Бас тақырыпЖаңалықтар

15 сәуір – «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» күні

Қазақстанда 15 сәуірде ерекше мереке – Ғашықтар күні, яғни «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» күні атап өтіледі. Бұл күн көне эпос кейіпкерлері – Қозы Көрпеш пен Баян сұлу арқылы халқымыздың рухани құндылықтарын дәріптейтін маңызды мәдени мереке саналады.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

ӘУЕЛ БАСТА

Алыс-алыс, миллиярд-миллиярд жыл бұрын,
Сиғыза алмай жан айқайын, мұңлы үнін,
Өз өртінен жарылыпты бір ғалам.
Өз мәнінен жаңылыпты бір ғалам.
Жазылыпты жазымыштық заңдылық,
Ұлы өмірге жалғыз үміт қалдырып,
Бастап беріп ұлы майдан, шырғалаң.

Сол ғаламның өрті қашан басталды,
Кеудесіне қашан алғаш жас тамды.
Ақын болып ауыр ойға түстім де…
«Жер» дей-тұғын планетаның үстінде.
Секундқа да тоқтамаған күресі,
Қан мен сордан құрғамаған дүресі,
Тізе бүккен артық туған күштің де.

Арпалысқан егіз туған қайғы-арман,
Қажыды ма ішіндегі майданнан?
Жасады екен қанша миллиярд жыл ғұмыр,
Бұл – адамзат естімейтін сыр-күбір.
Ілгеріде неше ғалам жарылды,
Қай жұлдызға қай жұлдызы таңылды
Дидарына қай пішінде күлді нұр?

Қуат алған бір өлімнен бір өмір,
Солай дейді құрандағы сүре жыр,
Ол да бәлкім жарылыстан жаралған,
Тағдырлардың бастаулары сан алуан.
Өмір үшін майдан ашып түнекке,
Сынықтары айналған-ау жүрекке!
Әлімсақтан небір ұлы бар арман!

Сол жүректер кеңістікке шашылған,
Әуелден-ақ махаббатқа бас ұрған.
Махаббаты сызып берген шеңбермен,
Сәтін күтіп миллион жыл сенделген.
Махаббаттың деміндей-ақ сарыннан,
Сәт жаңылмай бірін-бірі сағынған,
Қандай ұлы үміт екен дем берген?!

Тасып сүйдік өзен, мұхит, теңізді,
Көрініс деп ең ғажайып, ең ізгі.
Сүйдік және шөл аңсаған бұлттарды,
Бұлтқа жанар дала болып сұқтанды.
Бәрінің де бір бастаудан ғұмыры,
Тіршліктің желбіреген тұлымы,
Бастаулардан таңда гүлге шық тамды.

Махаббаттың осы болар бастауы,
Пенде көрмес ең тереңі, асқары,
Махаббатың осы болар ең ыстық,
Бар қалауын заң деп білген кеңістік.
Пенде білмес шыдамдылық табанды,
Құдіреті жарататын ғаламды.
Шарттарына тумай жатып келістік.

Түйсігімен көкті сүйген ақындар,
Көпті түйген данышпандар, ақылдар,
Ғашықтарды егіз дейді жұлдызбен,
Кездеседі жүрсе-дағы түрлі ізбен.
Жан-жағынан арбаса да алаулар,
Сәті туса табысады адамдар!
Күн махаббат барар жолды білгізген.

Жұмыр жүрек – тау кеудеңде текті шың,
Сол ғаламның бір сынығы деп түсін.
Жердің бетін кезер бәлкім ғарыш деп,
Сыңары оның шыр айналар алыс көп.
Қауышады түптің түбі бәрібір,
Бұлжымайтын ұлы ғалам заңы – бұл.
Уақыт қана апарады ағыс боп.

Өмір деген – жүрегіңнің сапары,
Сапарында шығар даңқы, атағы,
Жүрегімен ұғысқанда адамдар,
Асығады ғаламдарға ғаламдар.
О, махаббат – барлығының бастауы,
Жер шарының сенсің түнгі аспаны!

                                                                                                    Ерік НАРЫН

Өзің жаққан сезімнен қалған қоз бар,
Лүпілдеген жүректі арман қозғар.
Талай сенің алдыңда бас иді ме?
Тәкаппарлық танытқан тарланбоздар.

Соның бірі мен едім ғашық саған,
Қайран күндер сағымдай қашықтаған.
Өлең оқып беруден жалықпаушы ем,
Қайтаруға сені үйге асықпағам.

Көкте жазған көресің пешенені,
Табыстырған сол жауған нөсер еді.
Ғажап шақты есіме сала берді,
Куәгер Қарағанды көшелері.

Айналды ма досымның сөзі шынға,
Сен әлде періштенің өзісің ба?
Кездесіп қалатындай елеңдеймін,
Арман болып қалған қыз көз ұшында.
                                                                                                  Нұрдос КӘРІМ

                          Жаным келсе…

Қала жақ.
Аспан ашық.
Шағын кеңсе.
Тіршілік бұлғаққа сап арымды өлше.
Әп-әйбәт монитордан қалқып шығып,
жанарын жәудіретіп,
жаным келсе…

Қабағы –
келіп жеткен қарлығаш мұң.
Жанары –
жүрегі ғой қарлығаштың.
Жүрегін…
жүрегін айт кәусәріндей,
Оңаша манаураған
таңғы бақтың.

Келеді.
Келер бір күн жаным менің…
Кеудемде күмбір қаққан әнім керім.
Келеді.
Келеді ол.
Келеді де,
атады бақытты боп
таңым менің!

Ее-ее-ей!
Жырла!
Егілші бір ақын жүрек!
Кешіккен көктемімді шақыршы кеп!
Мен сүйем.
Сүйем оны.
Сүйіп өтем.
Алғашқы рет.
Ал, сосын.
Ақырғы рет.

Тіршілік.
Үстел үсті.
Шағын кеңсе.
Телміріп терезеден сағым көрсе…
Ой,
Кенет!
Есік ашып сәл жымиып:
жанарын жәудіретіп,
жаным келсе!..                                               

                                                                                           Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ

                    АЙ ҚЫЗ

Қасы қара қарындас ақ күртелі,
Кірпіктерің өңінен бақ бүркеді.
Еш кірбіңсіз келбетің күйге бөлеп,
Қараңғыдан адаспай таптым сені…

Жасқаншақтау жүзіңнен мөлдіреген,
Қауыз жара қоймаған гүлді көрем.
Күннің нұры сіңбеген сағағына,
Қылдай нәзік тағдыр-ай үлбіреген.

Көп ішінде ерексің, аппақсың сен.
Ақ боп қалу қашан да жақсы ат білсең.
Қарғам, тәтті қылығың ең ұлы жыр,
Сол табиғи қалпынды сақтап жүрсең…

Жаттап жүрсең жырымды өзің жайлы,
Мөлдірлігі етер-ді көзіңді әйгі.
Бір-ақ сәттік толғаныс, ғұмыры ұзақ,
Тазалығы мәңгілік бұзылмайды.

Жанарына аспанның жас қамалды,
Жел де әнекей, бір әнін бастап алды.
Көрініп жүр осылай ай секілді,
Онсыз өмір қараңғы, тас қараңғы…

                                                                            Жәлел ҚУАНДЫҚҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button