Санаулы күнде виза алу: инвесторлар мен бизнес өкілдерінің Қазақстанға келуі жеңілдей түсті
Қазақстан инвесторлар, бизнес өкілдері және шетел азаматтары үшін елге кіру, виза рәсімдеу және рұқсат құжаттарын алу тәртібін оңтайландырып жатыр. Жеңілдетілген және инвестициялық режимдер аясында түрлі преференциялар ұсынылуда.

Осы бастамалар шеңберінде инвесторлар мен кәсіпкерлер арнайы визалық режимдерді, өтінімдерді жедел қарау рәсімдерін және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тетіктерін пайдалана алады. Сонымен қатар жеңілдетілген шарттар сұранысқа ие мамандықтар бойынша жұмыс істеуге келетін шетел азаматтарына, сондай-ақ мемлекеттік қолдаухаты бар экономикалық және әлеуметтік жобаларға қатысушыларға да қолжетімді.
Цифрлық технологиялардың дамуына байланысты жаһандық еңбек нарығында өзгерістер байқалады. Әсіресе ІТ саласына сұраныс жоғары. Атап айтқанда, жасанды интеллект инженерлері, ақпараттық жүйелер архитекторлары, қосымша әзірлеушілер мен ақпараттық қауіпсіздік мамандары ерекше сұранысқа ие. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау, креативті индустрия, жаратылыстану ғылымдары, инженерлік және өңдеу салаларында да білікті кадрларға қажеттілік артып отыр.
Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдер – Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей азаматтары үшін де қолайлы жағдайлар қарастырылған. Олар Қазақстанда арнайы рұқсат құжаттарынсыз еркін еңбек ете алады. Бұл өз кезегінде еңбек нарығындағы мобильділікті арттырып, экономикалық ынтымақтастықты күшейтеді.
Ал ЕАЭО-ға кірмейтін елдердің азаматтары үшін еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес квоталық жүйе қолданылады. Бұл ішкі еңбек нарығын қорғап, экономикалық тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.
2026 жылдың басынан бері сұранысқа ие мамандықтар бойынша 5,1 мың шетелдік жұмыс күшіне рұқсат берілген. Жалпы еңбек иммигранттарына шамамен 75 мың рұқсат рәсімделген. Ал 2026 жылға арналған квота бойынша 23,6 мың шетелдік маман тарту жоспарланған, еңбек иммигранттарына арналған квота 221,8 мың адамды құрайды.
Сонымен қатар Қазақстан тұрақты тұруға рұқсат алу тетіктерін де жетілдіруде. Жаңа жүйе цифрлық технологиялар мен ашықтық қағидаттарына негізделген. Үміткерлер бірнеше кезең бойынша бағаланады: мемлекеттік тілді базалық деңгейде білуі, сауалнамалық деректер, цифрлық скоринг, мемлекеттік органдардың тексеруі және қорытынды сұхбат.
Бұл тәсіл Қазақстанды ұзақ мерзімге қоныстану үшін таңдаған азаматтарды сапалы іріктеуге бағытталған. Нәтижесінде көші-қон үдерістерінің тиімділігі артып, әлеуметтік тұрақтылық нығаяды.
Жалпы, қабылданып жатқан шаралар ашық, теңгерімді әрі прагматикалық көші-қон саясатын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



