Домбыра – жүректен шыққан ұлттық үн!
Ұлттық домбыра күні қарсаңында Бұқар жырау аудандық мәдениет үйінде «Домбыра – жүректен шыққан ұлттық үн» атты әдеби-сазды бағдарлама өтті.

Іс-шара аясында аудандық кітапхана ұйымдастырған «Ұлы даланың күмбірлі үні» атты кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылып, ұлттық мұраға қызығушылық танытқан көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.

Мерекелік кеште Доскей халықтық ұлттық оркестрі мен «Ботақара баурайында» халықтық фольклорлық ансамблі орындаған күмбірллеген күйлері көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Күй өнерінің құдіретін паш еткен күйтартыста Диас Ғабдолла мен Жазираш Бимарденова өз өнерлерін ортаға салды.

Сондай-ақ, «Ботақара баурайында» халықтық фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен Зәуре Төлеубаева «Халқым туралы» әнін орындаса, дәстүрлі ән өнерінің насихатшысы Медет Осатаев домбырамен әсем ән шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Домбыра – ұлтымыздың жаны, халқымыздың тарихы мен тағдырын, қуанышы мен мұңын жеткізген қасиетті мұра. Ұлттық өнеріміздің мерейін асқақтатып, рухани құндылықтарымызды дәріптейтін Ұлттық домбыра күні құтты болсын!
Ержан ИМАШ
Бұқар жырау ауданы



