Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды облысы тұрғындарын жеке қабылдады
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев азаматтарды кезекті жеке қабылдауын өткізді. Өңір тұрғындары күнделікті өмір сапасы мен елді мекендерді дамытуға қатысты өзекті мәселелер бойынша облыс басшысына тікелей жүгіну мүмкіндігіне ие болды.

Көтерілген негізгі мәселелердің қатарында аумақтарды абаттандыру, жолдарды жөндеу, қоқыс шығару, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету тақырыптары болды. Сондай-ақ тұрғындар сот шешімдерінің орындалуы мен әлеуметтік қолдау алу мәселелерін де қозғады.

Өтініштердің бірі құрылыс компанияларының қызметіне қатысты болды. Тұрғындардың бірі тұрғын үй-құрылыс компаниясымен жасалған шарт бұзылғаннан кейін төленген қаражатты қайтару барысында туындаған қиындықтар туралы айтты.

Қабылдау барысында кәсіпкерлікті дамытуға қатысты мәселелер де қаралды. Қарағандылықтардың бірі өңір басшысына өзінің авторлық жобасын — офлайн киім дүкендерін бір платформаға біріктіріп, олардың тауарларын ілгерілету және сатып алушылармен өзара байланыс орнату мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған цифрлық платформаны таныстырды.

Жеке қабылдауға салалық басқармалар мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Көтерілген мәселелердің бірқатары кездесу барысында-ақ шешімін тапты. Қалған өтініштер бақылауға алынып, жауапты ведомстволармен бірлесіп жан-жақты пысықталатын болады.



