөндеу, уақытша алмастыру, қайтару және қайта пайдалану тетіктері жан-жақты зерделенеді. Қорытындысы бойынша техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленбек.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button