STEM-зертхана: “Жасыл оазис” – топырақты қалпына келтіреді
«Balkhash Tour Fest» фестивалінде көпшілік назарына ұсынылған тың жобалардың бірі – Балқаш қаласындағы №4 мектептің «STEM-зертхана: Жасыл оазис» бастамасы. Жоба «Kounrad» корпоративтік қоры мен Орталық Азияның «Еуразия» қорының (FECA) қолдауымен ұйымдастырылған «Balkhash STEAM Serpini» бағдарламасы аясында 1,5 миллион теңге көлеміндегі грантқа ие болған.

Жоба екі негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Оның алғашқысы – топырақты қалпына келтіру және құнарлылығын арттыру. Бұл бағытқа зертхана жетекшісі әрі химия пәнінің мұғалімі Елена Тило жауап береді. Мұнда оқушылар арнайы құрылғылардың көмегімен ғылыми тәжірибелер жүргізіп, топырақтың қышқылдық деңгейін (pH), электрөткізгіштігін (EC), азот, фосфор және калий мөлшерін анықтайды. Ал, екінші бағыт мектеп аумағын көгалдандыруға арналған. Бұл жұмыстарға жоба жетекшісі Ксения Войтенко жетекшілік етеді.

– Грант қаражаты есебінен мектеп жанынан заманауи жылыжай салдық. Қазір онда мектеп ауласын көгалдандыруға арналған түрлі өсімдіктер өсіріліп жатыр. Атап айтқанда, петуния, агератум, тақтагүл секілді гүлдер егілген. Сонымен қатар, мектеп ішін көгалдандыру үшін қазтамақ пен оксалис сияқты бөлме өсімдіктерін өсіруді қолға алдық. Алдағы уақытта оқушылармен бірге микрокөктер өсіруді де жоспарлап отырмыз. Қазір олардың сұранысы жоғары әрі пайдалы тағам ретінде кеңінен қолданылады. Жылыжай фитошамдармен жабдықталған. Бұл өсімдіктердің қажетті жарық алуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұнда су ресурстарын үнемдеуге арналған тамшылатып суару жүйесі орнатылған. Балқаш өңірінде су мәселесі өзекті болғандықтан, мұндай технологияның маңызы зор.
Жалпы, Балқаштың климаты мен табиғи ерекшеліктеріне барлық өсімдік бейімделе бермейді. Сондықтан, біз алдымен топырақтың құрамын зерттеп, оны құнарландыру жұмыстарын қолға алдық. Қаладағы гүлзарларда өсіп тұрған гүлдердің басым бөлігі біздің жылыжайда өсіріліп жатқан түрлерге жатады. Бұл таңдалған бағыттың дұрыс екенін көрсетеді, – дейді жоба жетекшісі Ксения Евгеньевна.
Жоба авторының айтуынша, «Жасыл оазис» бастамасы оқушылардың ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытуға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және туған өлкені көгалдандыру ісіне жас ұрпақты тартуға да үлкен мүмкіндік.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz



