Ауыл мен қала: білімдегі алшақтық жойыла ма?
Құнын жоғалтпайтын қазына білім десек, оның елдегі сапасы кейде аракідік күмілжітіп қояды. Соның арасында, ауыл мектебінің білімі кім-кімді де ойландыруы тиіс. Қала мектебінің уақыт көшінен қалмай, төрт құбыласы түгел болғанда, кей ауыл мектептерінің ахуалы алаңға азық. Әсіресе, ҰБТ аталған бірегей бәсекеде ауыл баласын сенімнен гөрі күмән көп жағалайды. Әрине, барша мектеп бір стандартпен оқытады. Әйтсе де, ауыл мен қала мектебіндегі білім сапасы сын-сынақта шақшадай басты шарадай ететіні өтірік емес. Ал, ол алшақтық қайтсе азаяды? Қарағанды облысы бұл бағытта қандай қадамдар жасап жатыр? Статистика мен сарапшы пікірі не дейді? Тарқатайық…

Мектептің тең жартысы ауылда
Білім басқармасының мәліметінше, облыста 401 мемлекеттік мектеп бар. Ал, оның жартысынан астамы, яғни, 218-і ауылдық жерлерде. Мұнда 34 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр.
Ең назар аударарлығы – 162 шағын жинақты мектептің 161-і ауылда екендігі. Бұл дегеніміз – ауыл білімінің тағдыры тікелей осы шағын мектептердің сапасына байланысты деген сөз. Олардың сапасы қаншалықты? Аудандар арасында да тепе-теңдік жоқ: Шет ауданында мұндай мектептердің үлесі 20%-ға жетсе, Абай ауданында небәрі 5,5%-ды құрайды.
Басқарма мамандарының айтуынша, бұл бағытта қол қусырып отырған ешкім жоқ. Білім беру инфрақұрылымын жаңарту, мектептерді заманауи технологиялармен жабдықтаумен қатар оқытудың жаңа әдістемелері енгізілуде. Мәселен, қала мен даланың арасындағы алшақтықты жою үшін 2025 жылдың қаңтарынан бастап, Қарағанды облысында «Ауыл мектебі – сапа алаңы» республикалық жобасы іске қосылыпты. Сондай-ақ, ауыл мен қаладағы білімді бірдейлестіретін «Келешек мектептерінің» салынуы да мәселенің түйінін шешуге бағытталған қадам.
– Қалалық және ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты қысқарту үшін 2025 жылдың қаңтарынан бастап, Қарағанды облысында «Ауыл мектебі – сапа алаңы» республикалық жобасы іске қосылды. Бұл жоба білім беру процесінің барлық аспектілерін қамтитын, білім беру сапасын арттыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырудағы маңызды қадам. Бұл – білім беру инфрақұрылымын жаңарту, мектептерді заманауи технологиялармен жабдықтау ғана емес, сонымен қатар, оқытудың жаңа әдістемелерін енгізу. Жобаның маңызды элементі – оқытудың заманауи әдістемелерін меңгерту арқылы педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру. Қарағанды облысы бойынша соңғы үш жылда оқушылар контингенті 3 мың балаға артып, жалпы саны 175 823 оқушыны құрады. Осыған байланысты білім беру инфрақұрылымындағы жүктемені азайту және қолданыстағы мәселелерді шешу мақсатында Мемлекет басшысының реформалары аясында соңғы үш жылда 13 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Олардың ішінде «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде салынған 10 нысан заманауи талаптарға сай «Келешек мектептері», – деді Қарағанды облысы білім басқармасының бас маманы Арайлым Серікова.
Ауылда ресурс шектеулі ме?
Бұл орайда ауыл және қала мектептеріндегі білім сапасы туралы тәжірибелі ұстаздардың пікірі әр алуан. Мәселен, Ә.Бөкейхан атындағы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Лена Аскербай ауыл мектептерінің өз артықшылықтары бар екенін атады.
– Қала мектептерінде мүмкіндік көп: заманауи құрал-жабдық, жылдам интернет, түрлі үйірмелер мен қосымша курстар бар. Мұғалімдердің де тәжірибесі мен біліктілігі жоғары болуға жағдай жасалған. Ал ауыл мектептерінде, керісінше, ресурстардың шектеулілігі, кадр тапшылығы, әсіресе, кей пәндер бойынша мұғалімдердің жетіспеуі байқалады. Бұл білім сапасына тікелей әсер етеді. Дегенмен, ауылдың да өз артықшылығы бар. Оқушылар саны аз болғандықтан, мұғалім әр балаға көбірек көңіл бөле алады, –дейді маман.
Расында, ауыл мектебіндегі кадр мәселесі мен материалдық базаның әлсіздігі – бүгінгі күннің ащы шындығы. Бұл мәселелердің шешімі ретінде бүгінде көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Әсіресе, алыстағы ауыл мен қаладағы білім деңгейін теңестіру мақсатында Нұра ауданында түрлі бастамалар қолға алынған. Осы жөнінде Нұра аудандық білім бөлімінің әдіскері Дария Сейфуллина қолға алынған жобалар алшақтықты кезең-кезеңімен қысқартуға мүмкіндік беріп отыр деген пікірде:
– Бізде екі жоба жұмыс істейді: «Ауыл мектебі – сапа алаңы» және «Цифрлық мұғалім». Бұл жобалар ауыл мектептеріндегі нақты мәселелерді шешуге бағытталған. Соның нәтижесінде шағын жинақты мектептерде жетіспейтін пән мұғалімдерінің орны онлайн сабақтар арқылы толықтырылып, оқушылар білікті ұстаздардан білім алуға мүмкіндік алды. Тірек мектептер жүйесі жолға қойылып, ресурстық орталықтар өзге мектептерге әдістемелік қолдау көрсетіп келеді.
Сонымен қатар, мұғалімдердің кәсіби деңгейін арттыруға басымдық беріліп, цифрлық сауаттылық пен жаңа әдістемелер бойынша оқыту жүргізілуде. Мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, заманауи кабинеттермен және интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз етілді. Бұл өз кезегінде ауыл мен қала мектептері арасындағы инфрақұрылымдық айырмашылықты азайтуға ықпал етуде, – деді ол.
Дегенмен, Нұра ауданында білім сапасы бойынша айырмашылық әлі де сақталып отырғанын да жоққа шығармайды. Қала мектептерінің оқушылары көбіне жоғары нәтиже көрсетсе, ауыл мектептерінде бұл көрсеткіш біркелкі еместігін де атады. Әдіскердің айтуынша, мұның негізгі себептері – кадр тапшылығы, материалдық базаның жеткіліксіздігі және әлеуметтік факторлар. Бұл – бір ғана ауыл мектебінің ахуалы ғана емес. Бәріне ортақ проблема.
Жалпы, қолға алынған жобалар осы алшақтықты кезең-кезеңімен қысқартуға мүмкіндік беруде. Оның түпкілікті жемісін алдағы уақыт көрсетеді.
Түйін
Білімдегі алшақтықты жою бір күннің шаруасы емес екені баршамызға анық. Ол үлкен төзім мен үздіксіз ізденісті қажет етеді. Ауылдың өзіндік ерекшелігін ескеріп, жаңа жобаларға жол ашылса, ауыл баласын сенім қайта жағалары хақ. Бір кездерде ауыл мектебі ұлттың тамыры, болашақ зиялылардың бастауы болған. Мемлекетіміздің іргесін қалаған, ғылымы мен мәдениетін көтерген біртуар тұлғалардың көбі осы ауыл мектебінен қанат қаққан. Олай болса, ауыл баласының арманына қанат байлау – бүгінгі басты міндет.
Елдің ертеңі, жарқын күні үшін баланың қай жерде тұратыны, географиясы білім алуына шектеу болмауы тиіс.
Зарина АЙТЖАН



