Кәсіби мереке қарсаңында қарағандылық журналистер құрметке бөленді
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Қарағанды облысында журналистерге құрмет көрсетілді. Салтанатты жиында мемлекеттік және ведомстволық наградалар, облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығы табысталды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында алғаш рет екі жас өңірлік журналистке пәтер кілті берілді.

Мерекелік іс-шараға қатысқан облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев БАҚ өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың қоғамдағы маңызды рөлін атап өтті.

– Қазіргі таңда ақпарат тарату бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеді. Алайда кез келген пікір ақиқат бола бермейді. Сондықтан журналистің басты міндеті – әрбір ақпаратты мұқият тексеріп, қоғамға нақты әрі объективті мәлімет ұсыну. Нағыз журналистика дәлел мен нақты дерекке сүйенгенде ғана өз миссиясын толық орындайды, – деді өңір басшысы.

Облыс әкімі жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі жалпыұлттық референдум қарсаңында өңірлік БАҚ-тың кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін атап өтті.

Сонымен қатар, журналистер алдағы уақытта да құқықтық мәдениетті нығайтуға және жаңа Конституцияның негізгі өзгерістерін халыққа түсіндіруге үлес қоса беретініне сенім білдірді.

Бүгінде Қарағанды облысында 180-нен астам бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді. Оның 90 пайыздан астамы – мемлекеттік емес БАҚ.

Кәсіби мереке қарсаңында өңір журналистері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Кеше атап өткеніміздей, «Life09» ақпарат агенттігінің бас редакторы Аяжан Мақан Мемлекет басшысының қолынан «Шапағат» медалін алды.

Президент атынан облыс әкімі бірқатар журналистерге ордендер мен медальдар табыстады. «Құрмет» орденімен облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің бас редакторы Станислав Песнев марапатталды.

Салтанатты жиынның ең айтулы сәттерінің бірі – екі журналистің баспаналы болуы болды. Тележурналист Мақсат Бейсенаев пен «Life09» ақпарат агенттігінің бейнемонтажеры Дастан Шанинге жаңа пәтердің кілті табысталды.

– Бұл күн мен үшін тарихи сәт. Президенттің қолдауы мен өңір басшылығының қамқорлығын сезіну – үлкен мәртебе, – деді Мақсат Бейсенаев.

Жиында облыс әкімінің дәстүрлі «Алтын сұңқар» сыйлығының жеңімпаздары да анықталды. Биыл байқау 20-рет ұйымдастырылып, үздіктер он аталым бойынша марапатталды.

Сыйлықтар журналистиканың түрлі бағыты бойынша – кәсіби адалдық, құқықтық қоғамды қалыптастыру, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жан-жақты насихаттау және медиаконтент әзірлеу номинациялары бойынша берілді.

Сонымен қатар облыс әкімінің «Қарағанды журналистикасын дамытуға қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығы EKaraganda ақпарат агенттігіне табысталды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



