Ақиқатқа айналған арман
Хакім Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан!» деген өсиеті қазақ қоғамындағы еңбек мәдениетінің өзегіне айналғандай. Сол даналық сөздің шынайы мәнін бүгінгі Астананың келбетінен анық көруге болады. Арқаның сайын даласында бой көтерген елорда – сәулеті келіскен шаһар әрі тәуелсіз Қазақстанның жасампаз рухын әйгілеген, мыңдаған құрылысшының, инженердің, сәулетшінің, металлургтің, дәнекерлеушінің, жүргізушінің, бағбан мен тазалық қызметкерінің адал еңбегімен тұрғызылған алып шежіре. Астана күні – тәуелсіз Қазақстанның еңсесін тіктеген ұлттың қажыр-қайраты мен еңбекке деген құрметін дәріптейтін мереке. Бүгін Есілдің жағасында аспанмен таласқан зәулім ғимараттар мен кең даңғылдарға сүйсіне қарап тұрып, олардың әр кірпіші мен әр қабырғасында мыңдаған адамның маңдай тері жатқанын ұғынғың келеді.

Археологиялық зерттеулер қазіргі Астана маңында ортағасырлық Бозоқ қалашығы болғанын дәлелдейді. Бұл қоныс Ұлы Даланың көшпелі өркениеті мен керуен жолдарының маңызды тірек нүктелерінің бірі саналған. Ал Есіл бойындағы Қараөткел ғасырлар бойы ел мен елді жалғаған тарихи өткел ретінде белгілі болды. Сондықтан, бүгінгі Астана – жаңа дәуірде бой көтерген қала, оның тамыры көне тарихпен сабақтас.
Ақын Несіпбек Айтұлы елорданың айбынын жырға қосып: «Бақыттың нұры шалқып сәулетіңде, бесігін бостандықтың тербетуде…» деп толғағанындай, Астана – азаттықтың айқын белгісі. Мұнда өткеннің өнегесі мен болашақтың биік мұраты тоғысқан.
Елорданың тарихи миссиясы жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елордамыз Қазақстанның тұрақты әрі қарқынды өсіп-өркендеуін және жасампаз ұлттың жарқын болашаққа ұмтылысын айшықтай түседі», – деген болатын.
Әлемге әйгілі сәулетші Норман Фостердің «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы мен Бейбітшілік және келісім сарайы, жапон сәулетшісі Кисё Курокаваның елорданың бас жоспарын әзірлеуге қосқан үлесі Астананың сәулеттік келбетін айқындады.
Елорда сәулетінің қалыптасуына қазақстандық мамандар да елеулі үлес қосты. Солардың қатарында «Бәйтерек» монументінің көркемдік-идеялық шешімін жүзеге асыруға қатысқан сәулетші Ақмырза Рүстембеков, елорданың бірқатар қоғамдық және әкімшілік нысандарының жобалау жұмыстарына атсалысқан сәулетші Шоқан Матайбеков, сондай-ақ, қала құрылысы мен урбанистикалық даму бағытында еңбек еткен қазақстандық сәулет мектебінің өкілдері де аталады. Бұл мамандардың еңбегі Астананың заманауи келбетін қалыптастыруда ұлттық инженерлік және сәулет мектебінің қалыптасқанын айқын көрсетті.
Сызбадағы кескінді шындыққа айналдыру – сәулетшінің, инженердің, құрылысшының, дәнекерлеушінің, бетон құюшының, кран жүргізушінің, геодезистің, жүргізушінің ортақ еңбегі.

Арқаның қытымыр аязы мен аптап жазы олардың жігерін жасыта алған жоқ. Батпақты топыраққа берік іргетас құйылып, болат қаңқалар орнатылып, шыны мен бетоннан бүгінгі келбеті келіскен шаһар тұрғызылды.
«Хан Шатыр» бір қарағанда алып киіз үйді елестететін бұл кешеннің инженерлік шешімі әлем сәулетшілерінің назарын аударды. Арнайы мөлдір мембраналық жабын ғимарат ішінде жылдың кез келген мезгілінде жайлы микроклимат қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қақаған қыста да мұнда көктем лебі сезіліп тұрады.
Соңғы жылдары бой көтерген «Абу-Даби Плаза» кешені де елорданың жаңа келбетінің ажырамас бөлігіне айналды.
Оның құрылысы күрделі инженерлік шешімдерді талап етті. Есіл аңғарының геологиялық ерекшеліктері ескеріліп, іргетасы заманауи технологиялар арқылы нығайтылды. Сондықтан, ертеңгі ұрпақ бұл қаланың сұлулығына сүйсінгенде, оны тұрғызған қарапайым құрылысшының, инженердің, дәнекерлеушінің, тас қалаушының еңбегін де ұмытпауға тиіс.
Астананың бүгінгі келбеті – бүкіл елдің өндірістік қуаты мен еңбек әлеуетінің нәтижесі. Сол күрделі әрі ауқымды құрылыстың ең маңызды тіректерінің бірі ретінде Қарағанды өңірінің орны ерекше.
Қарағандының көмір мен металлургия саласында қалыптасқан өндірістік базасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, елорданың дамуына тікелей әсер етті. Әсіресе, Теміртау металлургия комбинаты өндірген болат пен прокат материалдары көптеген ірі құрылыс нысандарының негізіне айналды. Дегенмен, елорда құрылысына еліміздің әр аймағындағы және шетелдік жеткізушілердің де өнімдері тартылды.
Елорданың инженерлік жүйелеріне әсер еткен ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – «Ертіс-Қарағанды» каналы. Өткен ғасырдың 70-жылдарында салынған бұл су жүйесінің су ресурстары кейінгі кезеңде елорданың да су жүйесін толықтыруда стратегиялық маңызға ие болды.
Қарағанды мен Астананы байланыстыратын тағы бір маңызды фактор – көлік және логистика жүйесі. Қарағандыдан елордаға құрылыс материалдары, металл бұйымдары мен өндірістік өнімдер тұрақты жеткізіліп, бұл тәуелсіз Қазақстанның ішкі экономикалық байланыстарының нығаюына ықпал етті.
Елорда құрылысында еңбек еткен мыңдаған маманның ішінде Қарағандыдан шыққан инженерлер, дәнекерлеушілер мен құрылыс шеберлері аз болған жоқ. Кеңестік кезеңнен қалған мықты техникалық мектеп пен өндірістік тәжірибе жаңа астананың құрылыс мәдениетіне негіз қалады.
Бас қала құрылысындағы ең маңызды ерекшелік – оның тұтас елдің күш-жігерімен салынуы. Қарағандының өндірістік әлеуеті, Теміртаудың металлургиясы, еліміздің өзге аймақтарының еңбек ресурстары – бәрі бірігіп, жаңа астананың іргесін бекітті. Сондықтан елорда – индустрия мен интеллектінің, еңбек пен технологияның тоғысқан кеңістігі.
Ең бастысы – бұл қала ешқашан тоқтап тұрған жоқ. Ол үнемі дамуда, үнемі жаңаруда. Ал, сол дамудың қозғаушы күші – еңбек адамы. Сондықтан Астана күні – қарапайым жұмысшыдан бастап, инженерге дейінгі барша еңбек адамдарына көрсетілетін құрмет күні.
Ақиқатқа айналған арман – Астана. Ол – ұрпақтардың үміті мен бүгінгі буынның еңбегі тоғысқан ортақ мұра. Есілдің жағасында бой көтерген әр ғимарат, әрбір көше мен алаң – адам еңбегінің мәңгілік ескерткіші. Уақыт өткен сайын бұл қала бұрынғыдан да биіктей береді. Ал, оның биіктігін өлшейтін көрсеткіш – оған еңбегі сіңген азаматтардың асқақ рухы.
Астана – тәуелсіздіктің символы әрі еңбекпен сомдалған елдің жүрегі.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ



