Егіс науқанына ерекше жауапкершілік қажет
Жылдағыдай көктемгі егіс қарсаңындағы облыстық агрокеңес бұл жолы Абай қаласында өтіп, оған аудандар мен ауылдардың әкімдері, облыстағы қаржылық, сақтандыру, ауа райын болжау ұйымдарының өкілдері мен фермерлер қатысты.

Ол басталмас бұрын облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен агрокеңеске арнайы келген республика Ауыл шаруашылық вице-министрі Азат Сұлтанов осында «Аlisha Group» ЖШС ашқан ет өңдеу кәсіпорнымен танысып, аралап көрді.
Аталған компанияның бас директоры Рустам Қалиевтың айтуынша, бұл кәсіпорын салқындатылған және мұздатылған ет, консервілер мен вакуумда қапталған өнімдер шығаруға бағытталған.
Мұнда түрік өндірісінің екі тәуелсіз желісі орнатылып, шығарған өнімдері халал стандарттары мен халықаралық азықтүлік қауіпсіздігі талаптарына сай болып, ол Қазақстан нарығымен шектелмей, Парсы шығанағы елдеріне, Еуропа мен Қытайға экспортты жолға қоюға мүмкіндік беретін көрінеді.
Заманауи кешен құрамында мал сою пункті, ет өңдеу және консервілеу желілері, сондай-ақ, қой фермасы бар. Тәулігіне мұнда 300-ге дейін ұсақ мал мен 50-ге дейін ірі қара еті өңделеді. Шикізат қазірде жергілікті фермерлерден сатып алынып отырса, енді 500 бас ірі қара мен 3 мың бас ұсақ малға арналған бордақылау алаңын, сол сияқты етті терең өңдеу кешенін салуға қажетті құжаттар дайындалуда.
– Қарағанды облысында өңдеу өнеркәсібін дамытуға қажетті барлық ресурс бар. Мұндай кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарын ашып, экономиканы нығайтады және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырады. Ендігі міндет – өндірісті кеңейтіп, жаңа нарықтарға шығу. Кәсіпорын тоқтап қалмауға тиіс, – деді өңір басшысы.
Қазірдің өзінде жылына 2400 тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы бұл кәсіпорында 20 адам жұмыс істеп, алдағы уақытта штат санын ұлғайту жоспарланып отыр.
Бұдан кейін агрокеңеске қатысушылар қалалық Мәдениет үйі алдына қойылған ауыл шаруашылық техникалары көрмесін тамашалады. Олардың арасында қытайлық дрондар, «Беларусь», «К-700» тракторлары мен отандық машина жасау зауыттары жинап, құрастырған ауыл шаруашылық техникалары болды.
Одан әрі Мәдениет үйінің акт залында агрокеңестің пленарлық мәжілісі басталып, оны облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша бірінші кезекте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов жалпы еліміз бойынша биылғы көктемгі егіс науқанына дайындық барысына тоқталып, облыстық ауыл шаруашылық және жер қатынастары басқармасының басшысы Әнуар Тюлюбеков баяндама жасады.
Баяндамада айтылғандай, биылғы көктемде облыс диқандары 1 миллион 230 мың гектар жерге (өткен жылғыдан 48,3 мың гектар артық) егін салғалы отыр екен. Бірақ егістік алқаптарын диверсификациялау есебінен бидай алқаптары 16,6 мың гектарға азайтылып, оның есесіне жоғары рентабельді дақылдар егістігі, яғни, майлы дақылдар 7,9 мың гектарға, ал, жемазық дақылдары 33,8 мың гектарға ұлғайтылған. Және майлы дақыл өнімдерін өңдеу кәсіпорындарына өткізетін өндірушіге оның әр тоннасы үшін 31 мың теңге субсидия төлеу қарастырылған.
Облыста биыл картоп 15 мың, ал көкөніс 2 мың гектар жерге отырғызылмақ.
Осы науқанда себу үшін әзірленген 109,5 мың тонна бидай тұқымының 92,2 пайызы жоғары өнімді болып табылады.
Биыл бекітілген Жол картасына сәйкес егістік алқаптарына 111,6 мың тонна минералды тыңайтқыштарды сіңіру көзделсе, соның 74,3 пайызы ғылыми негізделген қажеттілікті құрайды. Бүгінде оларды жеткізудің келісімшарттары жасалып, соның 31,7 мың тоннасы әкелінген.
Бұдан бөлек, облыстың ауыл шаруашылық құрылымдары 271 мың литр пестицид те сатып алыпты.
Суармалы жерлерді егістік айналымына қосу жөніндегі жұмыстар жалғасып, биыл оның көлемін 6,2 мың гектарға арттырып, 52,7 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланған.
Облыс бойынша биылғы егіс науқанына 8,5 мыңнан аса трактор, 229 тұқым себу кешені, 4,4 мыңнан астам тұқым сепкіш және 9,7 мың топырақ өңдеу техникасы қатысатын болса, қазір олардың 98,5 пайызы дайындық сапына қойылған.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге бөлінген 17,5 мың тонна дизель отыны тасып алынып, оның әр литрі ауыл шаруашылық тауарын өндірушілерге 281 теңгеден босатылуда. Осынау субъектілердің шығындарын субсидиялау үшін 7,8 миллиард теңге сомасында мемлекеттік қолдау қарастырылған.
Соған қоса «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ «Кең дала» және «Кең дала-2» бағдарламалары бойынша 269 ауыл шаруашылық құрылымын 17,9 миллиард теңгеге, ал, «Қазагроқаржы» АҚ 256 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 128 шаруашылықты 8,5 миллиард теңгеге қаржыландырған.
Сонымен, алдын ала ауа райы болжамына байланысты облыста көктемгі егіс науқанын мамыр айының екінші онкүндігінде өткізу белгіленген.
Келесі кезекте Абай ауданының әкімі Сәбит Оспановтың алдағы көктемгі егіске даярлық туралы баяндамасы тыңдалды.
Бұл жолы абайлық диқандар жалпы егіс көлемін 60 мың гектарға (былтырғыдан 4 мың гектарға артық) жеткізсе, соның 41 мың гектарын дәнді дақылдар алқабы құрайды. Егер суармалы жерлер мұнда 22 мың гектарды құраса, биыл оны тағы да 150 гектарға ұлғайту көзделіп отыр.
Аудан әкімі одан әрі көктемгі егіс науқанын өткізу үшін қолда бар техниканың толық әзірлік күйіне келтіріліп, 1240 тонна дизель отыны жеткізіліп, 30 мың тонна тұқым себуге дайын тұрғанын және 8 мың тонна минералды тыңайтқыштар жеткізу де дер кезінде аяқталатынын айтты.
Жоғарыда айтқанымыздай, облыстық Гидрометеорология орталығының директоры Нұрлан Шахарбаев та өздерінің ауа райы болжамдарын алға тартып, биылғы көктемгі егіс науқанын мамыр айының екінші онкүндігінде өткізген дұрыс деп есептейтіндерін мәлімдеді.
Агрокеңесте жарыссөзге шығып сөйлеген А.Христенко атындағы «КарСХОС» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы Қалқан Батырбеков, «Агросақтандыру қауымдастығының» өкілі Салтанат Сатыбалдина, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының басшысы Мүсіреп Хасенов пен «Қазагроқаржы» АҚ облыстық филиалының басшысы Ринат Қабен көктемгі егіс науқанында ауыл шаруашылық құрылымдарын сапалы тұқыммен қамтамасыз ету, сақтандыру, несиелендіру жайын қозғаса, Бұқар жырау ауданындағы «Дарас ЛТД» ЖШС директоры Еркін Ахметов өз шаруашылығының аяқ алысы, шешімін күткен проблемаларын ортаға салып, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Людмила Буравко облыс ауыл шаруашылығы құрылымдарын білікті кадрлармен қамтамасыз етудің мүмкіндіктері мен жолдарын сөз етті.
Көктемгі егіс қарсаңында өткізілген облыстық агрокеңесті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қорытындылап, жиын барысында туындаған сұрақтарға жауап берілді.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»



