Жаңалықтар

Төрехан Майбас: «Орталық» – менің тағдырым

Қазақ баспасөзінің қай басылымын алсақ та, оның сырт көзге көріне бермейтін өз мінезі, өз мектебі болады. Бір газеттер уақыттың ығына жығылып, бір кезеңнің ғана үні болып қалса, енді бірі дәуір ауысса да діңінен ажырамай, өзіне тән айбарын сақтайды. «Орталық Қазақстан» – сондай өміршең басылым. Ғасырға жуық тарихында талай буынның қаламын ұштап, тұлғасын қалыптаған бұл мектептің белді өкілі – жазушы, этнограф Төрехан Майбас. «Орталық» Төрехан аға шығармашылығының үлкен зертханасы болды. Өзі айтпақшы, ол қай кезде де ең алдымен, «жорналшы» болып қалды. Қарашаңырақтың 95 жылдық торқалы тойы қарсаңында белгілі қаламгермен басылымның кешегісі мен бүгіні, баспасөздің мінезі хақында аз-кем әңгіме өрбіткен едік.

Суреттер «Ortalyq Qazaqstan» газетінің мұрағатынан

– Төрехан аға, «Орталық Қазақстан» газетінің 95 жылдық тарихының бір кезеңі өзіңіздің шығармашылық жолыңызбен тығыз байланысты. Сіз кел­ген жылдардағы газеттің қоғамдағы салмағы қандай еді? Қарашаңыраққа алғаш қадам басқан сәтіңіз есіңізде қалай сақталды?

– «Орталық Қазақстан» маған әуелден таңсық басылым емес еді. Бала күнімізден үйге жаздырып алатынбыз. Төртінші сыныпта жүргенде алғашқы шимайларымыз осы газетке шықты. Алғашқы қаламақымызды да осы жерден алдық. Үш сом, төрт сом деген ол кезде бала үшін кәдімгідей ақша. Сол қаламақыға бүкіл сынып болып, лимонад ішіп, мәз болатынбыз. Кейін аудан, облыс­тар бөлініп, біздер Жезқазған облысының құрамына өткенде де, «Орталықтан» қол үзген жоқпыз. 1980 жылы журналистикаға келдім. Қызмет жолымды Ақадыр аудандық газетінен бастадым. Ол кезде біз Жезқазғанға қараймыз. Бірақ, сонда да «Орталықтың» орны біздер үшін бөлек еді. Ол уақытта республикалық деңгейдегі көшбасшы басылым «Социалистік Қазақстан», бүгінгі «Егемен Қазақстан» болса, облыстық басылымдар ішінде маңдайы жарқырап «Орталық» тұратын. Аптасына алты рет шығады. Өзінің бет-бейнесі бар, талдауы бар, бастамашылығы бар газет еді. Жаңалықтың жаршысы болу өз алдына, өңірдегі өндіріс ошақтарына, әлеуметтік мәселелерге, ел ішіндегі бастамаларға ұдайы үн қосып отырды. Ай сайын, тоқсан сайын бақылап, қадағалап, көзқарасын білдіретін. Бір істі бастаса, соңына дейін жеткізетін. Сондықтан, шенеуніктердің өзі газеттен ығып жүретін.
Мен «Орталыққа» келгенде, газет сол айбарынан таймаған еді. Ол кезде редактордың орынбасары Мағауия Сембай болатын. Алғашында Балқаш өңірі бойынша меншікті тілші болдым. Кейін «Орталықтың» штатына іліктік. Ақпарат бөлімін басқардық. Ол кездегі тілшілердің әрқайсысы бір-бір мектеп болатын. Аман Жанғожин, Серік Ақсұңқарұлы, Сүйіндік Жанысбай, Серікбай Алпысов, Серік Сексенұлы сынды ағалар кейінгі інілеріне қамал-қорған болды. Өңірдегі тілшілеріміз Амандық Рахов, Нұрхан Мыңбай, Оралбек Жүніс айбарлы еді. Ермек Балташұлы, Ержан Имаш сынды жүйріктеріміз қамшы салдырмайтын. Сол тұста «Орталықта» жеті-сегіз редактор жұмыс істедік. Сондықтан да, редакторлар ұжымы атандық. «Орталық» қашан да өзін-өзі қорғай алатын газет еді. Мысы басым болатын.

– Ғасырға жуық тарихы бар басылымның өзіндік жазылмаған заңдылығы, мектебі қалыптасқаны белгілі. Сіздіңше, «Орталық Қазақстан» мектебінің басты феномені неде?

– «Орталық Қазақстанмен» етене аралас-құралас болуым студент кезімнен басталды. Бұл – 1973 жыл. Алғашқы тырнақалды өлеңдеріміз осы басылымда жарық көрді. Сол кезден бастап, газетте істейтін, есімдеріне сырттай қанық ағалармен араласып, ақыл-кеңестерін алып, өсіп-жетілдік. Менің құрметім бәріне бірдей. Десе де, ерекше ілтипатпен атайтыным – Рымқұл Сүлейменов. Ол кісі қарапайым, көпті көрген жан еді. Мен Шет ауданы, Ақшатау жеріненмін. Ол кісімен жерлес болғанымыз да арамызды жақындата түсті. Рымқұл ағам ауылдың тынысы, ел ішіндегі тұрмыс, тарихи тұлғалар туралы жиі сұрайтын. Кейде түрлі авторлардың шығармаларын беріп: «Осыны зерттеп көрсең қайтеді?» деп тапсырма да беріп қоятын. Ізденісіміздің, зерттеу жүргізуіміздің алғашқы іргетасы осылай басталды.

– Сіз газетте басшылық қыз­метте болғанда материалдардың сараптамалық деңгейіне, тіл тазалығына жоғары талап қойғаныңызды білеміз. Қазіргі ақпарат жылдамдығы дәуірінде газет бетіндегі салмақты сараптама мен көркем тілді сақтап қалу мүмкін бе?

– Ақпараттың ағыны бүгін де тоқтамайды. Бірақ, ақпараттың тілі телеграфтық тіл болып кетпеуі керек. Тықылдап тұрған, жалаң, жансыз сөйлем журналистиканы құтқармайды. Тілсіз ақпарат жоқ. Тілсіз журналистика жоқ. Қандай ақпарат берсек те, оның тұғыры болады. Ол – ана тіліміз. Сол ақпаратқа өң бермесеңіз, колорит қоспасаңыз, ол оқырманның жүрегіне жетпейді. Кім қалай ойлайтынын білмеймін, мен өмір бойы қазақы стильде жазуға тырыстым. Очерк болсын, мақала болсын, ақпарат болсын – осы ұстанымнан жаңылған емеспін. Мен «Орталыққа» ұлттық колорит әкелуге тырыстым. Ол не? Ол – біздің тіліміз. Арқаның, Сарыарқаның тілі. Сол тілдің әдемі үлгісін, бояуын, шұрайын газет беті арқылы танытуға күш салдым. Туған өлкенің шежіресіне, этнографиялық жазбаларға баруым да содан.
Көп нәрсе ұмытылып бара жатты. Ақ жаулықты әжелердің, қазыналы қарттардың жадында тұрған қаншама дүние қағазға түспей қалды. Менің тарихи, этнографиялық жазбаларымның біразының аналогі болмады. Өйткені, ол тақырыптар елдің, жердің тарихынан, ауызша жеткен жадыдан алынды. Сол арқылы қазақ тілін, қазақ менталитетін орнықтыруға тырыстым.
Менің туған жерім – шежірелі Шет ауданы. Қалай десек те, қаймағы бұзылмаған қазақы жер. Тіліміздің шұрайлы болуы да содан шығар. Сол тілді газет беті арқылы оқырманға жеткіздік деп ойлаймын.

– Редакциядағы өткір тал­қылаулар, газеттің кезекті санын қолға алар алдындағы жа­уапкершілік сәттерінен бү­гін­гі буын үлгі аларлық қандай оқиғаны ерекше атап өтер еді­ңіз?

– Редакция деген өзі бір ағза секілді. Бауыр секілді. Ауырса, өзі емдеп, өзі жазады. «Орталық» та сондай еді. Өзінің қотырын өзі қасыды.
Лездемеде ағаларымыз бірін-бірі сойып салатын. Біз жаспыз, «енді не болар екен?» деп тыпыр­шып отырамыз. Бірақ, лездеме біткен соң түк болмағандай қайтадан қауқылдасып, ойнап-күліп жүре берер еді. Соның пайдасын біз де көрдік. Сын жанашырлықпен айтылса, оны қабылдайсың. Өзімді де талай сынады. Өзім де талай адамды сынадым. Одан ешкім кеміп қалған жоқ. Керісінше, газет ұтты. Көп жерде адамдар бір-бірімен жауласып кетеді ғой. Бізде ондай болған емес. Өйткені, сынның артында кек емес, газеттің абыройы тұрды.
«Орталық» сол жағынан батыл басылым болды. Өз ішіндегі талқысы да өткір, сыртқа айтар сөзі де қанық еді.

– Сіздің өлке тарихына, Сарыарқаның этнографиясына қатысты зерттеулеріңіздің кө­бі алдымен, осы газет бетінде жарық көрді. «Орталық Қа­зақстан» сіз үшін шығарма­шылық зертхана бола алды ма?

– Әрине, болды. «Орталық» менің – тағдырым! Мен не жазсам да, алғашқы һәм ауқымды дүниелерімді осы газет басып отырды. Бұл жағынан мен Зарқын Тайшыбай ағамызға ұқсайтын едім. Зарқын ағаның жазбалары көбіне «Орталықта» жарияланатын. Мен де «Орталыққа» адал болдым. Менің санама сіңген тақырып – ел мен жердің тарихы. Қағазға қатталмай, ұмыт болып бара жатқан тарих. Сол тарихты жеткізу үшін этнографияға бет бұрып, шежірені түгендедім, көненің сөзін іздедім. Өйткені, ұлттың тілі мен ұлттың мінезі бір-бірінен бөлек емес. Тіл кетсе, менталитет те әлсірейді. Этнография кетсе, тілдің ұлттық колориті де жоғалады.
Біздің заманда тұтастай бір нөмірді белгілі бір тақырыпқа арнау дәстүрі болды. Бұл өте керек нәрсе еді. Қазір сол үрдіс саябырсып қалды. Газет тек күнделікті ақпаратпен шектелмеуі керек. Газет кейде бір мәселені түбінен қопарып, тұтас сөйлетуі керек.

– Газет тек ақпарат құралы емес, аймақтың мәдени, әдеби өмірінің ұйытқысы. Ақселеу Сейдімбек, Кәмел Жүністегі, Мағауия Сембай сияқты алыптардың ізі қалған қарашаңырақтың бүгінгі рухани миссиясы қандай болуы керек?

– Ол уақытта газетте жұмыс істеген төбелі ағаларымыздың өзі бір төбе еді. Ақселеу Сейдімбек, Асан Жұмаділдин, Кәрім Сауғабай, газетте жұмыс істемесе де газет жұмысына атсалысқан Кәмел Жүністегі, Қасым Орынбет, Өмір Кәріп сынды мықты қаламгерлер болды. Солардың арқасында газеттің әр саны мазмұнды, айшықты болып шығатын.
«Орталық Қазақстан» әлі күнге дейін алдыңғы шептегі басылым болып қала береді. Қарағанды да солай. Бір кезде Қарағанды еліміздегі екінші қала еді. Кейінгі саяси, экономикалық дағдарыс қала өміріне теріс әсер етті. Қала тұрғындары азайды. Бірақ, мен үшін Қарағанды әлі де еліміздегі екінші қала болып қала береді. Неге? Өйткені, Қарағанды өзінің тарихи болмысын сақтап қалды. Мен Қарағанды көшесімен жүріп өткенде, 70-жылдардағы Қарағандыны елестете аламын. Ал, 1971 жылғы Ақмоланы қазіргі Астанадан таба алмайсыз. Алматы да солай. 1971 жылғы Алматыны бүгінгі Алматыдан табу қиын. Ал, Қарағандының ішкі өзегі сақталған.
Сол сияқты «Орталық Қазақстан» да өзін жоғалтқан жоқ. Оның өзіндік мектебі бар. Бұл мектептен өткен кез келген журналист кез келген басылымда жұмыс істей алады. Тіпті, басқара алады. Бүгінде еліміздің медиа саласында басшылық қызметте жүрген талай азамат осы ортадан шықты. Демек, «Орталықпен» сабақтас­тық үзілген жоқ. Қазіргі жастар сол дәстүрді лайықты жалғайды деп сенемін.

– Бүгінде ақпарат цифрлық форматқа көшіп жатыр. 95 жылдық белеске шыққан дәстүрлі басылымның заманауи медиа кеңістігіндегі орны мен бәсекеге қабілеттілігін қалай бағалайсыз?

– Уақыт өзгереді. Формат өзгереді. Бірақ, сөздің жауапкершілігі өзгермеуі керек. Мерзімді баспасөздің өміршеңдігі де осында. Газет жылдамдықпен ғана жарыспайды. Газет оймен, салмақпен, тілмен, талғаммен өмір сүреді. Бүгін ақпарат көп. Бірақ, көп ақпараттың бәрі сапалы деген сөз емес. Газеттің міндеті – соның ішінен елге керегін екшеп беру. Оқырман газеттен жай хабар емес, байыпты ой, сараланған көзқарас күтеді. Егер осы қасиет сақталса, дәстүрлі басылымның ғұмыры ұзақ болады.

– Газеттің торқалы тойы қарсаңында өзіңіз ширек ғасырдай еңбек сіңірген ұжымға, бүгінгі жас әріптестеріңізге және адал оқырмандарға айтар лебізіңіз қандай?

– Мен Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірдім. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тіл маманымын. Әдебиетші емеспін. Ақадырда қатардағы тілші болып жұмысқа кірген екінші, әлде үшінші күнімде Өмір Кәріп ағамыз кіріп, амандасып, хал сұрады. Сосын: «Осыдан басқа жұмыс таппадың ба?» деді. Ол сөзді естіп, есімнен танып қала жаздадым.
Кейін ойласам, ол кісі өз басынан өткенді айтқан екен. Журналистика кез келген дарынды жұтып қоятын сала. Ол тоқтайтын нәрсе емес. 24 сағат бойы жүріп тұратын жұмыс. Сондықтан, бұл салада өзіңді жоғалтып алмау өте маңызды.
Кейінгі жастарға айтарым – өздеріңді жоғалтпаңдар. Мақалаларың газет бетінде шығып жатады. Сол мақалаларыңды оқырман аты-жөндерің жазылмаса да танып жатса, одан асқан бақыт жоқ.
Әркім мені әрқилы атайды. Бірі этнограф дейді, бірі жазушы дейді. Бірақ, мен жорналшы болып қала беремін. Зейнетке шықтым, жұмыстан кеттім. Бірақ, шығармашылықтан кеткен жоқпын. Бүгінге дейін журналистикадағы қаламымды тастаған емеспін. Қаламға адал болайық. «Орталықтың» тойы құтты болсын! Қарашаңырақтың оты өшпесін! Жас әріптестеріме айтарым – сөзді сүйіңдер, тілді сақтаңдар, өздеріңді жоғалтпаңдар!

Сұхбаттасқан Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button