Бас тақырыпСпорт

«Сарыарқа» өз алаңында қарсыластарын 7:1 есебімен ойсырата жеңді

Қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубының ел чемпионатының ақтық кезеңдегі қарсыласы – елордалық «Nomad Astana» клубы. Бүгінде қос клуб арасында үш кездесу өткен болатын. Жерлестер сырт алаңда өткен алғашқы екі кездесуде 5:4 және 5:2 есебімен жеңіліп қалса, өз алаңында өткен үшінші ойында қарсыластарын 7:1 есебімен ойсырата жеңді.

Суреттер клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Қос команда кубок үшін барлығы бес кездесу өткізеді. Яғни, қай клуб төрт кездесуде жеңіске жетсе, кубок солардың еншісінде. Егер бес ойыннан кейін нақты жеңімпаз анықталмаса, қосымша кездесулер жоспарланған. Қазіргі таңда командалардың кездесудегі жалпы есебі – 1:2. Әзірге қос команданың ойналмаған шешуші екі ойыны бар.

Алғашқы кездесуде қарағандылықтар сырт алаңда 4:5 есебімен жеңіліп қалды. Негізі, бұл ойында «Сарыарқа» қарсыластарын жеңетін мүмкіндік болған. Кездесудің негізгі уақытында қарсыластармен тең түсіп, ойын овертайм кезеңіне ұласқан. Алайда, алаң иелері жеңісті соңғы сәтте қолдан жұлып кетті. Екінші кездесуде де қарағандылықтар бірінші болып есеп ашқанымен, жеңіс бізге бұйырмады. Осылайша, «Сарыарқа» сырт алаңда өткен екі кездесуде де жеңіске жете алмады.

Үшінші кездесу – Қарағандыда өтті. Сүйікті ойыншыларын қолдауға келген жанкүйерлердің қарасы қалың. «Қарағанды Аренада» мұз сарайында ине шаншар орын болған жоқ. Ал, «сарыарқалықтар» бұл жолы мұз айдынына тың күшпен оралды. Төреші шайбаны ойынға қосқан сәттен-ақ жерлестер шабуылға лап қойды. Нәтижесінде, ойынның сегізінші минутында Данила Карабан есеп ашты. 15-ші минутта Егор Кузьменко қарсылас қақпасынан саңылау тауып, таблодағы көрсеткішті еселеп кетті. Ойынның 35-ші минутында Егор ойындағы екінші шайбасын салған болатын. Артынша, 37-ші минутта Данила Карабан, 39-шы минутта Александр Борисевич көзге түсіп, есепті 5:0-ге жеткізді.

Алаң иелері бұнымен тоқтап қалған жоқ. Үшінші айналымда Александр ойындағы екінші, ал, Егор үшінші шайбасын салып, есепті 7:0-ге жеткізді. Қарсыластар болса, өткізген жеті шайбасына тек бір шайбамен ғана жауап қайтара алды. Қарсылас команда шабуылшысы Кирилл Ляпунов ойынның аяқталуына санаулы минут қалғанда бір шайба салып үлгерді.

Енді жерлестер 7-сі, яғни, ертең өз алаңында төртінші кездесуін өткізеді. Ал, шешуші ойын – «Барыс» аренада өтеді.

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button