АймақБас тақырыпРуханият

“Көшпелілер эстетикасы. Ұлттық бірегейлік коды” кітабы оқырманға жол тартты

XX ғасырда ұлттың бас көтерер зиялылары ғана емес, ұлттық сананы жаңғыртуға қауқары жететін кітаптар да репрессияға ұшырады. Мәселен, 1975 жылы Олжас Сүлейменовтың «Аз и Я» кітабына тиым салынып, кітапхана сөрелерінен алынған еді. Бұл еңбек қудалауға ұшырағанымен, мыңдаған оқырманның қолына түсіп үлгерген. Осы «Аз и Я» кітабымен терезелес, отаршыл жұрттың идеологтарын үрейлендірген «Көшпелілер эстетикасы. Ұлттық бірегейлік коды» кітабы 1976 жылы басылып шықты. Бірақ, баспа табалдырығынан сыртқы әлемге бір қадам да ұзамады. Мыңдаған тираж сол күйінде жойылды. Не себепті жойылғанын топшылау қиын емес. Авторлар да қудаланды. Сол кітап 50 жылдан кейін қайта басылып шықты. Таныстырылымы Е. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық-зерттеу университетінде өтті. М. Әуезов үй-музейінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Диар Қонаев Алматыдан арнайы келді. Философия ғылымдарының кандидаты Альмира Наурызбаева да құрметті меймандар қатарында.

    

Бұл кітапта 10 автордың ғылыми мақаласы топтастырылған. Атап айтқанда, Сәбит Ақатаевтың «Көшпенділер мәдениетінің спецификасы туралы», Мұрат Әуезовтың «Энкидиада.

Әлем бірлігі – көшпенділік және отырықшы болу проблемасына», Эльвира Шәкенованың «Әлемнің көркемдік дамуы», Едіге Тұрсыновтың «Көшпелі және көшпелі халықтардың эстетикалық тәжірибесінің бірлігі», Мирлан Қаратаевтың «Қазақ батырлық эпосындағы эстетикалық табиғат», Әсия Мұхамбетованың «Қазақ аспаптық мәдениетінің кейбір эстетикалық мәселелері», Болат Қарақұловтың «Халықтық эпостың эстетикалық ерекшелігі», Қанат Нұрланованың «Дәстүрлі өнердегі бейбітшілік символикасы», Бек Ибраевтың «Көшпенділер мәдениетіндегі кеңістіктік көріністері», Алан Медоевтың «Тас және көшпенділер эстетикасы» мақалалары топтастырылған.

Іс-шараның алғы сөзін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов айтты.

– Бұл кітаптың атауында да зор мағына жатыр. Себебі, көшпенділер өркениеті дегеніміз тек тарих пен салт-дәстүр емес, бұл дүниені тану жолы, кеңістік сезім мәдениеті, табиғатпен егіз өмір сүру жолы. Авторлар дәстүрлі мәдениетті фольклорлық мұра ретінде ғана емес, тұтас өмір философиясы деп көрсеткен. Арада талай уақыт өтті. Бірақ, ұлттық сананы жаңғырту мәселесі әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Халық қашан да өзін-өзі тануға ұмтылады. Өзін танып, жаңғырған сана ғана өткен істі парасат таразысына салып, пайым жасайды. Сол себепті де, аталған жинақтың бүгінгі қоғам үшін маңызы зор, – деді Нұрлан Бикенов.

Диар Қонаев бұл кітап көшпенділер өркениетін зерттеу саласына тың тыныс беретінін атап өтті.

– Бұл кітаптың бір данасы Алматыдағы мемлекеттік университеттің кітапханасынан табылды. Сол нұсқаға сүйене отырып қайта басып шығардық. Бұл кітап кезінде Мұрат Әуезовтың бастамасымен жазылған еді. Мұрат Әуезов сол кезеңдегі талапты, талантты тұлғалардың басын бір мақсат жолында біріктіре алды. Мәселен, Болат Қарақұлов музыка семитологиясын зерттеп жүрген белді зерттеушілердің бірі еді. Осы салада еңбектенетін мамандар әлем бойынша санаулы болды. Олар музыканы математикалық әдістермен зерттеді. Бұл – сол кезеңдегі әлемдік музыка тану ғылымының ең күрделі әрі жаңа әдісі, – деді Диар Қонаев.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Сөз сөйлеген спикерлер жарты ғасырдан соң оқырманға жол тартқан кітап зерттеу жұмыстарының жаңа толқынына сеп боларына сенім білдірді.

Алаштың айбоз ақыны, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы «Қасқырдың монологы» өлеңін оқыды.

Ерік НАРЫН
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button