БілімБас тақырып

ҰБТ-ны екі аптада 92 мыңға жуық талапкер тапсырды

10 мамырда басталған негізгі ҰБТ екі апта ішінде шамамен 92 мың рет тапсырылды. Тестілеуге қатысушылардың 71%-ы қазақ тілінде, 29%-ы орыс тілінде, ал, 164 талапкер ағылшын тілінде емтихан тапсырған. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, екінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 65%-ы шекті балл жинаған. Бес пән бойынша орташа нәтиже 63 балды құрады. Ең жоғары көрсеткіш – 138 балл.

Сурет Freepik

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлерге де қолайлы жағдай жасалған. Биылғы ҰБТ-ға ерекше білім беру қажеттіліктері бар 235 талапкер қатысты.

Тестілеу аяқталғаннан кейін талапкерлерге тапсырмалар мазмұны бойынша 30 минут ішінде апелляция беру мүмкіндігі қарастырылған. Ал, техникалық мәселелерге қатысты апелляциялар тестілеу барысында қабылданады. Сертификаттар апелляция нәтижелері шыққаннан кейін талапкерлердің жеке кабинеттерінде қолжетімді болады.

ҰБТ-ның екінші аптасында 178 ереже бұзушылық тіркелді. Оның ішінде, 103 талапкер смартфон, смарт көзілдірік, микроқұлаққап, шпаргалка секілді тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 75 адамның нәтижесі тестілеу кезінде ережені бұзғаны үшін жойылды. Өзге адамның орнына кіру фактілері анықталмаған.

Министрлік мәліметінше, 2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ереже бұзу деректері анықталса, тест нәтижелері жойылады.

Айта кетейік, биыл ҰБТ-ға қатысу үшін екі мүмкіндік бойынша 240 мыңға жуық талапкерден 446 мыңнан астам өтініш түскен.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button