Қазақстандағы университеттер волонтерлік қызметті ескеруі керек пе?
Бүгінде Қазақстандағы университеттерге түсу үшін негізгі талап – Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ). Академиялық көрсеткіштер басты орынға қойылғанымен, талапкерлердің волонтерлік қызметі немесе қоғамдық жобаларға қатысуы көбінесе ескерілмейді. Дегенмен, бұл жеткілікті ме?

Гарвард, Оксфорд, Стэнфорд сияқты әлемнің жетекші университеттері талапкерлерді тек емтихан нәтижелері бойынша ғана емес, олардың көшбасшылық қасиеттеріне, әлеуметтік жауапкершілігіне, қоғамдық жобаларға қатысуына да қарайды. Мысалы, Канадада беделді университеттерге түсу үшін волонтерлік қызмет міндетті шарт болып табылады. АҚШ-та да әлеуметтік бастамаларға белсенді қатысатын талапкерлердің оқуға түсу мүмкіндігі жоғары. Гарвард жыл сайын үміткерлердің тек 5%-ын қабылдайды, және еріктілік тәжірибесі шешуші факторлардың бірі болуы мүмкін.
Волонтерлік қызмет студенттердің жауапкершілігін, командамен жұмыс істеу қабілетін, көшбасшылық қасиеттерін дамытады. Ең бастысы – қоғамдағы мәселелерге бейжай қарамауға үйретеді. Мысалы, экологиялық жобаларға қатысқан жастар қоршаған ортаны ластамау қажеттігін түсінеді. Қарттар үйіне барып, мұқтаж жандарға көмек көрсеткен студенттер адамгершілік пен жанашырлықты бойына сіңіреді.
Егер Қазақстан бәсекеге қабілетті мамандар даярлауды мақсат етсе, талапкерлердің тек ҰБТ нәтижелерін ғана емес, олардың әлеуметтік белсенділігін де ескеруі қажет. Бұл жастардың жан-жақты дамуына, елдің өркендеуіне ықпал етеді.
Мен, Сембі Дайана Ғалымқызы, 11-сынып оқушысымын, болашақта журналистика саласын таңдағым келеді. Халықтың жағдайын қағаз жүзінде емес, шынайы өмірде түсіну маңызды деп есептеймін. Осы мақсатта NewMan волонтерлік клубының мүшесі ретінде түрлі қоғамдық іс-шараларға қатысамын.
2025 жылдың 21 ақпанында Қарағанды қаласындағы Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында әйгілі Dr. Alban және Haddaway тобының концерті өтті. Біз, NewMan волонтерлері, көрермендердің билеттерін тексеріп, оларға білезіктер үлестірдік. Концерт аяқталған соң, гардероб қызметкерлеріне көмектесіп, мыңдаған адамның сырт киімдерін табуына жәрдемдестік.
Бұл тек бір ғана мысал. Волонтерлік – қоғамға пайдалы іс қана емес, өзіңді дамытуға, өмірлік маңызды дағдыларды үйренуге мүмкіндік беретін үлкен мектеп. Сондықтан Қазақстан университеттері талапкерлердің қоғамдық белсенділігін ескеруі керек деп санаймын.



