Жасампаз жастардың қаласы
Арман арқалаған әр жастың жолы бір күні Астанаға алып келеді. Бірі білім іздейді, бірі кәсіп бастайды, енді бірі мемлекеттік қызметте немесе ғылымда өз орнын табуға ұмтылады. Бүгінде елорда тек саяси шешімдер қабылданатын орталық емес. Ол – мүмкіндіктер қаласы. Жаңашыл идеялар өмірге келетін, таланттар танылатын, жастардың болашағы қалыптасатын мекен. Сондықтан, Астананы бүгінде сеніммен «Жастар қаласы» деуге толық негіз бар.

Тәуелсіздікпен бірге бой көтерген елорданың тарихы – жас мемлекеттің даму тарихы. Қысқа уақыт ішінде шағын қала әлем мойындаған заманауи мегаполиске айналды. Бүгінде мұнда білім, ғылым, цифрлық технология, кәсіпкерлік пен инновация тоғысқан. Бұл өзгерістердің қозғаушы күші – жастар. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2026 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша Астана халқы 1 миллион 668 мың 750 адамға жетті. Қаңтар–сәуір айлары аралығында ғана елордаға 22 мыңнан астам адам ішкі көші-қон арқылы қоныс аударған. Бұл – Қазақстандағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Демек, елдің түпкір-түпкіріндегі жастар өмірін дәл осы қаламен байланыстыруды жөн көреді.
Астана бүгінде ең алдымен білімнің орталығына айналып отыр. Соңғы бір жылдың өзінде қалада төрт жаңа халықаралық жоғары оқу орнының филиалы – Cardiff University, МГИМО, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және Сәтбаев университетінің филиалдары ашылды. Қазір елордадағы 20 жоғары оқу орынында 115 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Олардың жайлы өмір сүруі үшін 70 студенттік жатақханада 25 мың орын қарастырылған. Бұл көрсеткіштердің өзі Астананың Орталық Азиядағы ең ірі студенттік қалалардың біріне айналып келе жатқанын аңғартады. Біліммен қатар жастар үшін ең маңызды мәселе – жұмыс. Елордада мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыты жұмыспен қамтуға арналған. «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар» бағдарламалары арқылы мыңдаған жас еңбек жолын бастады. Бұған қоса еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлайтын JOLTAP жобасы бүгінде ең нәтижелі бастамалардың біріне айналды. Жоба іске қосылғалы бері 18,8 мыңнан астам астаналық қысқа мерзімді оқудан өткен. Оның 10 мыңнан астамы тұрақты жұмысқа орналасса, 1,5 мыңға жуық азамат жеке кәсібін ашқан. Бүгінде жастар тігіншілік, дәнекерлеу, бариста, электрмонтаж, бухгалтерлік есеп секілді 12 жұмысшы мамандығын, сондай-ақ, жасанды интеллект, SMM, графикалық дизайн, видеомонтаж, веб-дизайн сияқты цифрлық бағыттарды тегін меңгеруде. Бұл – еңбек нарығының сұранысына бейімделген жаңа модель.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру да назардан тыс қалған жоқ. Қалада 10 аула клубы жұмыс істейді. Мұнда 2,5 мыңға жуық бала мен жасөспірім 130 тегін үйірмеге қатысады. Оның ішінде, 74 спорттық, 56 шығармашылық бағыт бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Мұндай орталықтар жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік беріп қана қоймай, құқық бұзушылықтың алдын алуға да ықпал етеді. Патриоттық тәрбие де мемлекеттік жастар саясатының маңызды бағытына айналған. Қазір елордадағы 63 мектеп пен 14 колледжде «Жас сарбаз» клубтары жұмыс істейді. Онда 3 мыңнан астам жас әскери-патриоттық тәрбие алып, ерлік сабақтарына, тарихи кездесулерге және әскери-спорттық жарыстарға қатысады. Бұл жастардың елге деген сүйіспеншілігін қалыптастырудың тиімді тетігіне айналып отыр. Бүгінгі Астана – цифрлық экономиканың да драйвері. Қалада стартап мәдениеті қарқынды дамып келеді. Astana Hub халықаралық технопаркі, жаңа IT-кампустар, халықаралық университеттердің филиалдары, цифрлық білім беру бағдарламалары жас мамандардың жаңа буынын қалыптастыруда. Бұл жерде жастар тек жұмыс іздемейді, олар жаңа жұмыс орындарын өздері құрып жатыр.
Бүгінде Астана жастарды тек біліммен немесе жұмыспен ғана қамтамасыз ететін қала емес. Елорда жаңа экономиканың, инновация мен креативті индустрияның орталығына айналып келеді. Бүгінде жастар үшін мансап мемлекеттік қызметтен немесе кеңседегі жұмыстан ғана басталмайды. Олар IT саласында стартап құрып, халықаралық жобаларға қатысып, жасанды интеллект бағытында білім алып, әлемдік компанияларға Қазақстаннан шықпай-ақ, қызмет көрсете алады. Осы мүмкіндіктердің өзегіне айналған Astana Hub халықаралық технопаркі бүгінде Орталық Азиядағы ең ірі инновациялық экожүйелердің бірі саналады. Жеті жыл ішінде мұнда 1 875 компания шоғырланды, олардың 470-тен астамы – шетелдік қатысушылар. Технопарк резиденттерінің жалпы табысы 4,3 миллиард АҚШ долларына жетсе, IT қызметтерінің экспорты 1,5 миллиард доллардан асты. Бұл – Астананың цифрлық технологиялар саласындағы көшбасшылық позициясын айқындайтын көрсеткіш.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



