Қарабас кентінде жаңа мешіттің қазығы қағылды
ihsan.kz хабарлауынша, Абай ауданына қарасты Қарабас кентінде жаңа мешіттің қазығы қағылды. Тарихи маңызы бар шараға облыстың бас имамы Естай Айтуғанұлы, аудан әкімдігі өкілдері, Абай аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, ақсақалдар, дін қызметкерлері және жергілікті тұрғындар қатысты.

Жобаға сәйкес 100 адамға арналған мешіт Қарағанды–Жезқазған автожолы бойында бой көтереді. Жаңа ғимарат жолаушылар мен жергілікті тұрғындарға қолайлы болмақ.

Салтанатты рәсім барысында облыстың бас имамы мешіт салудың исламдағы орны мен сауабы, сондай-ақ оның қоғамдағы рухани құндылықтарды дәріптеп, бірлік пен татулықты нығайтудағы рөлі туралы насихат айтты. Жиналған қауым мешіттің қазығын қағып, жаңа құлшылық үйінің ел игілігіне қызмет етіп, халықтың рухани орталығына айналуына тілектестік білдірді.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



