БілімБас тақырып

Биыл облыста 248 түлек «Алтын белгіге» үміткер

2025-2026 оқу жылының қорытындысы шығарылды. Өңірде 42 мыңнан астам бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылып, 83 жаңа балабақша ашылды. Биыл 23 мыңнан астам мектеп түлегі қорытынды аттестаттаудан өтеді, 248 оқушы «Алтын белгіге» үміткер. Облыс колледждері 10 322 жас маманды еңбек нарығына жолдайды. Ал, өңір оқушылары халықаралық олимпиадалар мен роботтехника байқауларында жеңіске жетіп, Қазақстанның білім саласындағы әлеуетін әлемдік деңгейде дәлелдеді.

Сурет өңірлік коммуникациялар қызметінен

Бүгінде Қарағанды облысында 415 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оларда 42 мыңнан астам бала тәрбиеленіп, бұл 2 мен 6 жас аралығындағы балалардың 90,9 пайызын қамтып отыр. 2025 жылы 83 мектепке дейінгі ұйым ашылып, 5 038 жаңа орын құрылды. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде биыл тағы 17 жаңа балабақша ашылып, 1 980 орын пайдалануға беріледі. Қарағанды қаласында мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру жүйесіне көшіру басталды. Бұл тәжірибе алдағы уақытта облыстың барлық өңірлеріне кезең-кезеңімен енгізіледі.

– Облыс мектептерінде оқу сабақтары 25 мамырда аяқталады. Осы күні барлық білім беру ұйымдарында «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Биыл 9-сыныпты 15 мыңнан астам, ал 11-сыныпты 8 мыңнан астам оқушы тәмамдайды. 248 түлек «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер. 9-сынып түлектерінің қорытынды аттестаттауы 29 мамыр мен 11 маусым аралығында, ал, 11-сынып түлектерінікі 2-15 маусым күндері өткізіледі. Аттестаттарды тапсыру салтанаты 17-18 маусымда мектеп қабырғасында ұйымдастырылады. «Алтын белгіге» үміткерлердің емтихан жұмыстары білім басқармасы жанындағы облыстық комиссияда қаралады. Бұл бағалаудың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етеді, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Сыздықов.

Оқу жылының аяқталуына байланысты мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында бітіру кештерін өткізуге, автокортеж ұйымдастыруға, таң қарсы алу және алау жағу іс-шараларын өткізуге тыйым салынды. Сондай-ақ, педагогтерге сыйлық алуға немесе мектеп жөндеуіне қаражат жинауға жол берілмейді. Бұл талаптар педагогикалық әдеп нормаларын сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында енгізілген.

Қарағанды облысының оқушылары халықаралық және республикалық олимпиадаларда жоғары нәтижелер көрсетті. Satbayev University білім грантына ие болған оқушылардың жетістіктері ерекше атап өтілді. Fibonacci Eurasia Robot Olympiad, Alem Tech Fest 2026, Infomatrix Asia-2026 және RoboCup 2025 секілді беделді жарыстарда өңір оқушылары жеңімпаз атанды. Houston қаласында өткен робототехникадан әлем чемпионатында «Мұрагер» мектебінің JELTOQSUN командасы бірінші орын алып, әлемнің 58 елінен келген қатысушылар арасында халықаралық SUSTAIN AWARD WINNER марапатын иеленді.

10 мамырдан бастап, Ұлттық бірыңғай тестілеудің жазғы кезеңі басталды. Бұл кезеңнің нәтижелері жоғары оқу орындарының білім гранттары конкурсына қатысуға мүмкіндік береді. ҰБТ электронды форматта өткізіліп, заманауи прокторинг және бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген. Биыл бірінші сыныпқа құжат қабылдау 29 маусым мен 31 тамыз аралығында жүргізіледі. Өтінішті  eGov.kz порталы арқылы немесе қағаз нұсқада тапсыруға болады. Қызмет бір жұмыс күні ішінде көрсетіледі.

Колледждерге құжат қабылдау 20 маусым мен 29 тамыз аралығында өтеді. Құжаттарды  eGov.kz порталы арқылы онлайн немесе қабылдау комиссияларына дәстүрлі форматта тапсыруға болады.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button