Құрметтің шапағаты
Өңір журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар БАҚ өкілдері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің қызметкерлері де бар. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің бас редакторының міндетін атқарушы Станислав Песнев журналистика саласындағы жемісті еңбегі үшін «Құрмет» орденімен наградталды. Ал, «Life09» ақпарат агенттігінің редакторы Аяжан Мақан ақпарат саласындағы кәсіби шеберлігі үшін Мемлекет басшысының қолынан «Шапағат» медалін алды.

Станислав Альбертовичтің журналистикадағы еңбек жолы 1991 жылы басталды. Ал, 2007 жылы облыстық «Индустриальная Караганда» газетіне қызметке шақырылып, бас редактордың орынбасары болып тағайындалған. Содан бері аталған басылымда табанды еңбек етіп, өңірлік журналистиканың дамуына елеулі үлес қосып келеді. Көпжылдық кәсіби еңбегі мен ақпарат саласын дамытуға қосқан үлесі үшін «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденіне ие болып, журналистикадағы еселі еңбегі жоғары деңгейде бағаланып отыр.
– Мемлекет басшысы мен облыс басшылығы тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен қамқорлықты сезіну – біз үшін үлкен мәртебе әрі зор қуаныш. Бұл – еңбегімізге берілген жоғары баға. Журналистика – жанашыр, қоғам тағдырына жауапкершілікпен қарайтын жандардың мамандығы. Біз оқырмандарымыз үшін еңбек етеміз! – деді Станислав Альбертович.

Аяжан Мақанның ақпарат саласындағы еңбек жолына он жылдан асқан. Журналистикадағы кәсіби қызметін «Бірінші Қарағанды» телеарнасынан бастап, осы уақыт ішінде өзін білікті әрі ізденімпаз маман ретінде таныта білді.
Оның жетекшілігімен және авторлығымен жүзеге асқан «Топ 7», «Life айтады», «Saryarqa сөйледі», «Ne Angime», «Где-где, в Караганде?» сынды танымдық әрі қоғамдық-саяси жобалар көрерменнің ықыласына бөленіп, өз аудиториясын қалыптастырып үлгерген. Кәсібіне деген адалдығы мен тынымсыз ізденісінің нәтижесінде Аяжан Ералықызы журналистер арасындағы түрлі облыстық және республикалық байқауда бірнеше мәрте үздіктер қатарынан көрінді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Шапағат» медалін алу – мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бұл марапатты өзімнің ғана емес, өңірлік журналистиканың, әріптестерімнің және ақпарат саласында аянбай еңбек етіп жүрген барлық журналистердің еңбегіне көрсетілген құрмет деп қабылдаймын, – деді Аяжан Ералықызы.
Әріптестерімізді жоғары мемлекеттік наградаларымен шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыс, тың бастамалар мен толайым жетістік тілейміз!
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



