АймақБұқар жырау

Тың жоба, тыңғылықты жұмыс

Облыста ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған жұмыстар жыл сай­ын жаңа мазмұнға ие болып келеді. Өңірде агроөнеркәсіптік кешенді қолдау, өндірісті жаңғырту, жаңа жұмыс орындарын ашу, коммуналдық инфрақұрылымды жетілдіру және тұрғындардың қауіпсіздігін қам­та­масыз ету бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Мұндай оң өзгерістердің нақты көрінісін Бұқар жырау ауданынан анық байқауға болады.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жуырда ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысымен танысып, өндірістік нысандарды аралап, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын көрді. Сапар барысында ауыл экономикасын дамыту мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері негізгі назарда болды.

Бүгінде облыс аумағында ауыл тұрғындары жеке еңбектің мүмкіндігін ұжымдық күшпен ұштастырып, кооперативтерге бірігу арқылы өз кәсіптерін дамытып келеді. Мемлекеттік қолдау шаралары мұндай бастамалардың табысты жүзеге асуына жол ашуда.

Бұқар жырау ауданында қазіргі уақытта мемлекет қолдауына ие болған 20 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға, өндіріс көлемін арттыруға және жергілікті нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге үлес қосып келеді. Осындай табысты жобаның бірі – Үштөбе ауылында ашылған «DG-сүт» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі.

Небәрі бір жылда бұл кәсіпорын шағын өндірістен өңірдегі перспективалы жобалардың біріне айналып үлгерді. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев кооператив мүшелерімен кездесіп, өндірістің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Кооператив төрағасы Күләш Серікованың айтуынша, жоба аясында 50-ге жуық жеке шаруашылық біріктірілген. Бұл ауыл тұрғындарына өнім өткізу мәселесін шешуге және тұрақты табыс табуға мүмкіндік беріп отыр. Қазір цехта 11 адам еңбек етеді. Бір жыл ішінде өндіріс қарқыны едәуір өсіп, қайта өңдеу көлемі тәулігіне бір тоннаға жеткен.

Кәсіпорынның өнім түрлері де жылдан-жылға көбейіп келеді. Бүгінде мұнда сары май, қаймақ, сүзбе өндірілумен қатар жұмсақ ірімшік пен ұлттық тағам саналатын құрт дайындалады. Өнімдер аудан мен облыстағы балабақшаларға, мектептерге және өзге де мемлекеттік мекемелерге жеткізіледі. Сонымен қатар, кооператив сауда үйлерімен келісімшарттар жасасып, өнім өткізу аясын кеңейтіп келеді. Кәсіпорын алдағы уақытта өндірісті жаңа деңгейге көтеруді көздеп отыр.

– «Ауыл аманаты» бағдарламасымен шағын несие алып, сүт және ашыған сүт өнімдерін өңдеуге арналған жабдық сатып алдық. Енді қайта өңдеу көлемін тәулігіне үш тонна ұлғайтып, қосымша 10 жұмыс орнын құруға мүмкіндік аламыз, – дейді Күләш Серікова.

Мамандардың пікірінше, мұндай жобалар ауыл экономикасын дамытуға серпін береді. Алдымен, тұрғындардың табысы артып, жұмыс орындары көбейсе, екіншіден өңірдің азықтүлік қауіпсіздігі нығая түседі.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі ауданның ірі кәсіпорындарының бірі – «Ақнар» құс фабрикасында болды. Кәсіпорында өндірісті цифрландыру және автоматтандыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Соның бір дәлелі – жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған жаңа құс қорасының іске қосылуы.

Мұнда орнатылған ақылды климаттық бақылау жүйесі барлық көрсеткішті тәулік бойы нақты уақыт режимінде бақылап отырады. Бағдарлама құстың жасына, салмағына және сыртқы орта жағдайларына қарай қажетті параметрлерді автоматты түрде реттейді.

Нәтижесінде құстардың өсуіне қолайлы орта қалыптасып, өнім сапасы жақсарады. Сонымен бірге, жабдықтарды тиімді басқару арқылы энергия ресурстары үнемделеді. Өндірісті жаңғырту мұнымен шектелмейді.

Облыс әкімі 20 мың басқа арналған жаңа құс фабрикасының құрылысымен де танысты. Кәсіпорын директоры Виктор Колчевтің айтуынша, биыл Үштөбе аумағында алты жаңа құс қорасын іске қосу жоспарланған. Бұл нысандар үшін барлық қажетті заманауи жабдықтар сатып алынған.

Компания алдағы бірнеше жылда өндіріс көлемін екі есеге арттыруды көздеп отыр. Одан бөлек, бройлер етін қайта өңдеу көлемін ұлғайту мақсатында жаңа сою цехын салу жоспарда бар. Бұл жобалардың жүзеге асуы жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, облыстың азықтүлік қауіпсіздігін арттыруға және ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімінің жұмыс сапары барысында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Қушоқы кентіндегі маңызды жобаның бірі – жаңа модульдік қазандықтың құрылысы аяқталуға жақын. Бұл нысан 1971 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ескі жылу көзінің орнын басады. Қазір ғимараттың қаңқасы толық тұрғызылып, әрқайсысының қуаты 4 мегаватт болатын бес қазандық орнатылған.

Мердігер ұйым құрылыс жұмыстарын жақын арада толық аяқтауы тиіс. Одан кейін нысанның сенімділігі мен қауіпсіздігін тексеру үшін кешенді сынақтар жүргізіледі.

Жаңа қазандық іске қосылған соң кент тұрғындары тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз етіледі. Бұл алдағы жылыту маусымында халық үшін әлдеқайда қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бұқар жырау ауданында тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі Ақбел ауылында жүзеге асты. Мұнда төрт елдімекенге қызмет көрсететін жаңа ауылдық өрт сөндіру бекеті ашылды. Бекет шамамен 900 тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты. Өңір басшысы жаңа нысанның ауыл тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтті.

– Жаңа бекет – ең алдымен адамдардың қауіпсіздігі. Ол төтенше жағдайларға тезірек ден қоюға мүмкіндік береді. Мұндай нысандар ірі өрт сөндіру бөлімдерінен алыс орналасқан ауылдық елдімекендер үшін ерекше маңызды. Биыл біз ауылдық жерлерде екінші өрт сөндіру бекетін ашудамыз. Алда біздің өрт сөндірушілерге жағдай жасау бойынша әлі көп жұмыс бар, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Жаңа нысан Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында ашылған. Министр Шыңғыс Арынов бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

– Біздің мақсатымыз – әрбір ауылда жеке өрт сөндіру бекетінің жұмыс істеуі. Бұл жай ғана жаңа ғимарат емес, адамдардың қауіпсіздігіне, жедел әрекет етуге және елдімекендерді төтенше жағдайлардан қорғауға нақты кепілдік. Тек осы жылы ғана облыста 18 ауылдық өрт сөндіру бекетін саламыз және бұл жұмысты жалғастыратын боламыз, – деді министр.

Жаңа бекет барлық қажетті техникамен, жабдықтармен жә­­не байланыс құралдарымен қам­тамасыз етілген. Бөлімшенің қа­рамағында заманауи арнайы авто­көліктер бар. Олар шақыр­туларға жедел шығып, соның ішінде, қолжетімділігі қиын елдімекендерге де уақытылы жетуге мүмкіндік береді.

Бұқар жырау ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Владимир Малышкиннің айтуынша, бекет алты қызметкермен жасақталған.

– Бекет қызметкерлері Ақбел ауылдық округі мен оған қарасты елдімекендердің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Олар тұрғын үйлердегі өрттермен қатар округ аумағындағы дала өрттерін де сөндіреді. Бұл үшін мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жолға қойылған. Радио және телефон байланысы ұйымдастырылған. Бекет қажетті құралдармен, «Ермак» өрт сөндіру мобильді кешенімен, сөрелік өрт сөндіргіштермен толық қамтамасыз етілген, – деді ол.

Қызметкерлер үшін де барлық жағдай қарастырылған. Ғимаратта ас бөлмесі, жеке құрамның демалыс бөлмесі және тұрмыстық қажеттіліктерге арналған орындар бар.

Бұқар жырау ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалар ауылдық аумақтарды дамыту жұмыстарының жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Бір жағынан кооперативтер құрылып, өндіріс көлемі ұлғайып жатса, екінші жағынан жоғары технологиялар енгізіліп, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Бұдан бөлек, коммуналдық инфрақұрылым жаңарып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар күшейтілуде.

Облыста ауылдық өрт инфра­құрылымын дамыту жұмыстары әрі қарай жалғасады. Бөлімшелердің материалдық-техникалық базасы тұрақты түрде жаңартылып келеді. Құтқарушылар жаңа техникамен, заманауи құрал-жабдықтармен, байланыс құралдарымен және қажетті керек-жарақтармен қамтамасыз етілуде. Соңғы уақытта қызметке 50-ден астам арнайы техника берілген.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button