Бас тақырып

Маусым айында еліміздің орталық өңірінде 42 градусқа дейін ыстық болады

Қазгидромет синоптиктерінің консультативтік болжамына сәйкес, биылғы жылдың маусым айы еліміздің басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы климаттық нормадан 1–2°С жоғары болады деп күтілуде. Ал республиканың батыс өңірлерінде температура көпжылдық орташа көрсеткіштерге жақын болады.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Айдың алғашқы онкүндігінде ауа райына циклондар әсер етіп, тұрақсыз жағдай қалыптасады. Осы кезеңде жаңбыр жауып, найзағай ойнап, жел күшейеді. Кей жерлерде бұршақ жаууы ықтимал. Әсіресе солтүстік-батыс өңірлерде нөсер жаңбырлар күтіледі. Ал оңтүстік және оңтүстік-батыс облыстарда шаңды дауылдардың болуы мүмкін.

Айдың алғашқы онкүндігінде Қазақстанның басым бөлігінде циклондар мен атмосфералық фронттардың әсерінен ауа райы тұрақсыз болады. Республика аумағында өткінші жаңбыр, найзағай, бұршақ және екпінді жел күтіледі. Солтүстік-батыс өңірлерде кей күндері қатты жаңбыр жаууы мүмкін.Оңтүстік және оңтүстік-батыс аймақтарда жекелеген күндері шаңды дауылдар болжанады.

Ауа температурасы біртіндеп жоғарылайды:

Батыс және оңтүстік-батыс өңірлерде, сондай-ақ Ақтөбе облысында түнгі температура +6…+12°С-тан +13…+22°С-қа дейін, күндізгі температура +15…+25°С-тан +27…+32°С-қа дейін көтеріледі. Оңтүстік-батыста кей жерлерде +35°С-қа дейін жетуі мүмкін.

Температуралық ауытқулар:

Солтүстік өңірлер мен Қостанай облысында түнде +11…+16°С-тан +15…+20°С-қа дейін, күндіз +21…+26°С-тан +28…+33°С-қа дейін;

Оңтүстік өңірлерде түнде +17…+25°С-тан +13…+18°С-қа дейін, күндіз +33…+40°С қатты ыстықтан +23…+31°С-қа дейін төмендейді;

Оңтүстік-шығыста күндізгі температураның біртіндеп төмендеуі күтіледі: +33…+38°С-тан +20…+27°С-қа дейін.

Онкүндіктің басында шығыс және орталық өңірлерде күндіз ауа температурасы +33…+39°С-қа дейін көтеріледі. Кейін негізгі температуралық фон түнде +13…+20°С, күндіз +25…+33°С шамасында сақталады.

Маусымның екінші және үшінші онкүндіктері

Айдың қалған кезеңінде ыстық ауа райы мезгіл-мезгіл найзағайлы, жел күшейетін салқын әрі жаңбырлы күндермен алмасып отырады. Кей аудандарда бұршақ пен шаңды дауылдардың болуы ықтимал.

Температуралық фон тұрақсыз сипатта болады:

Батыс, солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде түнгі температура +8…+18°С пен +15…+25°С аралығында, күндіз +28…+33°С-тан +35…+39°С-қа дейін көтеріледі. Орталық өңірлерде жекелеген күндері өте қатты ыстық болып, ауа температурасы +42°С-қа дейін жетуі мүмкін.

Оңтүстік өңірлерде түнгі температура +14…+23°С пен +20…+28°С аралығында ауытқиды. Күндіз +28…+33°С-тан +34…+40°С-қа дейін жоғарылайды. Кей күндері өте қатты ыстық болып, ауа температурасы +40…+46°С-қа дейін жетуі ықтимал.

Арай ЖАМАНҚҰЛ
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button