Білім

Сағынов оқуларының салмағы

Қарағанды қаласында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ұйымдас­тыруымен «XVIII Ә.Сағынов оқулары. Білім, ғылым және өндіріс интеграциясы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Суреттер Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ баспасөз қызметінен

Ауқымды конференция «Цифр­ландыру және жасанды интеллект» жылына орай ұйымдас­тырылып, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуды мақсат етті. Дәстүрлі түрде өтетін бұл конференция ғылыми және технологиялық өзекті мәселелерді талқылайтын маңызды алаңға айналды.

– Қазіргі таңда Қазақстанның алдында стратегиялық таңдау тұр: технологияны тек тұтынушы ел болып қала береміз бе, әлде оны жасап, дамытатын мемлекетке айналамыз ба? Тарих көрсеткендей, технологияны кім игерсе, болашақтың бағытын да сол айқындайды. Сондықтан, Қасым-Жомарт Тоқаев елдің ұзақмерзімді дамуы ең алдымен, адами капиталға, сапалы білімге, ғылым мен инновацияға байланысты екенін үнемі атап келеді. Бұл еліміздің нақты стратегия­лық бағдары. Бүгінгі университеттің рөлі түбегейлі өзгерді. Бұл тұрғыда Қарағанды техникалық университеті ерекше орынға ие. Аталған оқу орны тек маман даярлаумен шектелмей, тұтас өңірдің сапалы дамуына ықпал етуді мақсат етеді. Облыс әкімдігі үшін мұндай бастамалардың маңызы зор. Ғылым – кабинеттегі теория ғана емес, халықтың өмір сапасын жақсартатын нақты құрал. Соңғы уақытта Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ұсынған тәсілдің маңызы ерекше. Оның айтуынша, өңірлік деңгейдегі жұмыс ұсыныс­тан емес, экономиканың нақты сұранысынан басталуы тиіс. Инновациялық инфрақұрылым аясында бұл жобалар жетілдіріліп, пилоттық режимде іске асырылады. Мұндай жүйе экономиканың сұранысынан бастап, жаңа технологиялар мен өндірістерді, жұмыс орындарын құруға дейінгі толық тізбекті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Айта кету керек, осы модельдің нақты мысалдарының бірі ретінде Қарағанды техникалық университеті аталды. Бұл – университет, өңір және бизнес бірлесіп, жаңа технологиялық экожүйе қалыптастырып жатқанын көрсететін айқын дәлел, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

Биылғы жиынға Қазақстанмен қатар Түркия, АҚШ, Канада, Германия, Франция және басқа да елдерден келген ғалымдар қатысты. Жалпы, 120-дан астам ұйымнан 880 ғылыми баяндама ұсынылды. Бұл қазақстандық ғылымға деген халықаралық қызығушылықты көрсетеді.

– Білім, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған XVIII Ә.Сағынов оқуларының ресми ашылуы өтті. Дәстүрлі конференция жыл сайын жаңа ғылыми идеяларға жол ашып, инновациялық дамуға серпін береді. Биылғы жыл еліміз үшін жаңару кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Референдум нәтижесінде қабылданған Конституция­да ғылым мен білімді дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындалды. Сағынов оқулары – әлемнің түпкір-түпкірінен келген ғалымдар мен сарапшылар бас қосып, тәжірибе алмасатын, жаңа зерттеулер мен серіктестіктер қалыптасатын маңызды ғылыми алаң. Қазіргі таңда Қазақстан ғылымы жаңа кезеңге қадам бас­ты. 2025-2026 жылдары ғылым саласында бірқатар жүйелі өзгерістер жүзеге асуда. Атап айт­қанда, ғылыми инфрақұрылым цифрландырылып, бірыңғай жүйеге біріктірілді. Жасанды интеллектімен жаңа технологияларды енгізу қарқынды жүріп, бұл бағыт мемлекеттік басымдыққа айналды. Унниверситеттердің де рөлі өзгеріп, олар білім берумен қатар инновация мен өндірісті байланыстыратын негізгі көпірге айналуда, – деді Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ректоры Сәуле Сағынтаева.

Конференция барысында инженерия, энергетика, көлік және логистика, сәулет және құрылыс, химия-биология ғылымдары, сондай-ақ, цифрлық технология­лар, жасанды интеллект, машиналық оқыту, роботтехника және тұрақты өндіріс жүйелері секілді бағыттар қамтылды.

– Бұл конференция бүгінде ғылым, білім және өнеркәсіптің негізгі даму бағыттары талқыланатын беделді халықаралық алаңға айналды. Оның «Цифр­ландыру және жасанды интеллект жылы» аясында өтуі еліміздің білім мен технологияға негізделген экономиканы қалыптастырудағы стратегиялық бағытын айқындай түседі. Ғылымды цифрландыру – тек жаңа технологияларды енгізу емес, ғылыми зерттеулерді басқару тәсілдерін түбегейлі жаңарту. Қазірдің өзінде ғылыми қызметтің толық циклін қамтитын жүйелер қалыптасып, деректерге негізделген шешім қабылдауға, зерттеулердің тиімділігі мен практикалық маңызын арттыруға мүмкіндік беруде. Жасанды интеллектіні енгізуге де ерекше мән беріліп отыр. Бұл тек маман даярлаумен шектелмей, AI технологияларын ғылыми және өндірістік процес­терге, соның ішінде, модельдеу, деректерді өңдеу және күрделі жүйелерді басқару салаларына кеңінен қолдануды қамтиды. Осындай жағдайда университеттердің рөлі арта түсуде. Олар тек кадр даярлайтын білім ордасы емес, цифрлық шешімдер әзірлейтін, жаңа құзыреттер қалыптастыратын және экономикаға қажетті технологиялар жасайтын орталықтарға айналуда, – деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенкулов.

Ғылыми жұмыстар 13 секция бойынша талқыланып, қатысушылар қолданбалы және іргелі зерттеулер нәтижелерімен бөлісті. Пленарлық отырыстарда өнеркәсіпке ESG қағидаларын енгізу, экономиканы декарбонизациялау, ғылым мен өндіріс байланысы және жасанды интеллектіні өндірісте қолдану мәселелері көтерілді.

Айта кетейік, «Сағынов оқулары» – ғылыми қауымдастықты біріктіретін және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін маңызды алаңның бірі. Конференция жас ғалымдарға өз зерттеулерін таныстыруға мүмкіндік беріп, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға өз үлесін қосты.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button