Бас тақырыпРесми

Арқаның аймаңдай әншісі Ақордада ардақталды

Қазақ өнерінің төрінде бұлбұлдай сайрап, әнмен әлдилеген халықтың ерке де серке қызы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісованың өнердегі өнегелі жолы тағы бір мәрте ұлықталды. Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өнер майталманын қабылдап, кеудесіне еліміздің ең жоғары наградтарының бірі – ІІ дәрежелі «Барыс» орденін тақты.  Қарағанды облысы, қастерлі Қарқаралы топырағының тумасы, күллі алаштың ерке қызына айналған өнер иесі үшін бұл – тура ширек ғасырдан (25 жылдан) кейін мемлекет тарапынан көрсетілген ерекше құрмет пен зор ілтипат болды.

Сурет Ақорда

Жүрегі де, әні де шынайылыққа толы әнші Ақорда төріндегі толқынысты сәтін жасырмай, ақтарыла сөйледі.

– Жалпы, мен үшін атақ пен марапаттың соңынан қуу, даңғазалыққа салыну жат қылық. Өнер адамының басты бақыты – асқақ абыройы мен халқына қалтқысыз қызмет етуінде. Өзімнің ең соңғы атағымды сонау 1999 жылы алған едім. Содан бері арада ширек ғасыр өтіпті. Бұл менің Ақорда босағасын алғаш аттауым және 25 жылдан кейінгі тұңғыш мемлекеттік марапатым. Табиғатымнан ақкөңіл, үнемі күліп жүретін адаммын ғой, бүгін де қуанышым қойныма сыймай тұр! – деді ағынан жарылып.

Салтанатты рәсімнің соңы сәулелі сәтке ұласты. Мақпал апай Мемлекет басшысына өзінің ақ ниеті мен құрметінің белгісі ретінде жылдар бойы халықтың жүрегінен орын алған алтын қордағы әндері таспаланған арнайы үнтаспасын тарту етті.

Айта кетейік, биылғы кәсіби мереке аясында ел мәдениетінің өркендеуіне үлес қосқан 120 өнер майталманы мемлекеттік марапаттарға ие болмақ. Соның ішінде бірнеше өнер қайраткеріне «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы берілді.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button