Қарағандыда көшелерді тазалауға арналған жаңа машиналар іске қосылды
Қарағандыда коммуналдық қызметтер арнайы техника паркін жаңартып, көшелерді тазалаудың заманауи технологияларын енгізуді жалғастыруда. Енді тротуарларда қолына сыпырғыш ұстаған жұмысшылардың орнына шаң мен қоқысты жылдам жинайтын ықшам әрі өнімді техникаларды жиі кездестіруге болады.

Қазыбек би ауданында Yangzi S16 сыпыру-вакуум машинасы пайдалануға берілді. Бұл техника тротуарларды сыпырып қана қоймай, ұсақ қоқыс, құм мен шаңды арнайы вакуум жүйесі арқылы сорып алады. Машинаның басты артықшылығы – сумен бүрку жүйесі. Ол жұмыс барысында жеңіл су шымылдығын жасап, шаңның ауаға таралуына жол бермейді.
Мамандардың айтуынша, бір ғана Yangzi S16 бірнеше ондаған жұмысшының еңбегін алмастыра алады. Сағатына 22 мың шаршы метрге дейін аумақты тазартатын техника аккумулятормен жұмыс істейді. Соның арқасында шу деңгейі төмен әрі қоршаған ортаны пайдаланылған газдармен ластамайды. Сонымен қатар коммуналдық қызметкерлер жоғары қысымды жабдықтың көмегімен аялдама павильондары мен жол қоршауларын тазалап жатыр.

Ал Әлихан Бөкейхан ауданы үшін жыл бойы пайдалануға болатын Boschung көпфункционалды машинасы сатып алынды. Жаз мезгілінде ол жолдарды сыпырып, үш щетка арқылы жуады. Қыста қар тазалайтын құрылғымен және жолдарға құм-тұз қоспасын себетін жабдықпен жабдықталады.
Қазіргі таңда Әлихан Бөкейхан ауданында күн сайын 48 арнайы техника мен 100-ден астам коммуналдық қызметкер санитарлық тазалықты қамтамасыз етуде.
Қала әкімдігі алдағы уақытта да арнайы техника паркін жаңартуды жоспарлап отыр. Жақын күндері Қарағандыға тағы бір қуатты вакуумды тазалау машинасы жеткізіледі. Мамандардың пікірінше, заманауи технологияларды енгізу көшелердің тазалығын тиімді сақтап қана қоймай, коммуналдық қызметкерлердің ауыр қол еңбегін едәуір жеңілдетеді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



