«Мерейлі отбасы» аудандық байқауының жеңімпаздары марапатталды
Бүгін Бұқар жырау ауданында жыл сайынғы «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауы аудандық кезеңінің қорытындысы шығарылып, аудандық әкімдікте оның жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Бұл күнгі салтанатта Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын отбасы институтын нығайтып, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерімізді дәріптеудің, өскелең ұрпаққа өнегелі тәлім-тәрбие берудің үлгісін көрсетіп жүрген отбасыларға ризашылық сезімін білдіріп, лайықты марапаттарын тапсырды.

«Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының аудандық кезеңінде бірінші орыннан көрінген Байделдиновтер отбасы диплом мен 400 мың теңгенің ақша сертификатын алса, екінші орын иегері Докировтар отбасына да диплом мен 300 мың теңгенің ақша сертификаты беріліп, Оспановтар отбасы үшінші орынның дипломы мен 200 мың теңгенің ақша сертификатына ие болды.

Осы отбасылардың арасынан Байделдиновтер мен Докировтар «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының облыстық кезеңіне қатысатын болып шешілді.

Ал осы байқаудың аудандық кезеңіне белсене қатысқан Тайғожиндер, Нұрғазылар, Тергеубековтер, Жәлеловтардың үлгілі отбасыларына Бұқар жырау ауданы әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді.
Аудандық әкімдікте болған марапаттау рәсімін жергілікті өнерпаздар ән-күймен әрлеп, осы сынға қатысқан және жүлдегер отбасылар ескерткіш суретке түсті.
Ержан ИМАШ
Бұқар жырау ауданы



