Жетім балаларға қатыгездік көрсеткен отбасы мүшелеріне сот үкімі шықты
Қарағанды облысында асырап алған жетім балаларға жылдар бойы зорлық-зомбылық көрсеткен отбасы мүшелеріне қатысты сот процесі аяқталды.

Сотта ерлі-зайыптылар мен олардың туған қызы алты балаға (2008, 2009, 2011 және 2014 жылы туған) азап көрсету, денсаулығына ауыр зиян келтіру және ірі көлемде алаяқтық жасау баптары бойынша үкім шықты.
Бұл іс сотта бір жарым жылға жуық қаралды. Тергеу мәліметінше, 2018 жылы ауыл мектебінің директоры мен оның жұбайы алты жетім баланы қамқорлыққа алған. Алайда балалардың қандай жағдайда өмір сүргені тек бес жылдан кейін белгілі болған.
Тексеру барысында балалардың денесінен көптеген жарақат іздері анықталған. Кейбірінде 19-дан 47-ге дейінгі жарақат белгілері болған. Олардың арасында соққыдан қалған тыртықтар, күйік іздері және өзге де дене жарақаттары тіркелген. Бір баланың бас сүйегі сынғаны анықталып, оған күрделі ота жасалған. Кейін ол мүгедектік алған.
Сот отырысында отбасының кәмелетке толмаған қызының да жетім балаларға күш көрсетіп, психологиялық қысым жасағаны айтылды.
Сонымен қатар, тергеу барысында отбасы басшысының мемлекеттен қамқоршылық үшін бөлінген қаражаттың бір бөлігін букмекерлік кеңселердегі бәс тігуге жұмсағаны белгілі болды.
Сот үкімімен отбасы басшысы 12 жылға, жұбайы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал олардың қызы 4 жыл 8 ай мерзімге сотталды.
Сондай-ақ сотталғандардың екі кәмелетке толмаған баласы қорғаншылық органдарының қарауына берілетін болды. Бұдан бөлек, сот әрбір жәбірленушіге моральдық зиянды өтеу үшін 10 миллион теңгеден төлеуді міндеттеді. Сонымен қатар мемлекеттен қамқоршылық үшін алынған 6 миллион теңге бюджетке қайтарылуы тиіс.
Айыпталушылар сот шешімімен келіспейтіндерін мәлімдеп, апелляциялық шағым түсіретіндерін хабарлады.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Әдемі МАДИЯРҚЫЗЫ
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті


