Қарағанды облысының тұрғындар саны 1,13 миллион адамға жетті
Ұлттық статистика бюросы 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны туралы мәлімет жариялады. Ведомствоның ресми сайтында орналастырылған статистикалық деректерге сәйкес, ел тұрғындарының саны 20 млн 562 мың 993 адамға жеткен. Бұл көрсеткіш 1 сәуірдегі мәліметпен салыстырғанда 15 мың 84 адамға көп. Ал жыл басынан бері халық саны 63 мың 171 адамға артқан.

Қазақстан халқының басым бөлігі қалалық жерлерде тұрады. Қазіргі таңда қала тұрғындарының саны 13 млн 153 мың 726 адамды құрайды.
Елдегі ең ірі мегаполис мәртебесін Алматы қаласы сақтап отыр. Қала халқының саны 2 млн 362 мың 463 адамға жеткен. Сонымен қатар, халқының саны 1 миллионнан асатын қалалар қатарында Астана мен Шымкент бар. Астанада 1 млн 668 мың 750 адам, ал Шымкентте 1 млн 305 мың 620 адам тұрады.
Облыстар арасында халық саны ең көп өңір Түркістан облысы болып қала береді. Мұнда 2 млн 146 мың 817 адам тұрады. Сондай-ақ Алматы облысында 1 млн 609 мың 784 адам, Жамбыл облысында 1 млн 214 мың 40 адам және Қарағанды облысында 1 млн 131 мың 90 адам тіркелген.
Ал халқы ең аз өңірлер қатарында Ұлытау, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстары бар. Ұлытау облысында 218 мың 251 адам, Солтүстік Қазақстан облысында 512 мың 702 адам, ал Абай облысында 593 мың 892 адам тұрады.
Әдемі МАДИЯРҚЫЗЫ
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті



